– Қуаныш, жастардың көпшілігі арман қуып шетел асты. Сіз үшін шетелде білім алудың тиімділігі неде?
– Мен Алматы облысы Қапшағай қаласында өстім. Алматы қаласында мектеп бітіргеннен кейін 2016 жылы Қытайдың Чунцин қаласындағы Southwest University-ге оқуға түстім. Алла қаласа, қытай тілінің маманы боламын. Биыл – оқуды бітіретін жылым. Бұл елді таңдау себебім, Қазақстан мен Қытай серіктес елдер. Қазір Қытай біздің елге бірталай жобаға инвестиция салып отыр. Алдағы таңда бұл елмен барыс-келіс, алыс-берісіміз жиілейтін болғандықтан қытай тілін үйренуге ниет еттім. Тіл білгеннен кейін сол елдің мәдениеті мен тарихына назар аударасың. Қысқасы, тіл білу арқылы жақсы дүниені сіңіремін десең, сен үшін әлем ашық.
– Қазақстан мен ҚХР арасында студенттерді елге қайтару жөнінде екіжақты келісім бар. Сол уақытта басқа студенттер сияқты елге неге қайтпадыңыз?
– Иә, біз тұратын өлкедегі індетке байланысты ахуал күрт нашарлағаннан кейін бір шара жасау керек болды. Студенттерді эвакуациялаудың алдында Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінің қызметкерлері әрқайсымызға жеке-дара хабарласып ескертті. Бірінші хабарласқан кезінде елге қайтуға қарсылығымды білдірдім. Кейін елге қайту жөнінде өзім хабарластым. Ол рейс бойынша ақпан айының 12-сі күні түнде Чунцин қаласынан ұшып, 13 ақпанда Бейжің қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына ұшу керек болды. Бірақ мен Таиландтың Бангкок қаласына билет алып қойған болатынмын. Сондықтан елге ұшатын рейске үлгере алмадым. Шынымды айтсам, жағдайдың бұлай өрши түсетінін білмедім. Оның үстіне жеке қаржылай мәселелер туындап, елге оралудың сәті түспеді.
Осылайша біз білім алып жүрген Чунцин қаласында індетпен ауырғандардың саны күн сайын көбейе түсті. Денсаулығымызды уайымдағандықтан, басқа елге ауысуға тура келді. 14 күніміз Бангкок қаласында өтті. Жергілікті елде жүріп-тұру уақыты аяқталған соң, Вьетнам мемлекетінің астанасы Ханой қаласына тұрақтадық. Жағдай тіптен, ушыққанын түсіндік. Жанымда тағы 3 досым бар. Содан топта бірге оқитын бала екеуміз Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы елшілігіне барды. Елші Ерлан Байжанов бізге көмегін аямады. Дереу арнайы визаны дайындайтын орталыққа хабарласып, барлық құжатымызды ретке келтіріп, белгілі мерзімге дейін ұзартып берді.
– Жаһандық індет алқымнан алып тұрған кезде ол аймақтың қазіргі ахуалы қандай? Тұрғындардың тіршілігі қалай?
– Ханой қаласында бәрі бірқалыпты. Қалада 15 күндік карантин жүріп жатыр. Бүгін төртінші күн... Азық-түлік дүкендері белгілі уақытқа дейін жұмыс істейді. Күндіз де жүріп-тұру шектелген. Кешкісін патрульдік машиналар дауыс зорайтқыш құралдармен сыртқа шықпау туралы ескертулер айтады. Мен тұратын қонақүйдің жанындағы азық-түлік дүкені сағат 16.00-де жабылады. Сақтық шараларын барынша сақтаудамыз. Бір бөлмеде 2 адам ғана тұруға рұқсат етілген. Көршілеріміз өте жақсы. Байқағаным, жергілікті тұрғындар көбінесе ағылшынша сөйлейді. Бастапқыда Таиланд пен Вьетнамға келгенде қытай тілінде сөйлей бастасақ, бастарын ала қашатын. Қытайдан келгенімізді біліп, індет жұқтырғандардың қатарына қосатын болуы керек. «Қазақстан деген елденбіз» десек, тұрғындардың 70-80 пайызы біздің ел туралы білмейді. Тек «Soviet Union» дегенде ғана бастарын шұлғиды. Осыдан кейін шетелде туған еліміздің тарихы мен мәдениетін таныстыратын тыңғылықты жобаларды көбірек қолға алу керек-ау деген ой келді.
Қонақүй ескі қалашықта орналасқан. Көршілеріміздің айтуына қарағанда, бұл қалаға туристер көп келеді екен. Бірақ, дәл қазір саяхаттап жүрген туристердің саны көп емес, тіпті жоқ деуге де болады. Жоғарыда айтып өткенімдей жанымда тағы да 3 бала бар. Соның бірі неміс баласын осы аптада эвакуациялайды. Германия елшілігіне көмек сұрап жиі бара бергендіктен, олар елге қайтуға билет алып берген. Германияда жағдай, тіпті қиын дейді. Оның айтуынша, өзі тұратын елді мекенде мыңнан астам адам індет жұқтырып үлгерген. Соған қарамастан қайтуға бел буды. Енді оған амандық және сәттілік тілейміз! Ал біз елшілікпен WhatsApp желісі арқылы тығыз байланысып тұрмыз. Егер эвакуациялайтын болса, хабардар етеміз деген.
– Бүкіл әлем қашықтан оқыту режіміне көшуде. Осыған байланысты сіздердің ЖОО қандай әдісті қолдануда?
– Біз де онлайн оқыту жүйесіне көштік. Биыл оқуды аяқтайтын жыл болғандықтан, емтихан уақыттары қыркүйек айына шегерілді. Сабақ уақыты әр сәрсенбі күні Бейжің уақытымен таңғы сағат 08:50-де басталады. Интернеттің жылдамдығы өте жоғары әрі жылдам. Естуімше, Вьетнам интернет жылдамдығы бойынша алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Мысалы, интернетке қосылатын тарифтік баға өте арзан. Бір тариф 5000 донг. Біздің валютамен есептесек, 94,5 теңге болады.
– Туған елді сағынып жүрген боларсыз?
– Иә, ата-анамды, үйді қатты сағындым. Үйден кеткелі, міне, 6 айдың жүзі болыпты. Сонымен бірге ауылдағы достарымды да жиі еске аламын. Еліме, жеріме, барша әлем жұртшылығына амандық тілеймін.
Әңгімелескен
Айым БОЛАТҚЫЗЫ