Руханият • 15 Сәуір, 2020

Аю атқан мылтықтың дүмі (Этнографиялық этюд)

175 рет көрсетілді

Зайсан көлінің дәл өкпе тұ­сына шиедей қадалған шағын ауыл бар. Халқы балық аулап күнелтеді. Совет заманында Екі­­бас­тұз көмірін Кереку-Се­мей-Өске­мен арқылы таситын пароход жүріп тұрыпты. Қысқасы, жұрты бай һәм еңбекқор.

Мұны айтып отырған се­бебім, бір топ жан осы ба­лық­ты ауылды бетке алып жор­тып келеміз. Мінгеніміз та­қырлай мүжіліп, екі жыл күнге күйген сүйек сияқты әд­бен тозған жаман – «Мос­квич». Оны кәрі төбеттей ырыл­­датып жү­ріп келеміз. Ал­дында отырған жігіт ағасы ма­засыз. Өскеменде тұратын рэ­кетсүрей інісі қапаста отыр. Соны босату үшін пәлен қап балық керек. Оның өзінде анау-мынау емес, көк айдынның «қасқыры» – көксерке.

Сиыр сәскеде сыпаты құн­тай­жының қамалындай көк қақ­паға тұмсық тіредік. Бұл үйде шаруасы мығым, тір­лігі тоқ, тәртібі бекем ақса­қал тұ­рады. Бір баласы зауыттың үл­кен қа­йығын жалға алып, балық аулай­ды. Бұл олардың жеті атаға жалғасқан кәсібі. Қа­риямен біз бейбақ таныс бол­­ғандықтан, емексіген топ­қа ілесе келген жайымыз бар. Был­­­тыр жеңістің 50 жыл­ды­ғын­да бұл адам туралы жел­пін­­тіп мақа­ла жазғанбыз. Ол арда­­­гердің көңілінен шық­қан...

Хан тақсырға жүгіне келген керуеншілер сияқты та­бал­ды­рық аттаған бойы «ассалауды» төгіп жатырмыз. Текті қа­рия сақалын бір сипап, Сауыр та­уы­­ның құ­зарына байланған ақ­сұр мұздақтай кере қасын қай­шылап қойып үнсіз отыр. Қапаста жатқан рэкетсүрейдің ағасы сөйледі. Шешен адам еді, аузынан шыққан лепесі дәл он­дыққа тік-тік тиіп жатыр. Бай­­­қаймын қарияның қаба­ғына көктемде шығыстан орай соға­тын Қарасайдың жы­лы желі жүгірді. Бәрімізді бір-бірлеп шо­­лып шықты. Ма­ған келгенде «осыларды бас­тап келген сенсің-ау» де­гендей жылы жымиып өтіп кетті.

Шәй ішілді. Балық асылды. Іштік-жедік. Бата жасалды. Ар­­дагер-қария баласын ша­қырды. «Мына жігіттерге ұра­дағы мұзға бастырған көк­сер­ке­лерді бер. Қалағанша алсын!». Баласы бақырайып кет­ті. Ба­сын шай­қады. Біз сасқалақтай бас­тадық. Ақ­сақал көрік кеуде­сін көтерді, манағы қыран қа­ба­ғына ыз­ғар ұялай қапты. Оны ұлы­на бағыштап, – Балам, – деді: «Мыналар мені аю ат­қан мыл­тықтың дүмі» деп келіп отыр емес пе, бес қап ба­лық­тан сенің ри­зығың үзіл­­мей­ді, әрі-беріден соң көл­дегі ба­лықты сен жемдеп, ба­ғып отырған жоқсың, бер!». Соң­ғы сөзі генералдың айбынды бұйры­ғы сияқты саңқ етіп ес­­тілді.

Біз бес қап көксеркені (судак) тиеп алып, жаман «Мос­квичті» мыжырайтып тар­тып отырдық. «Аю атқан мыл­тықтың дүмі». Осы бірауыз сөз ұзақ жыл санамда жаң­ғыр­ды да жүрді.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар