Бизнес технологияға бейім
Бұл бағдарламаның соңғы екі жылдағы экономикалық тиімділігі 600 млрд теңгеден асты. Мемлекеттік қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, қаржы, көлік және тау-кен металлургия секторларына цифрлы технологияларды енгізуде елеулі жетістіктер бар. Цифрлы технологияларды одан әрі нығайту Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті экономикасы үздік 30 елдің санатына қосылуында, халықтың әл-ауқатын жақсартуда шешуші мәнге ие.
«Цифрлы Қазақстанның» кәсіпкерлікке тигізетін пайдасына қатысты бір мысал келтірейік. «Астана-1» ақпараттық жүйесі кеден декларацияларын шығару мерзімін бірнеше күннен
1 минутқа дейін қысқартып, автоматты режімде 1,3 млн декларация өңдейді. Соның нəтижесінде бизнесмендер алтын уақытын үнемдеп қана қоймай, 56,6 млрд ақша үнемдеді.
Бизнес үшін сауда жүргізу жағдайларын жақсартуға және «көлеңкелі» экономиканы анықтауға мүмкіндік беретін «электронды шот-фактуралар», «тауарларды таңбалау» жүйелері іске асырылды.
Әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру бағытында электронды еңбек биржасы табысты жұмыс істеп келеді. Бүгінде жұмысқа орналасу үдерісі екі есеге қысқарды. 2019 жылы электронды еңбек биржасы арқылы 500 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, оның 350 мыңы тұрақты қызметке тұрды.
Сондай-ақ электронды еңбек шарттары іске қосылып, 742 мың электронды шарт жасалды. Былтырғы жылдың қорытындысына сəйкес әлеуметтік еңбек саласында 9,8 млн-нан астам қызмет көрсетіліп, оның 80%-ы электронды форматта ұсынылды. Цифрлы жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыс берушілер мен ықтимал жұмыскерлер 862,2 млн теңге үнемдеді. Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдалану кезінде 292,4 млн теңге үнемделді.
Өндіріс ошақтарындағы озық үрдістер
«Экономика салаларын цифрландыру» бағыты шеңберінде отын-энергетика және тау-кен металлургиялық кешендердегі кәсіпорындарға жоғары технологияларды енгізу жалғасып, технологиялық қайта жарақтандыру Индустрия 4.0 элементтерімен іске асырылуда. Мəселен, мұнай-газ сегментінде Атырау және Павлодар мұнай-химия зауыттары 3 жылдық жөндеу кезеңіне көшіп, соның нәтижесінде шығыстарды қысқартып қана қоймай, қайта өңдеу көлемін жылына орташа есеппен 300 мың тоннаға ұлғайтты. Сол секілді «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» БК ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ «Интеллектуалды кен орны» ақпараттық жүйесін іске қосуда. Бұл электр энергиясы шығындарын 15%-ға дейін үнемдеп, өндіріс жұмысын тұрақтандыруға жол ашады. Бұған қоса кен орындарының орталықтандырылған басқаруды және қашықтан мониторинг жасауды, ұңғымалар мен кәсіптік жабдықтардың жұмыстарын оңтайландыруды қамтамасыз етеді.
Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін жолдағы ақауларды уақтылы анықтау есебінен «Магистраль баж енгізу» жобасы қолға алынды. Қазір магистральды желілер инфрақұрылымының диагностикасы 3 ұтқыр диагностикалық кешендермен жүргізіледі.
2019 жылдың 4 тоқсанында мобильді диагностикалық кешендер арқылы 19 мың шақырымға жуық жолға диагностика жүргізілді. Бұл жолдардың 190 шақырымы талапқа сай келмейтіні анықталды, сондай-ақ 80-нен аса қауіпті жер табылды. Шойын жол учаскелеріндегі қауіпті ошақтар жойылды.
Көлік және логистиканы цифрландыру бағытында ақылы автомобиль жолдары арқылы өту, қалааралық автобус жолаушыларына рəсімделген билеттер туралы деректерді жинау және өңдеуге байланысты «Интеллектуалды көлік жүйесі» жобасы жүзеге асырылып келеді, «Ақылды» көлік жүйесі 3 учаскеде төлем алу жүйесі іске қосылған. Атап айтсақ, Алматы-Қапшағай (42 шақырым), Алматы-Қорғас (295 шақырым) және Астана-Теміртау (134 шақырым) жолдары қамтылды. Көліктік бақылауды автоматтандыру үшін 24 арнайы өлшеу құрал енгізіліп, оның көмегімен былтыр қыркүйек айынан бастап 82 салмақ көрсеткіштерінің бұзылуы анықталды. 8,6 млн теңге көлемінде алымдар мен айыппұл түрінде өндіріп алынды.
Цифрландырудың акселераторы Astana Hub
Бүгінде Astana Hub-та салық, еңбек және визалық жеңілдіктер алуға жағдай жасалған. Стартаптарды дамыту бағдарламалары бар. Тұтастай алғанда, технопаркте 163 IT-компанияны, 700-ге жуық стартап, 17 отандық және шетелдік IT-компаниялардың орталықтары (CISCO, NOKIA, IBM, Microsoft және т.б.) бар. Былтыр осы жерде 530 іс-шара өткізіліп, оған 17 мыңға жуық адам қатысты. 25 халықаралық ұйыммен өзара инновациялық іс-қимылды дамыту шеңберінде ынтымақтастық бойынша меморандум жасалды. Бұл шаралар стартап мәдениетті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға және 2019 жылы отандық стартап жобаларға 18 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік берді.
Жалпы, Қазақстанның ІТ-нарығына тартылған инвестиция көлемі соңғы 2 жылда шамамен 32,4 млрд теңгеге жетті. Келесі кезеңде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне сәйкес, Astana Hub экожүйесіне инновациялық инфрақұрылымның өңірлік объектілерін – технопарктер, инкубаторлар, акселераторлар, инновациялар орталықтары, IT-хабтар, академияның стартапы, коммерцияландыру кеңселері, ЖОО, ҒЗИ және т.б. белсенді ұйымдарды тарту жоспарлануда.
Мемқызметтің жұмысын жеңілдетеді
Жалпы, цифрландыру ең қарқынды енгізілген бағыттардың бірі ретінде мемлекеттік қызмет көрсетуді айтуға болады. Мәселен, мемқызмет тізіміне енгізілген 723 қызметтің 580-ін, яғни 80,2 пайызын электронды форматта көрсету мақсаты алға қойылып отыр. Оңтайландырудың нәтижесінде қолданылатын құжаттар шамамен 30%-ға азайып, оған кететін уақыт 3 еседей қысқарды. Экономикалық нәтиже 8,4 млрд теңгеден асты.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру шеңберінде мекемелердің 97,5%-ы компьютерлік техникамен жабдықталып, 100% интернет желісіне қосылды. Қазіргі таңда ел халқының 95 пайыздан астамының электронды денсаулық паспорты бар.
Қабылданған шаралар медициналық қызмет сапасын жақсартуға əрі дәрігерлердің еңбегін жеңілдетуге əсер етті. Электронды сервистер арқылы алдын ала жазылу арқылы емханаларда «жанды» кезектер 30%-ға азайып, емделушілердің емханада сарылып күтетін уақытын екі есе қысқартты.