Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша дүние жүзіндегі ең беделді университеттердің оқулықтары шет тілдерінен қазақшаға аударылып, студенттерімізге әлемдегі үздік ЖОО-ның таңдаулы үлгілерімен білім алуға мүмкіндік туды. Қазірдің өзінде 42 кітап «қазақша сөйлеп тұр», қалаған адам оқулықтарды kitap.kz электронды ашық кітапханасынан тауып, оқи алады. Аударылған кітаптар бизнес, менеджмент, дипломатия, философия, халықаралық құқық, маркетинг, әдебиет, тіл, өнер, педагогика, психология, әлеуметтану, медиа, экономика, тарих, дін, философия әлемін қамтиды. Оқулықтар республика бойынша 130 ЖОО-на таратылды.
Осы бір үлкен істі ұйымдастырып отырған үкіметтік және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының өкілдері аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түскенін мәлімдеді. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылға 18 оқулық таңдалды. Жоспарға сай, бұл оқу құралдары қазақ тіліне аударылып, ЖОО-на тегін жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілді.
Дәл осы 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында өткен 18 оқулықтың таныстырылымына Елбасы Н.Назарбаев арнайы қатысқан болатын. Сондағы сөзінде Н.Назарбаев:
– Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алады, – деді. Сондай-ақ осы отырыста Елбасы Үкімет пен Ұлттық аударма бюросына аталған жобаны одан әрі жетілдіріп, жоспарға сай жүйелі және жемісті жүзеге асыруға тапсырма берген болатын.
Қазіргі таңда 26 кітап аударылып жатыр. Олардың қатарында кино, эстетика, заң, антропология, этнология, экономика, музыка, қаржы, театр, статистика, саясаттану, медиа саласына қатысты таңдаулы оқулықтар бар. Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар мен редакторлар, жалпы саны 300-ге жуық маман қатысуда. Мәтіндер әдеби және ғылыми редакциялаудан өтеді. Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасының Қазақстанда бұрын-соңды іске аспағанын ескерсек, 100 оқулықтың гуманитарлық сала мамандары үшін алтын қор болатыны ақиқат.