Білім • 15 Сәуір, 2020

100 жаңа оқулық – алтын қор

339 рет көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елімізге инженерлер мен дәрігерлердің ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандарының да ауадай қажет екенін айтты. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманауи білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды. Осы міндетті іске асыру мақсатында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды.

Аталған жоба аясында алдағы бір­неше жылда гуманитарлық білім­­нің бар­лық бағыты бойын­ша дү­ние жү­зін­дегі ең беделді уни­вер­ситет­тер­дің оқу­лықтары шет тілде­рінен қазақшаға ауда­рылып, студент­те­рі­міз­ге әлемдегі үздік ЖОО-ның таң­даулы үлгілерімен білім алуға мүм­кіндік туды. Қазірдің өзін­де 42 кітап «қазақша сөйлеп тұр», қа­ла­ған адам оқулықтарды kitap.kz элек­тронды ашық кітапханасынан тауып, оқи алады. Аударылған кітаптар биз­нес, менеджмент, дипломатия, фи­ло­софия, халықаралық құқық, маркетинг, әдебиет, тіл, өнер, педагогика, психология, әлеуметтану, медиа, эконо­­мика, тарих, дін, философия әле­мін қамтиды. Оқулықтар республика бо­йынша 130 ЖОО-на таратылды.

Осы бір үлкен істі ұйымдастырып отыр­ған үкіметтік және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының өкілдері аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түскенін мәлімдеді. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басы­лы­мы кейінгі 3 жылда шыққан, маз­мұн­дық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жыл­ға 18 оқулық таңдалды. Жоспарға сай, бұл оқу құралдары қазақ тіліне аударылып, ЖОО-на тегін жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бас­тап жоғары білім беру жүйесіне ен­гі­зілді.

Дәл осы 2018 жылдың алғашқы жарты­­жылдығында өткен 18 оқулық­тың таныстырылымына Елбасы Н.Назар­баев арнайы қатысқан болатын. Сон­дағы сөзінде Н.Назарбаев:

– Жастарымыз жоғары ғылыми стан­­дарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұра­тын үздік оқулықтардың ауқымды тізі­­мін әзірледік. Ұлттық аударма бюро­сы құрылып, жұмысына кірісті. Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітап­ха­на. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқ­ты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шыға­рыл­ғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алады, – деді. Сондай-ақ осы отырыста Елбасы Үкімет пен Ұлттық аударма бюросына атал­ған жобаны одан әрі жетіл­діріп, жос­­парға сай жүйелі және же­місті жү­зе­ге асыруға тапсырма берген бола­тын.

Қазіргі таңда 26 кітап аударылып жатыр. Олардың қатарында кино, эсте­тика, заң, антропология, этнология, экономика, музыка, қаржы, теа­тр, статистика, саясаттану, медиа сала­сы­на қатысты таңдаулы оқулықтар бар. Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдың­ғы қатарлы оқу орындарының оқыту­шы­­лары, білікті аудармашылар мен редак­торлар, жалпы саны 300-ге жуық маман қатысуда. Мәтіндер әдеби және ғылыми редакциялаудан өтеді. Мұн­­дай ауқымды ғылыми аударма жоба­сы­ның Қазақстанда бұрын-соңды іске аспағанын ескерсек, 100 оқу­лық­тың гуманитарлық сала мамандары үшін алтын қор болатыны ақиқат.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар