Экономика • 15 Сәуір, 2020

Шаруаға керек шынайы көмек

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісі нақты көрсеткішке ие болып отыр. Әсіресе жер игерген диқан мен төрт түлік басын көбейткен малшы қауымына жасалған қолдау өз нәтижесін беріп келеді.

Шаруаға керек шынайы көмек

Оның бір дәлелі ретінде аумақтағы сервистік-дайындау орталықтарының құрылуын айтуға болады. Қазір облыста агросаланың аяққа тұруы үшін ашылған мұндай орталықтардың саны елуден асты. Биылдың өзінде 6 сервистік-дайындау орталығы құрылды. Мұндағы мақсат облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кооперациялау, машина-трактор парктерінің техникаларын жаңарту және жаңа жұмыс орындарын ашу, сол арқылы ауыл халқының тұрмысын жақсарту болып отыр. Мәселен, 2011 жылдан бері 45 сервистік-дайындау орталығы құрылған. Соның ішінде 29 сервистік-дайындау орталығы қант қызылшасы бағыты бойынша, 7 сервистік-дайындау орталығы дәнді дақылдар, 3 сервистік-дайындау орталығы картоп және көкөніс, жүгері, күріш, мал азығын дайындау бағыттары бойынша жұмыс істейді. Қазір бұл орталықтар облыстың 13 өңірінде жұмысын бастаған. Оларға лизингке 1 116 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдық берілді.

Сонымен қатар аймақта 250 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтарын біріктіруге мүмкіндік жасады. Нәтижесінде 12 700 жаңа жұмыс орыны құрылса, соның 700-і тұрақты, 12 мыңы маусымдық жұмыс орыны екен. Сервистік-дайындау орталықтары жыл сайын 850-900 шағын және орта санаттағы шаруа қожалықтарына қызмет көрсетіп, аудандардағы 28 мың гектар егіс алқабын өңдеуге үлес қосып отыр. Ал биыл құрылған 6 сервистік-дайындау орталығы дәнді дақылдар, күріш және мал азығы бағыттарында жұмыс жүргізбек. Орталықтарға қажетті 86 бірлік техника сатып алу үшін жалпы сомасы 1,1 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Қазірдің өзінде Ескелді, Көксу, Балқаш, Қаратал, Райымбек, Кербұлақ аудандарының шаруалары сервистік-дайындау орталығының көмегіне иек артып отыр.

Жалпы, биыл аймақта ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға ұлғайып, 966,5 мың гектарды құрайды. Қазір 157,4 мың гектардан астам жер жыртылып, 51 мың гектарға дән егу аяқталған. Ал «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 548 шаруа қожалығының иелігіндегі 14,2 мың гектар алқапқа қажет жоғары сұрыпты қант қызылшасының тұқымын сатып әперіпті. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын несиелеу үшін «Аграрлық несие» корпорациясы жыл басынан бері 13 диқанның өтінішін мақұлдап, 167,1 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін берген екен.

 

Алматы облысы