Руханият • 15 Сәуір, 2020

«Online кітапхана» жобасы жалғасуда

1092 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана «Online кітапхана» жобасын жалғастыруда. Жобаның кезекті онлайн дәрісі «Кiтапхана және ақпараттық қоғам» тақырыбына арналды. Онлайн кездесуге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Ғылыми ктапханасының директоры Бақытжан Оразалиев қатысты.

«Online кітапхана» жобасы жалғасуда

Бақытжан Оразалиев кездесу барысында қазіргі таңда кітапхана саласының дамуы, оның ақпараттық қоғамда алар орны және цифрлық технологияның кітапханаларға әсері, электронды кітапханаларға сұраныс қандай болу қажеттігі жөнінде әңгімелеп берді.

Шараны «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, IT технология саласының маманы, ақпараттық жүйелер бойынша маркетолог Нұржан Жолдыбалинов жүргізді. Ол бүгінгі қазақстандық кітапхана алаңындағы түрлендірілген ақпараттық бренд болып саналатын Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхананы жасаушылардың бірі.

Сонымен қатар, кеше айтыскер-ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мейірбек Сұлтанханмен «Кісіліктің кілті кітапта» атты онлайн кездесу өткізілді. Ақын кездесу барысында қазіргі айтысқа байланысты өз ойын айтып, өлеңдерін оқыды. Онлайн көрермендердің сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы оқырмандарға келесі қызметтерді онлайн көрсетеді. Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана – ҚазҰЭК www.kazneb.kz 24/7 режімінде қызмет көрсетеді. Порталды әлемнің 100-ден астам елінен пайдаланушылар қолданады және таңдаған құжаттарын онлайн түрде оқи алады. Айта кету керек, Қазақстаннан басқа порталға Ресей, АҚШ, Қытай, Түркия елдерінен пайдаланушылар көптеп кіреді. «Кітапханашыға сұрақ» виртуалды анықтама қызметі – барлық тақырыптық бағыттар бойынша ақпарат іздеуге байланысты ҚР ҰАК-ның қашықтықтағы пайдаланушыларына арналған онлайндық анықтамалық-библиографиялық қызмет көрсетеді. Аталған қызметтер күнделікті қабылданады және түскен ретімен 3-5 күнде орындалады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының ауқымды онлайн жобаларымен, қордағы сирек және құнды қолжазбалармен, Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы мен Балалар кітапханасының онлайн жобаларымен таныстырып, кітап оқуды әлеуметтік желілер арқылы жиі насихаттауды қолға алып жүр.