Қазақстан • 15 Сәуір, 2020

Ауылдың телефоннан ажырап қалмауына назар аударды

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған заң жобасы қаралып, депутаттар оның кейбір нормаларына келіспейтіндерін білдірді.

Ауылдың телефоннан ажырап қалмауына назар аударды

Депутат Айзада Құрманова заң жобасында ауылды елдімекендер бойынша әмбебап қызметтерді субсидиялауды алып тастау ұсынылғанын, бұл норма ауыл тұрғындарын бірден-бір байланыс құралы – үй телефонынан ажырататынын алға тартып, аталған жағдай бойынша жиынға қатысып отырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтың ойын сұрады.

Асқар Жұмағалиев бұл ескертпенің орынды екенін, 2004 жылы қолға алынған жұмыстардың арқасында елді мекендердің көбі телефон байланысымен қамтамасыз етілгенін және дәл осы субсидия жүйесімен алдағы уақытта ауылдарға интернет тарту көзделіп отырғанын жеткізді.

Осыған сәйкес Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Төрағасы ауылдық телефон байланысына қатысты Үкімет ұсынған заң жобасындағы норманы қайта қарау керектігін айтты.

– Шынын айту керек, қазір ауылды жерлер ғана емес, қаланың өзінде интернет байланысы нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда көптеген ауылда бір ғана сапалы байланыс бар шығар. Ол – телефон байланысы. Қазіргі уақытта оған айына 670 теңге төленеді. Егер екі-үш есеге өсетін болса, халық оны қалай төлейді?! Оны неге ойламасыздар? – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасы заңның бұл нормасына қатысты «Қазақтелеком» компаниясынан анықтама алғандарын айтты. Мәлімет бойынша аталған норма күшіне еніп кетсе, 630 мың абоненттің телефон тарифі өседі. Бұл – ауылдағы абоненттердің 98 пайызы. Осы жағдайда коммуникацияның басқа баламасы болмағандықта, ауыл тұрғындары жалғыз байланыс құралынан айырылады.

Алайда Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ауылдағы телефон байланысы үшін төлем қымбаттамайынын, себебі республикалық бюджет есебінен бұл бағытта алдағы үш жылда 8,5 млрд теңге көзделгенін, субсидиялау схемасы бұрынғыша қала беретінін жеткізді. Сондықтан Үкімет басшысының орынбасары дау тудыратын норманы заң жобасынан алып тастау қарастырылғанын айтты.

Жиын барысында заң жобасы бойынша талқыланған мәселелер ескеріліп, екінші оқылымға дейін пысықталатын болды.