Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев 15 сәуір күні таңертең «16 сәуірден бастап облыста карантиндік шаралар одан әрі күшейтілетінін, Орал қаласындағы барлық қоғамдық көлік – автобустар қозғалысы тоқтап, барлық банк бөлімдері, Қазпошта бөлімшелері жұмысын уақытша тоқтататын айтқан болатын. Осы хабардан кейін азық-түлікті көтерме сататын сауда орындарында, банк бөлімшелерінде халық көп жиналып, кезек пайда болған.
Облыстық жедел штабтың отырысынан кейін карантин шараларының өзгерісі нақтыланды: екінші деңгейлі банк ұйымдары қызметін жалғастыратын болды. 17 сәуірден бастап олардың қызмет көрсету уақыты 9.00.-16.00. сағат аралығында болады.
-Халыққа төленетін барлық әлеуметтік көмек, жәрдемақылар, зейнетақылар толығымен төленеді, заңды тұлғаларға несие алу, т.б. қызмет жасала береді, тек жеке адамдарға несие беру уақытша тоқтатылады. Ал азық-түлік өнімдерін сататын базарлар 18-сәуірден бастап уақытша жабылады, - деді Мұхтар Манкеев.
16-24 сәуір аралығында тұрғындар мен жеке көліктердің қозғалысы шектеледі. Қоғамдық көлік бір аптаға тоқтайды. Күшейтілген карантин режімінде жүріп-тұруға рұқсат берілген адамдардың тізімі www.stopcovid.kz сайтына тіркеледі. Күшейтілген карантин режімінде жұмысын істей беретін кәсіпорындар мен мекемелерде қызмет ететін тұрғындардың жұмысына барып-келуін жұмыс беруші ұйымдастыратын болды.
-Қала аумағында орналасқан барлық блок-бекетте ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің, көктемгі егіспен айналысатын шаруалардың тізімі бар, олардың жүріп-тұруына кедергі болмайды. Кез келген мәселе бойынша біздің жедел штаб жауап беруге әзір, - деді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.
Сондай-ақ медициналық мекемелердің, дәріханалардың, коммуналдық мекемелердің, наубайханалардың, т.б. күнделікті тіршілікті қамтамасыз ететін мекеме-ұйымдардың жұмысы жалғаса береді.
Батыс Қазақстан