Руханият • 16 Сәуір, 2020

Ырысымыз – ынтымағымызда

571 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекетіміздің беделді бас газеті «Egemen Qazagstanda», артынша барлық басылымдар мен негізгі сайттарда кең көлемде жарық көрген «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды мақаласы дер кезінде айтылған өткір сөз, қуаты күшті үндеу болды деп санаймын.

Ырысымыз – ынтымағымызда

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақстаннан тартып күллі дүние дағдарып қалды. Отбасымыздан отаны­мызға дейін, әулетімізден әлемге дейін әбігерге түсіп жұрт әрі-сәрі күй кешіп мұңайып қалып еді. Осын­дай ауыр шақта Мемлекетіміз бүгінгі тех­ноло­гия­лық мүмкіндігімізді, меди­ци­налық жетіс­тіктерімізді, қаржы-қаражат, әскери адам күші арқылы бұл төніп келген апаттың бетін қайтаруға жедел кірісті. Шұғыл шаралар қолданып, алдын алуға бар күшімізді жұмылдырды. Денсаулық сақтау министрлігі алдымен «А» жоспарын, артынан «Б» жоспарын іркес-тіркес іске қосты. Егер мәселе ұлғайып, оқиға етек алып бара жатса, келесі «С» жоспарын да енгізетінін ашық айтты. Ал әзірге шүкір, жағдай «С» жоспарына кірісетін шекке жеткен жоқ. Мұның өзі бұл індетке алдын ала сақадай сай даярланып, қарсы шаралар қолдану арқылы болып отыр. Осының бәрінің артында Елбасының нұсқаулары пен ақыл парасаты көрініп тұр. Міне, сонң нақты айғағы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласының жариялануы дер едім. Мақалада айтылған жағдайдың бәрі өте жоғары дәлдікпен, шынайы түрде ортаға салыныпты. Менің есімде, осыдан бірнеше жыл бұрын әлдебір оппозициялық топ өкілдері: «Ұлттық қорды неге жамбасқа басып тығып отырмыз? Егер оны дәл қазір халыққа таратып берсек, әр адамға 17000 теңгеден айналар еді!» деп, оны биліктің кемшілігі ретінде атап, ұрандаған болатын. Сол ұранның тар өрістіліктен, алысты көре алмаушылықтан туғанына көзіміз жетіп отыр. Егер сонда 17 мың теңгені үлестіріп тастағанда, ол таландыдан түскен малдай құмға сіңіп жоқ болар еді. Сол қорымыз одан беріде қосылып отырып, мол қазынаға айналды. Ел үйден шыға алмай, жұмыс орындары жабылып, халық қарап қалғанда Ұлттық қор іске қосылды. 17 мың теңге емес, онан да көп болып халықтың қолына тиіп жатыр. Онан өзге азық-түлікке, медициналық құрал-жабдықтарға, өзге де құтқару жолына жұмсалуда. Бүгінгі таңдағы мұнай бағасы түсіп, экономикалық қаржы дағдарысы туындаған алмағайып кезде Ұлттық қор іске қосылды. Дәл осы бір мәселенің өзі Елбасының алысты ойлайтынын, көкжиекті көре білетінін алғаусыз дәлелдеп берді. Мақаладағы мына айтылған мәселе сөзіміздің мәйегі: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы са­ласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақтылы мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономика­дағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді» деп, атап өтті. Бұл сөз ешбір алып-қосары жоқ шындық. «Адамдар бір жылдығы үшін егін егеді, жүз жылдығы үшін ағаш егеді, мың жылдығы үшін ұрпақ тәрбиелейді» деген, дана сөз есіме орала береді. Қарап отырсаңыздар, «егін егу», «ағаш өсіру», «ұрпақ тәрбиелеу» біздің Елбасының күн тәртібінен бір түспеген екен. Халық аш қалмасын деп ауыл шаруашылығы мен өндірісті, кәсіпкерлік пен сауданы дамытты. Экономикамыз бен экологиямызды күшейту үшін қор топтады, азынаған бораны мен аязы буырқанған астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының айналасына орман белдеуін отырғызып жасылдандыруды ел бойынша жалпыластырды. Мыңжылдық мәңгілігіміз үшін «Болашақ» бағдарламасын бас­тап, мыңдаған шәкірттерді мемлекеттік қазынадан қамдап озық білім мен жоғары технологияны игертті. Осының бәрін Елбасымыз істемегенде кім істеді деп ойлайсыздар?.. Міне, қазіргі таңдағы тар кезең қыспаққа салып, «тәжвирус» тап беріп, жау жағадан, бөрі етектен алып апшымызды қуырып бара жатқан шақта сол ақыл-парасаттың нәтижесінде жинақталған құндылықтарымыз іске қосылып еліміздің еңсесін көтеріп, жұрт­тың жүрегін тыныштандырды. Халық­ты үрейлену мен дүрлігуден сақтап, болашаққа, ертеңге деген үмітін оятып, сенімін күшейтті.

Жайшылықта бұл адам баласы байлық, билік үшін арыстандай алысып жолбарыстай жұлқысуға дейін барады. Анау алпауыт елдер әлемнің тізгініне таласып жақындап келіп жағаласып, қалтарыстан шығып тобықтан қағып, тасада жатып тас лақтырып дүрлігісіп жатар еді. Мынандай адамзатқа ортақ апат, тілсіз жау төніп келгенде, бәрін қайырып жер бетінің тыныштығы мен әлемнің амандығына жұдырықтай жұмылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осындай күрделі кезеңді көре біліп, өз ойын былайша жеткізеді. «Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде» деп, бар шындықты баршаға жеткізді. Бұл індет адам таңдамайды, бай мен кедейді, арық пен семізді, хан мен қарашаны ажыратып жатпай-ақ байқаусыз жерден жармаса кетеді екен. Ол тіпті ұлт та таңдамайды, сенікі-менікі деген жоқ. Жер шары – ортақ үйің, мемлекет – киелі шаңырағың. Сенің амандығың – оның амандығы, оның амандығы – сенің амандығың! Қазақстандағы жүзден аса ұлт өкілі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осынау қиын кезеңде керіспей, тебіспей тең қимылдауға тиіспіз. Тек бұл кезде ғана емес, өмір бойы осылай қол ұстаса тіршілік етуге тиіс екенімізді тағы бір рет түсіндірді. Сондықтан да, әлем бірлесуге, жұрт жұмылуға тиіс. Баяғы дүниежүзілік бірінші, екінші соғыстағыдай атойлап алға ұмтылатын шайқасқа ұқсамай­ды. Топтасып, шоғырланып шоқтай жану­ға болмайды. «Бұл соғыстың» аты –салғыласу емес, сақтану. Атойлап ату емес, «окопта» тыныш жату. Өршеленіп барып жауыңды таптау емес, қымтанып жатып тәртіпті сақтау. Елбасымыз бұл жағын да қағыс қалдырмай Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген дана сөзін алға тартыпты.

«Біздің ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп, нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айырықша көңіл бөлінді» деген Елбасы адам мәселесін тағы да жұрттың жадына салып ескертеді. Сол үшін де Елбасының нұсқауы, Прези­дент­тің нақты тапсырмасы бо­йынша ауру­­мен бетпе-бет кездесіп отырған меди­­цина қызметкерлерінің айлық жалақы­­сын көтеріп олардың өмірін елеп-ескеріп сақтандырып отыр. Өйткені олар халықтың қайғысын сейілтуге, бар­шаның бас амандығын қорғауға барын салуда, арпалысып алдыңғы шепте жүр.

«Көл толқыса, көбігі бетіне шығады, ел толқыса, тентегі шетке шығады» деп, халық болған соң тіректі күш, тегеурінді қайрат берер қаймағы да бар, көршінің үйі өртенсе, жанған отына шай қайнатып алғысы келіп тұратын орай­шыл сайғағы да бар. Ол туралы Елба­сы жұрт мінезін де дөп баса айтыпты: «Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезде ел ішіне үрей таратып, байбалам салушы­лар өз мүддесіне пайдалануға тыры­сады. Мен халықты әртүрлі сондай азғы­рынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын» дейді ағынан жары­ла әділ сөз айтып. Ондай жағдай бо­лып та жа­тыр... Онымен құқық қорғау қыз­мет­кер­лері айналысып, халықтың көзін ақ пен қараға жеткізуде. Осылайша мем­ле­кет­тің орнықтылығына қызмет етіп жатыр.

«Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі», депті Елбасы сөзін әрі қарай жалғап. Мемлекет бойынша біртұтас қимылдап, жұдырықтай жұмылуға шақырады. Мемлекет билігі ұйымдастырушы күш, экономикалық берік тұғыр екені рас. Десек те, халық қарап қалуға, бейберекет сапырылысуға болмайды. Бәрі тәртіппен, сақтықпен, саналы түрде өзіне, отбасына жауапты. Отбасылардың амандығы мемлекетіміздің амандығының кепілі. Жуықта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай жарияла­ған кездегі сөзінде мемлекеттің тәуелсіздігі қазақ­стан­дықтардан басқа ешкімге керек емес. Біз күрделі тарихи кезеңге тура кел­дік. Тәуелсіздігімізді сақтап, оны бекем­деп ұрпаққа аманат ету бәріміздің ортақ борышымыз екені қадап тұрып айтылды. Міне, Елбасы мен Президенттің ойының да, мақсатының да бір нүктеде тоғысып жатқанын осылай түсінуімізге болады.

Кез келген ұлт пен мемлекеттің басында ұйытқы болар тұлға, ұйымдастыра отырып бастай білетін көсем керек. Онсыз бағытымызды тауып, жауымызды жасқап, досымызды танып шығар жол таппас едік. Елбасы өз сөзінде атақты гуманист, дәуір бөлгіш дара тұлға, Үнді халқының тәуелсіздік таңы болған Махатма Ганди туралы тіліне тиек етіп, оның: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек», деген нақылға айналып кеткен нақты тұжырымын есімізге салады. Биыл басталғанына үш жыл болып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да өзімізді өзгертудің ең ұтымды жолы болатын. Үш жыл бұрын алға қойылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бірінші кезең десек, онан соңғы «Ұлы даланың жеті қыры» екінші кезең еді. Ол кездерде қалам иесі болған біз де үн қосып баспасөзде ашық пікірімізді білдіріп, зиялы жұрт атынан елді ортақ мақсатқа шақырғанбыз. Онан кейінгі екінші Президентіміздің өткен жылғы халыққа Жолдауы, оған ілесе хакім Абайдың 175 жылдығына орай жариялаған мақаласы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласы «Рухани жаңғырудың» үшінші кезеңі дер едім. Мұның бәрі салалас, сабақтас, берік идеология деп айтар едім. Демек, ұшы-қиыры көрінбейтін айдын-шалқар теңізде кемемізбен кетіп барамыз. Бір шүкір ететініміз, ол кеменің адастырмас капитаны бар, біз оған сенеміз!

Жоғарыда айттым, Елбасының әр кездегі Үндеулері мен Жолдауларына дер кезінде пікір білдіріп артымызда отырған оқырмандарымызға, бізден лебіз күтіп отырған қарапайым жұртқа жақсылап түсіндіріп келдік. Шама-шарқымызша ой қосып ұлттарды ынтымаққа, татулық пен тұтастыққа шақырдық. Елбасы бұл жолғы сөзінде тағы да: «Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: Халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер»  деді. «Елбасы біреу, халық оған тіреу» дегендей, бұл айтып-айтпай біздің міндетіміз. Жазушылар бейбітшілік пен тыныштықтың арқасында ғана ойларын көркемдеп көпке жеткізе алып отыр. Ал жастар болса, осы тәуел­сіз­діктің жемісімен, арқасын кеңге салып өсіп келеді. Олар мемлекеттің тікелей қамқорлығы болғандықтан ғана білім алып, біліктіліктерін көтеруде. Ендеше мынандай қиын кезде елдің ертеңіне қызмет етпей не істемек! Сондықтан Елбасы «жас өскіндерге» жақсы сөзін арнап, оларды шабыттандыра отырып ертеңгі болашақтың иелері екенін естеріне салыпты. Тыныштық болғандықтан ғана жұрт алаңсыз жұмыстарымен айналысып, кәсіпкерлер сауда-саттығын жасай алады. Олардың ақша табуына, қуаттана түсуіне ел саясаты мен тұрақтылық кепіл. Сондықтан да Елбасы кәсіпкерлерге бағыттай байыпты пікір айтып, оларға ой тастайды. Бүгінгі таңда Елбасы үндеуіне үн қосқан көптеген кәсіпкерлер ауруға қарсы күресте өздерінің қыруар қаржысын ұсынып, ұлттың болашағына дем беруде.

Қарап отырсақ, дамыған 30 елдің қатарына өтуде, кемелденген мемлекетке айналудың өзі де халықтың амандығы мен денсаулығына тікелей байланыс­ты екен. Осыны терең сезінген Елбасы атал­ған үндеуінде: «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар», деген парасатты пайы­мын халық санасына сіңіре отырып нақтылап кетіпті.

Президенттің жаңа Үндеуінің өзі күллі қазақстандықтарға, түсінген адамға жеткілікті дүние дер едім. Десе де, осы елдің бір азаматы болғанымыз үшін, қолымызға қалам алған жазушы деген атымыз болғандықтан ой-пікірімізбен бөліспей тағы тұра алмаймыз. Мемлекетті құраушы қазақ халқымен бір аспанның астында, бір топырақта тең жасап келеміз. Өмірдің қызығы мен қиындығын бір көріп отырмыз. Әр адамның маңдайына жазылатын тағдыр бар. Сол секілді әр халықтың да маңдайына жазылған тағдыр бар. Оны ешкім сызып тастай алмайды. Біз мәдениетіміз бен әдебиетіміз тығыз араласып кеткен «Төсекте басымыз қосылған, төскейде малымыз қосылған» түркінің тармақтарымыз. Осыдан бұрын бір сұхбатымда айтқанымдай, өзбек халқында «жолдасың қазақ болса, жолда қалмайсың» деген сөз бар екен. Біздің ұйғыр халқында «көршің қазақ болса, ұйқың тыныш болады» деген мәтел бар.

Иә, мен солай айтқанмын, бүгінде сол лебізімді қайталасам, еш артықтық етпейді. Қазақ халқы бізге керек болғаны секілді, біз де қазақ халқына керекпіз. Бүгінгі болып жатқан тарихи сабақтар, ашық айтсам, коронавирустың бізге беріп тұрған сабағы немесе өзіндік «дәрісі» бар. Ол болса, «Адамзаттың арма­ны ортақ, мақсаты бір. Дүниені теке­тірес жанжалдар емес, бірлік пен сүйіс­пеншілік қана құтқарады». Мақала­ның өн бойында салмақты ойлар, сали­қа­лы пікірлер өте мол. Тұтас қоғам талқы­лап, қолдап, сарап­тап жатыр. Біз де басымызға келіп, жаны­мызға нұр болып сіңген тұстарына пікір білдірдік. Сөзімнің соңын Елбасы­ның қорытынды сөзімен аяқтағым келіп отыр. «Біз біргеміз. Қиындыққа қайыс­пай, белімізді бекем буып, береке-бірлігі­мізден айырылмайық. Сонда ғана біз қас­терлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақ­стан­ды «Мәңгі ел» болуға лайықты ете аламыз»

 

Ахметжан АШИРИ,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері