– Әжемнің туған жері Ұлан-батыр. Ал мына құмыраны ертеде сол жақтан келген інісі сыйлапты. Мұны әжем маған мұрагерлікке берді, – деді келін бала.
– Әжең қайда тұрады?
– Ақмола облысы, Ерейментау ауданында.
– Аты кім?
– Хасенова Роза Абаевна.
* * *
Түсінікті. Бала кезімізде үлкендер көп айтатын мына бір әңгіме санада жаңғырды. 1930 жылдары Қобда беті (Моңғолия) қазақтарына жаңа мизам заңын үйретіп, ізгі жолға (коммунизм) салу үшін Қазақстаннан коминтерн өкілі Абай Қасымов келіп, ел арасында бірнеше жыл үгіт-насихат жүргізген. Ол кісі Қобданың кең қойнауында қоңыр қойдай жайылып, Мағжанша айтқанда, «Ұйқы басқан қабағын, Бастыра киген тымағын, Жалқаулықты жар көрген, Жүрген ескі заңымен, Алдындағы малымен, Бірге жусап, бірге өрген...» қазақты тың сүрлеуге салуға күш салған сыңайлы.
Абай Қасымов – 1896 жылы Жаркентте туған адам екен. Әуелі Іледегі «Байтолла» медресесін бітірген. 1918 жылы кеңестік қызыл идеологтердің назарына ілігіп, дереу Мәскеуге оқуға жіберілген. Одан кейін коминтерннің белді өкілі ретінде Қобда бетінен бірақ шыққан.
Мұндағы қазақтар арасына Абайдан бір жыл бұрын КИМ (Коммунистический интернационал молодёжи) өкілі болып тегі өскемендік қазақ азаматы Шәріп Өтепов келген болатын. Осы оқиға жайлы жергілікті ақын Мыса Рақымбайұлы:
Уәкіл болып келіпті Абай –
Шәріп,
Қолына коминтерн
жолхат алып,
Моңғолда тұратұғын
аз қазақты,
Беретін төңкерістік
жолға салып,
– деп жырлапты. Таңданарлық жай Абай мен Шәріп қу медиен өлкеге өздерімен бірге әйелдері Ташинке мен Дилнұзды бірге ала келген.
Бұл бір аумалы-төкпелі заман-тын. Қазақтардың қазіргі ұлттық әкімшілік орталығы Бай-өлке аймағы әлі құрылмаған, халық Қобда аймағының құрамында болатын. Сонымен қатар Кеңес елінің басшылары социализм жолына беттеген Моңғолияға ықпалын күшейту үшін елдің түкпір-түкпіріне коммунистік идеологияны бойына сіңірген жанкештілерді жіберіп жатқан кез. Осы мақсатпен Қобда бетіне келген коминтерн өкілі Абайдың жары Ташинкенің аяғы ауыр екен. Кешікпей ол босанады. Бірақ сәбиі шетінеп кетеді.
Бұл оқиға жайлы кейін Шәріп Өтепов өзінің өмірбаяндық хикаятында: «Мен демалысқа кеткенде досым Абай Қасымовтың әйелі босаныпты. Абай мен Ташинке жас нәрестеге төбелері көкке жеткендей қуанады. Бірақ бір айдан кейін бала қайтыс болады. Баладан айырылу оңай ма? Мен келгенде олар қатты қайғы үстінде екен. Абайды еш нәрсемен жұбата алмадық, ол сырқаттанып қалды. Абайдың көңілін немен аулау керек, қалай жұбату керек? Біздің көңіл күйіміз пәс болды. Осындай қиын шақта бізге моңғолдық достар көмекке келді.
Абай, Шәріп, Дилнұз, Ташинке! Сіздер біздің шын достарымызсыздар, біз үшін көп жақсылық істедіңіздер. Шын жүректен алғыс айтамыз. Біз құрметті Әбекең мен Ташинкені жұбатуға келдік. Сіздердің араларыңыздан кеткен сәби сіздердікі емес біздікі, ал мынау Оңалхан сіздердің қыздарыңыз болсын! Бала етіп алыңыздар! Ол қайғыларыңызды сейілтіп, көңілдеріңізге демеу болсын! Біз сіздерге шынайы достық көңілмен келіп отырмыз, біздің тілегімізді қабыл алыңыздар, – деді Түркістан мен оның зайыбы қызыл отаудың белсендісі, сүйкімді жас келіншек Күміс. Сөйтіп олар өзінің бір жасар Оңалхан деген қызын Абайдың қолына берді. Абай сәбиді қатты құшақтап сүйіп, бауырына басып, біресе жылап, біресе күлді. Біз отырған киіз үйдің ішіне жарық сәуле енгендей болды. Қазақтарда біреудің баласын бауырына басу, көбінесе жақын туыстардың арасында болатын, ол туыстасудың, қандас туыстықтың ең жоғарғы көрінісі болып саналатын. Біздің жолдастарымыз – Түркістан мен Күміс біздің арамыздағы достықты одан да жоғары бағалады... Қуанышқа бөленген Абай мен Ташинке сәбиге өздерінің қыздары ретінде жаңа ат қоюға ерікті болды. Сондықтан біз бұл оқиғаны атап өтуге тағы да жиналып, жабылып ақылдасып, сәбидің атын «Роза» деп қойдық» деп жазыпты (Шәріп Өтепов «Жалындаған жастығым – комсомолым», Алматы «Жалын» 1981 ж. 146-147 беттер).
Жоғарыдағы жазбада бәрі баяндалып тұр. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, алыстан келіп, сәбиінен айырылған қазақстандық қандастарына қобдалық қазақтар өздерінің бауыр еті баласын басы бүтін беріп отыр. Расында бұл оқиға Ш.Өтепов жазғандай: «туыстасудың, қандас туыстықтың ең жоғарғы көрінісі» екені сөзсіз.
Сонымен көп уақыт өтпей, шамамен 1934 жылы Абайды Мәскеуге шақырады. Ол кісі Ұлан-батырдан аттанарда Кеңес Одағы елшілігіне барып, асырап алған баласы Оңалхан Түркістанқызының атын «Роза Абаевна» деп өзгертіп куәлік алады. Мәскеуге келген соң Абай Қасымовқа коминтерн жаңадан тапсырма жүктеп, сол тұста Шыңжаң өлкесінің бастығы Шың Шысайға барып, оның басшылығымен сол елдегі коммунизм идеясына қарсы күштермен ымырасыз күресуді жүктейді. Жазушы Жақсылық Сәмитұлы: «Шыңжаң басшысы Шың Шысай 1934 жылы Құмыл, Үрімжі, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында өмір сүріп жатқан қазақтарды жинап, жиын ашты. Күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылды. Соның бірі – Құмыл аймақтық әкімшілік мекемесінің Баркөл басқармасы құрылғанын жариялап, ол аймаққа басшы ретінде Абай Қасымов деген адамды тағайындайды» деп жазады («Қытайдағы қазақтар». – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, 2000 ж. – 94 б). Ал асырап алған қызы Роза болса Мәскеудегі коминтерн балаларына арналған яслиде қалып қояды. Ұзын сөздің қысқасы, Роза Абайқызы Мәскеуде коминтерн балаларына арналған мектепке барып, әліппені орысша таныған. Өзінің асыранды екені миына кіріп шықпаған.
* * *
Шыңжаң өлкесіне Сталин саясатын орнықтыру үшін барған А.Қасымовты үкімет 1938 жылдың аяғында Мәскеуге шақырады. Шыңжаңдық зерттеуші Қырбақ Тұрдақынұлының 2013 жылы жарық көрген «Құмыл қаласының тарихи материалдары» атты еңбегінде: «Шың Шысай өлкеде қызмет атқарып жүрген кеңестік мамандардың кейбірін «троцкишілдер» деген қара тізімге іліктіріп, оны Сталинге жолдаған. Осы қатарда Абай Қасымов та болды» дейді. Бұл шындыққа саяды. Өйткені Абайды Мәскеуге дереу шақыртып, келген бетте 1938 жылдың 24 шілде күні тұтқындап, «Отанға опасыздық жасады» деген айыппен 1939 жылдың 10 наурызы күні ату жазасына бұйырған. Марқұмның денесі қазақ қайраткерлері Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтардың жамбасы тиген Мәскеудегі «Донское кладбище» зиратына жерленіпті.
«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей Оңалхан-Розаның Қобда бетінде қалған нағыз әкесі – Түркістан Байжүнісұлын да 1939 жылы 32 жасында тұтқындап, оған да «халық жауы» деген жала жабылып, осы жылдың 4 наурыз күні ол да Моңғолияда атылады.
Осылай апамыздың қос әкесі қатар атылып, асырап алған анасы Ташинке Алматыда жалғыз қалған сергелдеңге толы күндердің бірінде «Мәскеуде оқып жатқан мені іздеп бейтаныс орыс әйел келді» дейді кейуана. – Оның қолында Ташинкенің маған жазған хаты және мені алып қайту үшін кепілдік беретін құжат болды, – дейді Роза Абайқызы.
Сөйтіп төрт жасында барған қаладан 10 жасында қайтады. – Пойызбен көп күн жүрдік, – деп еске алады апамыз – Мені алып келе жатқан орыс әйел бетіме ұзақ қарап отырып: «Мен білсем, сен Ташинкеден туған қыз емессің» деп бірнеше дүркін ескертті, – дейді.
Алматыға келген соң шешесі екеуі жұпынылау өмір сүрген көрінеді. Бірде Роза есік алдында ойнап жүріп, өзімен шамалас көрші орыстың қызына «Әкемді «халық жауы» деп үкімет атып тастаған» деп айтып қалыпты. Қыз бұл сөзді шешесіне айтып барыпты. Көрші орыс әйел кешкісін Ташинкеге келіп «сен «халық жауының» әйелі екенсің, құры, жоғал» деген сыңайда лепес білдіреді. – Осы оқиғадан кейін «неге сыр шашасың» деп Ташинке мені қатты сабады. Көршілердің бәрі қырын қарады. Анам екеуміз ақыры Семей облысының Бородулиха ауданында тұратын нағашыларымызды сағалап бір түнде із жасырдық, – дейді апамыз.
Бұл жерге келген соң анасы екеуі басына баспана тұрғызып алуға талпынып, әрекет жасайды. Бірақ тағы да сәтсіздікке ұшырайды. Басына қарағай мәтша құлап Ташинке ауыр қалде ауруханаға түседі. Сөйтіп 1948 жылы 6 шілде күні бақиға аттанады. Тұл жетім қалған Роза 1950 жылы 20 жасында Алматыдағы кооперативтік техникумға оқуға барады. Осында оқып жүріп түбі ерейментаулық 1928 жылы туған Қазтайлақ (Қазтай) Қасенов деген азаматпен танысады. Екеуі 1953 жылы 6 қараша күні үйленеді. 1954 жылы дүниені шыр айналған апамыз жарының етегінен ұстап, түскен жұрты Ерейменге келеді.
Апамыз айтады: «Қазтай екеуміз Ерейменге пойызбен келдік. Вокзал қабырғаларында «Освоение целины – требование времени» деген плакаты бар составтар толып тұрды». Расында, бұл уақыт күллі одақ болып тыңға түрен салып жатқан кез.
* * *
Бұл орайда «Роза Абайқызы өзінің моңғолиялық қазақтың қызы екенін қашан білді?» деген сұрақ туады. Айтайық 1969 жылы, Розаның өзінен кейін 1933 жылы туған інісі Мәдениет өткен ғасырдың отызыншы жылдары Абаймен бірге Қобда бетіне барған КИМ өкілі Шәріп Өтеповтың Алматыдағы мекенжайын тауып, қырық жыл бұрын елден кеткен апайына сұрау салып хат жазады. Өтепов те 1938 жылы 6 қыркүйек күні Алматыда тұтқындалып, ұзақ жылға сотталған екен. 1954 жылы Сталин өлген соң ақталып шығады.
Қолына Мәдениеттің хаты тиген Шәріп аға Розаны іздейді ғой. Ақыры Ерейментауда екенін біліп, 1969 жылы бар шындықты айтып оған хат жазады. – Хатты оқыған соң өзімнің туған ата-анам моңғолиялық қазақтар екенін білдім де, мұны Ташинке неге айтпаған деп таңдандым, – деп еске алады қайран апамыз.
* * *
Қош, сонымен әңгімені әрі қарай жүлгелейік. 1971 жылы тамыз айында Моңғол Халық Республикасының 50 жылдық мерекесімен бірге Ұлан-батыр қаласында Моңғол-Совет жастарының дәстүрлі IV достық фестивалі болып өтеді. Оған құрметті қонақ ретінде кезінде Бай-өлке жастарын жаңа дәуір көшіне бастаған КИМ өкілі Шәріп Өтепов те шақырылады. Шәкең осы мүмкіндікті пайдаланып жары Дилнұзбен бірге 40 жыл бұрын табаны тиген Бай-өлке топырағына келген.
Келген бетте баяғы бауырындағы баласын жұлып берген Күміс Белдемшеқызын іздейді. Ол кісі алғашқы жары Түркістан атылған соң Қахарман деген адаммен түтін біріктіріп, Ұлан-құс ауылында өмір сүріп жатқан болатын.
Осы бір тарихи сапары туралы Өтепов ағамыз «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген (1971 жыл, 30 қыркүйек. №190) «Достар құшағында» атты мақаласында: «Ұланқұсқа келген соң жайлауда отырған алғашқы кезде қазақ арасынан Моңғол Халық Революциялық партиясының алғашқы мүшесінің бірі болған, жаңа өмірге атсалысқан Түркістан деген жолдасымның жұбайы Күміске амандасуға тура келді. Өйткені мұнда бір үлкен гәп, сыр бар еді. Осы кезде бізбен бірге қызмет атқарып жүрген коминтерн өкілі Абай Қасымовтың жаңа туған баласы қапылыста қайтыс болып, қатты уайымдап қайғырғанда Түркістан мен Күміс ел үшін келген сендердей достардан немізді аяйық, балаларыңның орнына мына қызымызды бала етіп алыңдар, – деп емшектегі қызын берген болатын. Кейін Абай да, оның жұбайы да қайтыс болып, Роза Совет елінде қалып қояды. Күміс қызын 40 жыл көрмеген, қайда екенін білмеген. Роза да «мен Абайдың қызымын» деп жүре берген. Соңғы жылдары Күміс бізге хат жазып қызының хабарын сұрады. Біз іздеу салдық. Ақыры Розаны өткен жылы таптық. Туған інісі Мәдениет жұбайымен Ерейментауға келіп, апасын қуанышпен құшақтаған болатын. Келесі жылы (1971) Мәдениеттің әйелі босанып, Ерейментау азаматтарының «егерде ұл туса атын «Ереймен» қойыңдар» деген тілегін орындап, ұлының атын «Ереймен» қойған екен» деп үлкен тебіреніспен еске алыпты.
Осылай ХХ ғасырдың 30-жылдары Қобда беті қазіргі Ұланқұс сұмынының Қайрақты деген жерінде туып, үш-төрт жасында Мәскеу асқан апамыздың дерегі 40 жылдан кейін табылды.
Жоғарыда Шәріп ағамыз жазғандай, 1970 жылдың күзінде Қобда бетінде қалған інісі Мәдениет Ерейментауға апасын іздеп келіп, қос мұңлық қауышқан екен. Бірақ туған анасы Күміс Белдемшеқызы қартайғандықтан келе алмаған.
1975 жылы Мәдениет үкіметтің жолдамасымен курс оқуға Новосібірге келеді. Осыны пайдаланып екінші дүркін Ерейментаудағы апайымен амандасуға мүмкіндік туады. Анасы Күміс жарықтық өзі келе алмағандықтан қызына арнап екі шумақ сағыныш жырын жазып жіберіпті:
Амал не ауыл алыс,
қоныс шалғай,
Қызым да өкпелеумен
жүр ме қалай.
Аналық ақ жүрекпен
аңсауменен,
Келемін әлі шөлдеп бір
көре алмай.
Өзім қарт, өзім науқас
дәрменім жоқ,
Бәрің де көрдің менің әлегімді,
Жазып ап күйсандыққа
қарақтарым,
Балама жеткізіңдер
сәлемімді.
Жырдың оң жақ шекесіне «1975 жыл, 15 ақпан» деп қол қойылыпты. Құдайдың қалауы шығар, Роза апамыз бұл жырды «Мынау туған анамның зары, осыны бұдан былай сен сақта!» деп, 2009 жылдың ақпан айында жолыққанымда менің қолыма ұстатты. Әңгіменің басында айтылған құмыра-вазаны да Мәкең осы сапарында әкелген екен.
Қобда бетінде туып, жарты әлемді айналып Ерейменге бауыр басқан Роза Абайқызы жары Қазтайлақ ағамызбен бірге ел қатарлы өмір сүрген. Ұзақ жыл аудандық халыққа қызмет көрсету мекемесінде есепші болып, 1990 жылы зейнетке шыққан. Сөз кезегі келгенде «Моңғолиядағы анаңызға бармадыңыз ба?» деп сұрадық. Роза апамыз: «Ол заманда шақыртусыз шетелге шығу қиын еді. Моңғолиядан інім Мәдениет күйеуім екеумізге шақырту жіберді. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты бара алмадым» деді. 1995 жылы жездеміз Қазтайлақ та дүниеден өтті.
«Өмір өтіп жатыр, өзен ағып жатыр» дегендей Роза апамызға туған жерін бір көріп, анасының басына зиярат ету бақыты бұйырмапты. 2011 жылы ақпан айында бақиға аттанды. Ал біз пақыр Оңалхан-Роза апамыздың қилы тағдыры мойнымызға қарыз болып қалмасын деген ниетпен хатқа түсіріп отырмыз.