Парламент • 16 Сәуір, 2020

Бизнеске ауыртпалық түсірмеу маңызды

121 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында бизнес-ахуалды жақсарту мәселелерін қамтыған заң жобасы жан-жақты талқыланды.

Бизнеске ауыртпалық түсірмеу маңызды

Заң жобасымен министрліктер таныспаған ба?

Алқалы жиынның күн тәр­ті­біндегі «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне бизнес-климатты жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс депутаттарының назарына бірінші оқылымда ұсынылды.

Аталған құжаттың жай-жап­сары­мен таныстырған Ұлттық эко­номика министрі Руслан Дәле­нов заң жобасы 6 кодекс пен 33 заңға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізуді көздейтінін атап өтті. Заң жобасында ақпаратқа қол­же­тімділікті жақсарту, бірқатар көрсетілетін қызметті электронды форматқа ауыстыру, рәсімдерді қысқарту және бәсекелестік ортаны дамыту шаралары қамтылмақ.

– Заңды тұлғаларға тіркелген жылжымайтын мүлік объектілері бойынша құқық белгілейтін құжаттарының, ауыртпалықтардың және сот талап-арыздарының болуы туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылады. Сондай-ақ меншік иесінің дербес деректерін көрсетпей, жылжымайтын мүліктің ауыртпалық мәртебесі туралы ақпаратты ашуға рұқсат беріледі. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында рәсімдеуді жеңілдетіп, күмәнді мәмілелердің тәуекелін төмендетеді. Жеке кредиттік бюро үшін тұтынушылардың табиғи монополиялар субъектілерінің алдындағы борыштары бойынша ақпаратқа қолжетімділікті қам­тамасыз ету ұсынылады. Мұндай ақпа­рат мемлекеттік кредиттік бюро­ға ғана бүгінде ай сайын бері­ліп жатыр, – деді Руслан Дәленов.

Министр бірқатар қызметті элек­тронды форматқа ауыстыру барысына да тоқталды. Оның айтуын­ша, заң жобасында нотариалдық куәландыруды талап етпейтін жазбаша шарттарда мәмілелерді тіркеу кезінде белгі қоюды электрондық форматқа ауыстыру қарастырылды. Бұл – сату-сатып алу, сыйға беру, жалға беру және басқа да міндетті нотариалдық тіркеуді талап етпейтін мәмілелер.

Сондай-ақ кәсіпорынды элек­трондық мемлекеттік тіркеу кезінде банкте ағымдағы шотты міндетті түрде онлайн ашу ұсынылады. Бұл ретте Нұр-Сұлтанда, рес­публикалық және облыстық маңызы бар қалаларда электрмен жаб­дықтау желілеріне қосылу рәсі­мін оңайлату мақсатында техни­калық шарттарды беруге өтініш­терді қабылдауды табиғи монополиялар субъектілерінің сайттары арқылы электрондық түрде жүзеге асыру көзделеді.

Заң жобасында бизнесті ілге­рі­лету мақсатында ресімдерді қыс­қарту жағы қарастырылған. Соның бірі – техникалық жағынан күрделі емес объектілерінің құры­лысы үшін жобалық-сметалық құ­жаттамасын әзірлеу және оның сараптамадан өту ресімін алып тастау ұсынысы. Бірақ бұл норманы Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­ма­тулин бастаған депутаттар құпта­мады.

– Сіздердің ережелеріңіз бо­йынша техникалық жағынан күр­делі емес нысандардың ішіне – екінші және үшінші деңгейдегі нысандардың бәрі жатады. Енді осы нысандардың тізімін қараңыздар. Олар: 5 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер, 600 орынға дейінгі мектеп, 800 адамға дейін келетін ойын-сау­да орталықтары және тағы басқа... Енді осы нысандардың бәрін жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз салуды ұсынып отырсыздар. Осы заң жобасын әзірлеушілер мына заң жобасын ұсына отырып, «мұндай нысандарға адам көп келмейді» деп жазады. Бұл жерде не айтуға болады? Бір ғана сұрақ туындайды: министрліктер мен ведомстволардың бірі болсын Мәжіліске жіберген заң жобасын оқыды ма өзі? – деді Мәжіліс Спикері.

Сонымен қатар депутаттар мем­лекеттік монополия субъектісінің, мемлекеттік монополия субъектісі болып табылмайтын, бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге айрықша құқық берілген заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының мемлекеттік монополия туралы заңнамасында белгіленген шектеулерді сақтамауы туралы норманы да алып тастау қажет екенін айтты. Мәжілісмендер ұсынылған нормалар мемлекеттік органдарға бәсекелі тауар на­рық­тарында жеке меншік нысанындағы монополистерді жасанды түрде құруға мүмкіндік береді деп есеп­тейді.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, соңғы жылдары отандық тауар нарықтарында бәсекелестік орта айтарлықтай нашарлады. АҚ және ЖШС нысанындағы шамамен 24 ұйым тек өз қалауы бойынша баға белгілеу мәселелерін шешеді. Заң жобасын әзірлеушілер ұсынған түзету Мемлекет басшысының монополияға қарсы нақты шаралар қабылдау жөніндегі нұсқауларына қайшы келеді.

 Телефон байланысына төлем қымбаттамайды

Депутат Айзада Құрманова бизнес-ахуалды жақсартуға бағыт­талған заң жобасында ауылды елдімекендер бойынша әмбебап қызметтерді субсидиялауды алып тастау ұсынылғанын, бұл норма ауыл тұрғындарын бірден-бір байланыс құралы – үй телефонынан ажырататынын алға тартып, аталған жағдай бойынша жиынға қатысып отырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтың пікірін сұрады.

Асқар Жұмағалиев бұл ескерт­пенің орынды екенін, 2004 жылы қолға алынған жұмыстардың арқа­сында елді мекендердің көбі телефон байланысымен қамтамасыз етіл­генін және дәл осы субсидия жүйесімен алдағы уақытта ауылдарға интернет тарту көзделіп отырғанын жеткізді.

Осыған сәйкес Мәжіліс Төр­ағасы ауылдық телефон байланысына қатысты Үкімет ұсынған заң жобасындағы норманы қайта қарау керектігін айтты.

– Шынын айту керек, қазір ауыл­ды жерлер ғана емес, қаланың өзінде интернет байланысы нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда көптеген ауылда бір ғана сапалы байланыс бар шығар. Ол – телефон байланысы. Қазіргі уақытта оған айына 670 теңге төленеді. Егер екі-үш есеге өсетін болса, халық оны қалай төлейді?! Оны неге ойламасыздар? – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасы заңның бұл нормасына қатысты «Қазақ­телеком» компаниясынан анық­тама алғандарын айтты. Мәлімет бойынша аталған норма күшіне еніп кетсе, 630 мың абоненттің телефон тарифі өседі. Бұл – ауылдағы абоненттердің 98 пайызы. Осы жағдайда коммуникацияның басқа баламасы болмағандықтан, ауыл тұрғындары жалғыз байланыс құралынан айырылады.

Алайда Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ауылдағы телефон байланысы үшін төлем қымбаттамайтынын, себебі респуб­ликалық бюджет есебінен бұл бағытта алдағы үш жылда 8,5 млрд теңге көзделгенін, субсидиялау схемасы бұрынғыша қала бере­тінін жеткізді. Сондықтан Үкімет басшысының орынбасары дау тудыратын норманы заң жобасынан алып тастау қарастырылғанын айтты.

Жиын барысында заң жобасы бойынша талқыланған мәселелер ескеріліп, екінші оқылымға дейін пысықталатын болды.

Жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасы мақұлданды. Әлихан Смайылов бұл келісімге 2019 жылы 29 мамырда Нұр-Cұлтандағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ЕАЭО мүше мемлекеттер басшылары қол қойғанын атап өтті. Келісімнің негізгі мақсаты – та­уарлар айналымын тиімді бақылау, заңсыз айналымды анықтау, салықтан жалтару жағдайларын жою, бюджетке түсетін салық пен кеден төлемдерін ұлғайту.

– Әрбір мемлекет өзінің Ұлт­тық қадағалау жүйесін құруы қажет. Сондай-ақ, өздерінің салық төлеушілерінің ілеспе құжатта­рының осы жүйеде рәсімделуін бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Құжаттарды мұндай рәсімдеусіз ЕЭАО шеңберінде тауарлардың тасымалдануына тыйым салынады. Келісімде Кеден одағына мүше мемлекеттер арасында қадағалау жөніндегі ақпарат алмасу бойынша талаптар айқындалған. Мұндай алмасу ЕЭАО интеграцияланған ақпараттық платформасы арқылы тұрақты түрде жүзеге асырылады. Тауарлар айналымын қадағалау тетігін енгізу 2025 жылға дейін ЕЭАО цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізін қалайды. Келі­сімді ратификациялаудан кейін 12 ай өткен соң барлық мүше мем­лекеттер қанатқақты жобаны іске қосады. Қанатқақты жоба­ның қорытындылары бойынша қада­ғалау жүйесінің тұрақты жұмыс іс­теуіне көшу туралы шешім қ­абыл­данады, – деді Қаржы министрі.

Отырыс соңына қарай Мә­жіліс депутаттары – Нұржан Әлтаев, Аманжан Жамалов, Азат Перуашев және Айқын Қоңыров тиісті құзырлы органдардың басшылығына қазіргі пандемия жағдайына байланысты ескерілуі керек бірқатар мәселе мен ұсыныс қамтылған депуттаттық сауалдарын жолдады.