Әлемге таралған COVID-19 жұқпалы індетінің нәубетке шалдықтыру қаупі
туындауда. Бұл бір адам басындағы қайғы емес, бар адамзатқа төнген ауру. Сондықтан пандемияға қарсы дүниежүзілік бірлескен майдан ашылды. Мемлекетаралық сақтану мен сауықтыру шараларын бірге атқаруға ұмтылыс өріс алды. Уақытша бірлескен мемлекетаралық медициналық-санитарлық эпидемиялық ғылыми-зерттеу орталықтары коронавирус атты алапатқа қарсы қолданылатын немесе зиянсыздандыратын, яки толығынан емдеп шығаратын жолдарды, әдіс-тәсілдерді және құралдарды табу жұмысын қауырт қолға алуда. Әлемдік денсаулық сақтау, халық денсаулығының саулығын қамтамасыз ету, коронавирусты мүмкіндігінше зарарсыздандыру шаралары аясында Қазақстан да өзінің мемлекеттік әлеуетін барынша жұмылдыруда.
«Халқымыздың денсаулығы мен амандығына төнген қауіптің салмағын дер кезінде аңғарып, алдын алу шараларын алғаш қолданған мемлекеттер қатарынан көріне алдық», деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев әділ көрсеткендей, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев қазақстандықтарға арнайы үндеу тастап, тиісті тактикалық және стратегиялық, күнделікті ұйымдастыру мен әдістемелік шараларды белгілеп, бағыттау арқылы «бұдан он еселеп болуы ықтимал қаупін мүмкіндегінше минималдандыра алдық» (Қ.Тоқаев).
Халықтың басына төніп тұрған мына жұқпалы зұлматта ел мен мемлекет бірлігі, тұтастығы – тарихи сын. Елордамыз Нұр-Сұлтанда, Алматыда және басқа қалалар мен облыстарда жарияланған төтенше жағдай режімін, карантин тәртібін халқымыз ұстанып, мемлекет үшін де, өз басы үшін де бүгінгі патриотизмін көрсетуде. Халықты күнделікті ақпараттандыру, өзін өзі оқшаулап зарарсыздандыру, мемлекет талап еткен ұстанымдарды сақтау өмір салтымызға айналуда. Сондай-ақ мемлекетіміз өз міндетін жауапкершілікпен атқаруда. Өндірістің, бизнес пен кәсіпкерліктің, ауыл шаруашылығының бейбіт күндердегі ырғағы жүйесінің бұзылмауына, жұмыспен қамтылуы уақытша тоқтатылған азаматтарға, мұқтаж отбасыларына, әртүрлі ардагерлерге және вирус қатерімен тікелей алдыңғы шепте күресіп жүрген азаматтарға өсімсіз кредиттер, мемлекеттік қолдаулар, жәрдемақылар, минимумдық көмек, тағы басқа қолдау мен жеңілдіктер жасалуда. Аласапыранды пайдалану ниетімен адастырып, берекесіздік пен үрей туғызуға, азық-түліктің, жанармайдың, медициналық сақтық-емдік құралдарының бағасын негізсіз көтеруге қарсы шектер қойылуда. Мемлекеттік шаралар ұсыныс сипатында емес, заңды күште жұмыс істеуде. Сонымен бірге эпидемиямен күресте салалық зертханалар мен ғалымдарымыздың кеселге қарсы вакциналар түрін табудағы ізденістері, коронавирустың белгілі біртектеріне нақты адамның шалдығуының бар-жоғын анықтайтын тестілер мен құрылғылар жобаларын әзірлеуі жүзеге асуда. Республиканың медициналық кадрлары жан аямай, өздеріне төнетін қауіп-қатерге қарамастан, алдыңғы шепте апатты ажалмен бетпе-бет айқасуда, өздерінің кәсіптік антына адалдығымен бірге, азаматтық парыздарын жанкештілікпен өтеуде. Халық ризалығы оларға да, оларға материалдық өтем белгілеген билікке де шексіз. Міне, осындай мемлекет пен жалпыхалықтық бірлестік елімізде коронавирус індетін ұзатпай құрықтайтынына сенім мол.
Ал енді мемлекеттің уақытша енгізілген темірдей тәртібінің қуат-күші әрбір азаматтың қолдауына, жауапкершілікпен қатысуына тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттің, медицина қызметкерлерінің, қарулы күштердің, журналистердің, еріктілердің, тағы басқа қауымдардың еңбегі зая кетпес үшін, елдің аман-саулығы үшін отандастарымды коронавируспен бірлескен күресімізді күшейте түсуге шақырамын. «Біз біргеміз!».
Мақсат ҚАЛИМОЛДАЕВ,
«Ақпараттық және есептеуіш технологиялар» институтының бас директоры, ҰҒА академигі