Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Оралда «Egemen Qazaqstan» газеті тарихына арналған шығарма байқауы өтті

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы ақпарат айдынында 100 жылдан бері мемлекеттік тілдің дамуы мен ұлттық тіл қорының жасақталуын насихаттап келе жатқан «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихына арнап «Тіл көпірі: жүз жылдық жылнама» атты облыстық сырттай байқау ұйымдастырды.

Оралда «Egemen Qazaqstan» газеті тарихына арналған шығарма байқауы өтті

Байқауға білім беру ұйымдарының 16 мен 29 жас аралығындағы оқушылары, колледж студенттері қатысқан. Шығарма арқауы ел газетінің ғасырлық тойына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған еркін тақырыптағы мақалалар сайысы 15 сәуірде қорытындыланды.

- Байқауға барлығы 30-ға жуық шығарма келіп түсті. Бұл жұмыстарды тәжірибелі тілшілерден құралған қазылар алқасы талқылады, - дейді басқарманың бөлім меңгерушісі Зәмзәгүл Ғаббасова.

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша Орал қаласындағы №19 орта мектептің 11 сынып оқушысы Бексұлтан Серіков І орынға ие болды. Жүлделі екінші орынды Қазталов ауданындағы Бірік орта мектебінің 11 сынып оқушысы Аяжан Ғаппар мен Сырым ауданындағы Қадыр Мырза Әли атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ділназ Сүлейменова өзара бөлісті. Үш үшінші орын Орал қаласындағы №38 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Айназ Есекешке, Қаратөбе ауданы Бақытжан Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінің 9 сынып оқушысы Гүлмайра Ерғожинаға, Жаңақала ауданы мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Нұрдана Жақсыбаеваға бұйырды.

Байқау жеңімпаздары дипломдармен, өзге қатысушылар сертификатпен марапатталды. Онлайн өткен байқаудың жүлделері өз иелеріне пошта арқылы жеткізіледі.

- Карантин уақытына қарамастан оқушыларын баптап, дайындап, жауапты байқауға қатыстырған ұстаздарының, жетекшілерінің еңбегі зор ғой. Байқау жүлдегерлерінің жетекшілері Г.Нұрғали, Н.Мәжекерова, А.Сәрсенғалиева, Л.Құсайынова, Т.Ашықова, А.Есқарина сынды мұғалімдерге де алғыс айтамыз, - дейді Зәмзәгүл Ғаббасова.

 

Батыс Қазақстан