Қоғам • 16 Сәуір, 2020

Елордадағы жаңа аурухана есігін ашады

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын ауруханалардың екеуінің жұмысы аяқталуға жақын. Тіпті, елордадағы емдеу орыны ертең дәрігерлерге беріледі деп күтілуде. Еліміздің үш мегаполисінде салынып жатқан нысандарға «BI Group» құрылыс компаниясы жауапты. Бүгінде мыңнан астам құрылысшы 3 ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеуде. Мамандар ауруханалардың уақытында пайдалануға берілетініне сенімді.

Елордадағы жаңа аурухана есігін ашады

Жоспарға сәйкес, 15 сәуір күні бас қаладағы құрылыс жұмыстары  аяқталды. Қазір байланыс монтажы мен әрлеу жұмыстарының соңғы кезеңі жүргізіліп жатыр. Кесте бойынша, 17 сәуірде аурухана жұмысын бастайды.

– Жұқпалы аурухананы мұндай қысқа мерзімде тұрғызу –  күрделі техникалық міндет. Жобаға өзгерістер енгізуге және оны бірден объектіде ескеруге тура келді. Бұл қиындықтарға қарамастан қойылған міндеттерді орындап шықтық. Елордадағы ауруханаға неміс технологиясы бойынша жасалған модульдік блоктар салынды. Бұл технология құрылысты қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік бергенін айта кеткеніміз жөн. Құрылыс кезінде қаланың ауа райы да ескерілді, – деді жоба инженері Айсар Жағалшин.

Алматыдағы аурухана вахталық қалашық типінде салынып жатыр. Құрылысшылар уақыт пен бюджеттің тығыз болуына байланысты батыстағы мұнай жұмыстары үшін қолданылатын қалашық үлгісін негізге алған. Үш кешенге толықтай медициналық газдар жүргізіледі. Шымкенттегі аурухананы салуда контейнерлік типтен темірбетонға дейінгі барлық нұсқалар қарастырылған. Десе де жұмыс сәл кештеу басталмақ. Оған себеп: аурухана форматының өзгешелілігі.

4

– Қарқынды жұмыс істесек, қалған уақытта қуып жетеміз деген ойдамын. Оған алаңдаудың қажеті жоқ. Барынша белсенді болуға тырысып жатырмыз. Нұр-Сұлтандағы құрылыста түрлі саладағы 130-ға жуық, Алматыда 150-ге жуық бригада жұмыс істеуде. Олардың барлығында 1300-ге тарта құрылысшы бар. Қазір әрлеу жұмыстары басталды. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде, – деді А.Жағалшин.

Қазіргі уақытта «BI Group» құрылыс компаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтандағы аурухананы салып жатыр. Ал Шымкенттегі нысан жобасының параметрлерін дәрігерлер мен билік өкілдері нақтылауда. Жоба директоры Арман Лесбеков ештеңеге алаңдаудың реті жоқтығын айтады.

– Жұмыс сапасы қазақстандық талаптарға ғана емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына да сәйкестендірілген. Жұмыс сапасы мемлекет пен дәрігерлер тарапынан үнемі бақыланады. Барлық ауруханада ақ желеңді абзал жандарға арналған ординаторлық бөлмелер, кабинеттер болады. Мәйіт сақтайтын орындар да негізге алынған, – деді А.Лесбеков.

8

Оның айтуынша, құрылыс материалдары толықтай жеткілікті. Барлық керек-жабдықтар – отандық өнім. Сондықтан сырттан әкелу турасында мәселесі жоқ. Шетелдік материалдар керек болған жағдайда, «жасыл дәліздер» арқылы мемлекет қолдау көрсетеді. Мысалы, жақында Беларусь елінен герметикалық есіктер әкелініпті. Ел билігі госпитальдік есіктерді жеткізу үшін арнайы чартерлік рейс ұйымдастыруға көмектескен.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі аурухана бір күнде 200 науқасты қабылдай алады. Әрқайсысында 20 орын интенсивті терапияға арналмақ. Алматыда 280 орын болса, оның 28-і интенсивті терапияға беріледі. Нысандар Modex зауыты жасайтын модульдерден құрылған. Мамандардың айтуынша, мұндай монолиттік құрылыстарды 50-70 жыл бойы пайдалануға болады.

3

9

9