Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Ақмола облысында блок-бекеттер саны екі есе артты

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

14 сәуірден бастап Ақмола облысында карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты Полиция департаменті басшылығының тапсырмасы бойынша өңір аумағында орнатылған блок-бекеттердің саны екі есе артты.

Ақмола облысында блок-бекеттер саны екі есе артты

Бүгінде өңірде тәулік бойы 101 бекет жұмыс істейді. Бұлар – Көкшетау мен облыс аудандарындағы кіру және шығу жолдарында орнатылған 82 блок-бекет және 19 санитарлық бекет. Санитарлық бекеттің 8-і облыс периметрі бойынша және қалғаны Нұр-Сұлтан қаласының айналасына қойылды.

Полиция қызметкерлері мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері блок-бекеттердегі қызметті тәулік бойы атқарады. Күн сайын таңертең және кешке ведомство құрылымдарының басшылары ауысымға түсетін жол полициясы батальонының жеке құрамына нұсқама өткізеді. Жеке қорғану құралдарының, медициналық маскалардың, дезинфекциялау құралдарының, сондай-ақ электрондық планшеттердің болуын тексереді.

Полиция қызметкерлерінің басты міндеті – көлік жүргізушілеріне жазалау шараларын қолдану емес, ең алдымен енгізілген шектеулерді түсіндіру, сондай-ақ өңірлердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін автокөліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету.