Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Карантин: Атырауда жеке автокөлікпен жүруге тыйым салынды

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ертең Атырау қаласында карантин мерзімінің 1 мамырға дейін ұзартылуына байланысты жеке автокөлікпен жүруге тыйым салынғалы отыр.

Карантин: Атырауда жеке автокөлікпен жүруге тыйым салынды

«Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин кезінде жұмыс жасауға рұқсат етілген кәсіпорындар персоналды алып жүруді тек қызметтік көлікпен қамтамасыз етуі тиіс. Жеке автокөлікті пайдалануға қатаң тыйым салынды. Мұдай шектеу азық-түлік дүкендеріне тауар тасымалдаумен, дәріханалар желісіне дәрі мен медициналық өнімдер, қоғамдық тамақтану орындарынан онлайн жеткізуге пайдаланылатын көліктерге қолданылмайды», -деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.

Оның айтуынша, автокөліктің  жүргізушісі өзімен бірге ұйыммен арадағы келісім-шарт пен анықтама, жеткізу мекен-жайы, жеке куәлігі, тауар тасуға рұқсатын растайтын басқа да құжаттарды алып жүруі тиіс.

«Егер бәрі өзінің көлігімен жүретін болса, карантин енгізудің мәні болмайды. Ертең, 17 сәуірден бастап карантиндік режим күшейеді. Атырау қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелерден басқа кәсіпорындар толық оқшауланады», - деді Серік Шапкенов.

 

Жолдасбек Көшербайұлы