Тарих • 17 Сәуір, 2020

Соғыс салған жара жазылмайды

1775 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Менің анам көп қиындық көрді. Біз жас болдық. Әкем жазықсыз сотталып, он жыл отырып келді. Анам ол кезде жас болса да әкемді күтті. Тілегі қабыл болып, әкем елге оралды. Анам бала сүйді, немере көрді. Біз есейіп, қолын жылы суға малдық, ыстық-жұмсақты аузына тостық. Мені елуден асқанша «құлыным, келдің бе?» – деп есік ашатын. Қазір бәрін аңсаймын. Әкем де, анам да дүние салғанына біраз жыл болды. Кейде дастарқан басында анамды, әкемді айтып, көзіме жас алсам келіндер күледі. Неге? Өйткені, бұлар мына мамыражай дәуірде өмір сүріп, не ішем, не кием демей өсіп келеді. Не дейін оларға.

Соғыс салған жара жазылмайды

Анасы бар адамдар қартаймайтыны анық. Жылы сөзі, шуақты шапағаты, ыстық ықыласы жасарта түсетін шашылған шуақ екені күмәнсіз.

Бала кезіміз ауылда өтті. Сұрапыл соғыс бас­тал­ғанда он жаста едік. Ол кездегі он жасар балада қазіргі жиырмадағы, отыздағы жігіттің ақылы бар сияқты еді. Көнбіс, еңбекшіл болдық. Еңбектің, бір түйір дәннің қадірін біліп өстік.

Біздер ауылда соғыстың жесірлерін, соғыстан оралған мүгедек ағаларды көрдік. Бір үйден екі бірдей аға – біреуі бір аяғын, біреуі жамбасын беріп оралды. Іздіқұл, Қонысбай ағалар қара жерді еркін баса алмай дүниеден өтті.

Шағын ауылда ол кезде қазіргідей орталық жоқ. Әр ағайын әр жерде он шақты үй болып, әр жерде жеке-жеке қоныстанып отыратын. Естияр ағалардың бәрі соғысқа кеткен. Кәрі-құртаңдардың қолына билік тиіп, өктем әмірін жүргізе бастаған кез. Келіншек біткеннің көбісі жесір. Сол жесір келіншектерді әлгі кәрі-құртаңдар қиын жұмыстарға жұмсайды. Көнбеске амал жоқ. Сылтауратса «еңбек армиясы» деген бар, соған аттандырып тынады. Содан келіншектердің көбісі інісінің, қайнысының баласын асырап алып, «еңбек армиясынан» құтылудың амалына шықты. Баласы барларға «бұл армиядан» құтылатын жеңілдік бар еді.

Ауылда бір ағамыз ауылдық кеңесті басқарды. Осы қызметін тастап, бір түнде сымбатты жесір келіншекті Өзбекстанға алып қашып кетті. Елге оралмады, сол жақтан екеуіне де топырақ бұйырды. Ал көптеген жесірлер ауылдан ұзамады, ерлерінің шаңырағын күтіп, босағадан аттамады. Бұршан, Зағипа, Дәніш, Шәрбан, Күмісқал, Шолпандар мықты еді. Екі ағайынды Шайырқожа мен Есбергеннің екі бірдей ұлы соғыста мерт болды. Қос ата күйзеліп, тез қартайып шөгіп қалды. Екеуі атқа мініп, мал іздеген болып оралмаған ұлдарының ойнаған жерлерін көріп, мауқын басып, шер тарқатып оралатынын ауылдағылар әлі күнге жыр етіп айтады.

...Байқаймыз, соғыстың ұзаққа созылар түрі бар. Ауылда жалғыз хат тасушы Сейітқасым аға. Дорбасын иығына іліп алып, қаладан келген бойда үй-үйді аралайды. Келген бойда әскерден оралған ағалардың үш бұрышты хатын жеткізгенше асықса, ал атың өшкір «Қара қағазды» тапсыруға жүрексініп, бірер күн сақтайды. «Қара қағаз» алған үйдің қай­ғы­сын естігісі келмейді. Амал не? Жесірлер дау­сынан хат тасушының жүрегі әбден шайлығып қалған.

Ал жесір қалған апа-әжелеріміз бар қиындықпен өмірлерін өткізді, сүйікті жарларын келер деген үмітпен көбісі тұрмыс құрмады. Енді біреулері шарасыз күйге түсіп, босаға жаңартқандары әлі есімде. Күмісқал, Бұршан екі баламен, Дәніш екі қызбен, Шәрбан-Нәзенмен ғұмыр кешті. Бұлар сол кезде бар-жоғы 20-21 жаста ғана еді. Сымбатты апамыз Зағипаны ауылдағы белсенділер «еңбек армиясына» жібереміз» деп мазалады, содан бір сіңлісінің қызын атына жаздырып, бауырына салған соң әрең еңбек армиясына шақырудан құтылғанын өзі жыр етіп айтатын еді жарықтық.

Шолпан деген әжеміз екі қыз, бір ұлмен соғыстан бұрын жесір қалған еді. Қайратына таңғаламыз. Үлкен қызы ауылда тұрмыс құрған. Сол қызының үйінде бар ғұмырын өткізді. Жалғыз қыздың бір ұлы тым әлсіз болып дүниеге келді, соны тымаққа салып, кереге басына іліп қойып өсірген бейнеті әлі көзге елестейді.

Бала кезіміз. Шолпан мен Күмісқал әженің тың жерге еккен қауын-әңгелегі алдымен піседі. Соны торуылдаймыз. Бірге оқитын Ізбасар, Сәрсенбай, Серікбайларды әңгелек ұрлауға күн бұрын дайындаймыз. Қораның осал тұсын, тесік жеріне шолу жасайтын тәжірибе бар. Қолға да түсеміз, әйтеуір құтыламыз. Жесір келіншектер сәл-пәл ызғар шашады да «ұрласа ұрласын» дегендей кешіріммен қарайды.

Бұршан, Күмісқал, Шәрбан сынды асыл әжелерім ерін күтумен өздерінің мықтылығын, сүйікті жарына деген адалдығын ауылдастарға үлгі етіп, ғұмыр кешті. Тұңғыш аттаған шаңырағына кір шалдырмады. Бүгін ойлап қарасам, бір ғана біздің ауылдан отызға жуық ағаларым соғыстан оралмапты.

Бұл дүниені қозғауға «Еgemen Qаzаqstаn» газетінде (13.11.2019) жарияланған С.Ордабековтің «Анаға тағзым етіңдер!» атты дүниесі ойтүрткі болды. Асылы, жан дүниеңді осылай қозғайтын, толғанысқа түсіретін дүниелер көбейе бергей.

 

Қайырбек Мырзахметұлы

 

ҚЫЗЫЛОРДА