Медицина • 17 Сәуір, 2020

Алматы маңы: медициналық көмек қалай көрсетілуде?

265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласының толықтай карантинге жабылуы мегаполиспен шектесетін облыс аудандарының тұрғындарына біршама әбігер әкелгені рас. Әсіресе қаладағы емханаларда тіркеуде тұратындар мен ауруханаларда ем қабылдап жүрген науқастар үшін қиындық туа бастаған еді.

Алматы маңы: медициналық көмек қалай көрсетілуде?

Өйткені облыстың оңтүстік өңірін­дегі 7 ауданның тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін облыстық көпсалалы аурухана да мегаполисте орналасқан болатын. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел шешім қабылдап, қала маңындағы аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің жаңа бағытын ұсыныпты.

– Алматы қаласына кіріп-шығу тоқтатылғаннан бастап облыс тұрғын­дарына медициналық көмек көрсетудің жаңа ережесін жасадық. Бұл бойынша қала маңындағы аудандардың тұр­ғындары енді облыстағы кез келген емхана, ауруханаларға кедергісіз тір­келіп, қажет маманға барып қарала алады. Бірінші кезекте жүкті әйелдерді жедел, қайта тіркеуге аламыз. Науқас болса, аумақтағы таңдаған ауруханаға жатқызып, емін жалғастыруға мүм­кіндік жасадық. Ал Алматымен шека­ралас аудандардан қалаға қатынап ем қабылдайтын науқастар үшін арнайы жедел жәрдем көлігін шығардық. Мысалға, аудандардан көпсалалы ау­ру­ханаға өздері барып гемодиализ жасататын науқастар бар. Олар созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозы бойынша емделіп жүргендер. Қазір бұл науқастарды аудандық ауруханадан Алматыдағы көпсалалы клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен тасымалдауға көштік. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалған шара әрі індеттің таралмауына кепіл болады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Сондай-ақ Алматы қаласы маңын­дағы Қарасай, Іле, Талғар аудан­дарының аумағына қойылған блок-бекеттер мен санитарлық тексеру орындарында облыс дәрігерлері тәулік бо­йына ке­зекшілік етуде. Әр медициналық тексеру пунктінде бір мезетте үш медицина қызметкері жұмыс істейді екен. Олар тепловизор, медициналық мас­ка және арнайы костюмдермен то­лық қамтамасыз етілген. Денсаулық сақ­­тау басқармасы блок-бекеттегі кезек­шілік атқаратын құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлері мен әкім­шілік қызметкерлерін медициналық маскамен қамтуды да ұйымдастырып отыр.

Маска демекші, облыс аумағында жұқпалы індетпен күрес шаралары күшіне енді. Талапқа сай енді адам­дардың көшеде, жұмыс орындарында медициналық маска тағып жүруі мін­дет­телді. Бұл тәртіп қоғамдық көлік пен жеке көліктегі жолаушыларға да ор­тақ. Ал бұл жағдайда бетпердеге деген сұраныс артатыны анық. Қазірд­ің өзінде облыс аумағында маска тапшы­лығы байқалуда.

Әрине облыстағы өндіріс орындары медициналық маска өндіріп жатыр. Барлық аудандарда еріктелердің бастамасымен бетперде тігу ісі қолға алынып, тұрғындарға тегін таратылуда. Әкімдіктің ынталандыруымен жеке адамдар көп ретті тұтынуға болатын маска тігіп, тиімді бағамен сатуды жол­ға қойған. Тегін таратылатын маска саны да артып келеді. Мұндай көмек бірінші кезекте әлеуметтік жағынан қор­ғалмаған отбасы мүшелері мен атқа­рушы қызметте жүрген мамандарға көрсетіліп жатыр. Мысалы, тек бір ғана Қаратал ауданының өзінде шағын бизнес өкілдері, білім мекемелері мен еріктілер өз күштерімен тәулігіне 3 мың­дай көп рет пайдаланатын маска тік­ті. Бұл жұмыс Іле ауданында да жолға қо­йылған, онда бір тәулікте 20 мың мас­ка дайындалуда. Ал Талдықорғанда жекеменшік дәріхананың басшысы 5 мың масканы халыққа тегін таратқан.

Жақында облыс басшысы Амандық Баталов маска тігуге шағын бизнес нысандарына мемлекеттік тапсырыс беру жағын ойластыруды қарастырып, жеке гигиеналық құралдармен тұрғындарды жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мәселесін одан әрі ширатуды тапсырған болатын. Алматы облысында тәулігіне әзірге 136 мың маска шығарылуда.

Медициналық маска өндірісін жолға қойған кәсіпорының бірі Іле ау­данындағы Dolce farm компания­сы. Серіктестік тәулігіне 70 мың дана бетперде дайындап, шығаруда. Өңір­дегі медицина мекемелерін бетпердемен қамтып отырған кәсіпорын қайы­рымдылық жасауға да белсене кірісті. Алматы облысының аума­ғын­да жұқпалы індетпен күрес шара­лары күшейгелі бері Dolce farm бір ғана Талғар ауданына 17 мың дана бет­пердені тегін беріпті.

–  Облыста маска тапшылығын бол­дырмау үшін қолдан келгеннің бар­лығын жасап жатырмыз. Соның ішінде Dolce farm серіктестігінің өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 75 мың данаға дейін бетперде шығаруға қуаты жетеді. Күні кешеге дейін 159 мың дана медициналық масканы қабылдап алдық, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациалық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев.

 

Алматы облысы