Руханият • 17 Сәуір, 2020

Сын сәтте қолдау көрсетейік

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз бар. Еліміз қауіпті індетпен арпалысқан тұста, Мемлекет басшысы түрлі бастамасымен бағыт-бағдарлар дайындап, көшбасшылық танытса, мемлекеттік құрылым жетекшілері халықтың қамы үшін күндіз-түні әрекет етуде.

Сын сәтте қолдау көрсетейік

Ал бүгінгінің батырлары атанған дәрігерлер мен медбикелер қауіпті дерттің бел ортасында жүр. Осы кезеңде мені еліміздің іскер азаматтары деп бағалайтын дәулеттілердің үнсіз отырғаны ойландырады. Оларды миллиардер атандырып, байлыққа ке­нелткен осы елдің қазынасы, бар­ша халықтың несібесінің бір бөлігі емес пе? Ендеше, бүгін­гідей қауіпті індетпен ел болып күресіп жатқанда олардың да елдегі ірілі-ұсақты кәсіп иеле­ріне үлгі-өнеге көрсететін сәті келген жоқ па? Бұл ретте жа­зушы Ғабит Мүсірепов айтқан­дай, «Бізге қарны тойса, қалғып кетпейтін ұрпақ қажет» еке­нін баса айтқым келеді. Басқа мем­лекеттердің бәрінде дәулетті адам­дар өз елі арқылы халқына қомақты көмек көрсетуде. Біздің елде де осындай ірі қолдаулар қол­ға алынса құба-құп. Осы орай­да Тұңғыш Президент – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Egemen Qazaqstan» газе­тінде жариялаған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақа­ла­сында «Кәсіпкерлерге де ар­найы айтарым бар: сіздер тәуел­сіздіктің арқасында өз істері­­ңізді қалыптастырып, аяқта­рыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз келді» деді емес пе?!

Ендеше, бүгінде дәулеттілер жүрегінің елім деп соғар сәтін дәл қазіргі уақытта көрсетуі тиіс. Себебі бүгінде халыққа «Forbes» журналының тізіміне енгендерге қарағанда, ауруханадағы ақ желеңді абзал жандар мәрте­бе­сінің әлдеқайда жоғары екенін көрсетуде. Расымен де, қауіпті індетпен күні-түні күресіп, науқастардың сауығып шығуы үшін өз отбасына жете алмай жатқан дәрігерлер қаншама? Олар халықтың саулығы үшін тәуекелге бел байлап, бұған дейін атқарып келген қарбалас тірлігі тіптен күшейді. Яғни, инфекциямен күрестің негізгі салмағы ақ халаттыларға тү­суде. «Соңғы науқас жазылып шық­қанша үйге қайтпаймыз!» деген олар Гиппократ антына адалдық танытып, аяғынан тік тұрып қызмет етуде. Өйткені науқастардың сауығуында бар үміт – дәрігерлерде. Олай болса, осынау сәтте медицинадағы дәрі­герлер мен басқа да қыз­меткерлерге барша халық демеу болуы қажет-ақ. Демек, әр­бір тұр­ғын өз саулығына бейжай қара­май, елде қолға алын­ған темірдей тәртіпті сақтауы қа­жет. Ал мем­лекет халықтың әлеу­­­меттік жағ­дайына назар ау­дарып, азық-түлікпен, дәрі-дәр­мек­пен қам­ту ісіне басымдық беруде.

Кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар, жекелеген қарапайым азаматтар да қолдан келгенше көпке, бір-біріне демеу болып жатқанын күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп, біліп жатырмыз. Бұл игі істің ортасынан жастардың да табылып, ерікті түрде белсенділік танытқанына сүйсінеміз. Осы орайда ірі-ірі кәсіпкер азаматтарымыз қайда деген ойда қалып жүргеніміз рас. Неге олар осынау шақта елімен бірге болмайды? Неге халықтың ортасынан табылып, ел Үкіметі арқылы қазақ­­стандықтарға қолдау көрсет­пейді? Міне, маған осындай сан сауал маза бермей қойды.

Өйткені бүгінгідей әлемді жайлаған індеттің алдын алу және онымен күрес кезеңінде барлы­ғын бірдей мемлекетіміз шешеді деп алаңсыз отыруға болмайды. Осы орайда өзім бас­қарып отырған бизнес құры­лым­дарының жетекшілерімен кеңесіп, дерттің алдын алуға біз де жұмылдық. Көмек есебінде 1 млн теңге көлемінде қаржы бөлдік. Бұл сан ғасырлық тарихы бар, рухы мықты Қазақ елі өзінің жігерлі азаматтарымен талай қиындықты басынан өткергенде береке-бірлігіміздің арқасында кедергілерді жеңіп шыққанын ұмытпағаннан қолға алынған игі іс еді. Атыраулық фермерлер бірлескен істе белсенді болуға әлі де атсалыса береді. Айтпағым, халқымызға сын сағатта қолдау болуда мүмкіндігі мол қалталы азаматтардың қатары әлі де артса екен деймін.

 

Мұрат САРМАНОВ,

«Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы