Бұл бейнеконференция 21 сәуірдегі УЕФА-ның барлық 55 ұлттық қауымдастығы бас хатшыларының кеңесінен кейін өтеді. Сол жиынның қорытындысы бойынша 23 сәуірде шешім қабылданбақ.
УЕФА-ның ресми сайтының бұған дейінгі мәліметіне сәйкес Еуропаның ең дүбірлі доп додаларын тамыз айының соңына дейін аяқтау туралы идея талқыланған. Яғни, басында 30 мамырда Ыстамбұлда өтуі тиіс болған Чемпиондар лигасы 29 тамызға ауыстырылуы мүмкін.
Олай болса финалға дейінгі ширек финал мен жартылай финал ойындары шілденің соңы мен тамыздың ішінде өтпек. Қазір ширек финалға шыққан төрт команда анықталған. 1/8 финалдың әлі төрт жұбының ойыны бітпеді. Бұлардың ішінде бәрінен Манчестер Сити мен Реал Мадрид командаларының кездесуі тартымды болып тұр.
Сонымен қатар 27 мамырға белгіленген Польшаның Гданьск қаласындағы Еуропа лигасының финалы енді 26 тамызға ауыстырылуы мүмкін.