Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Аграрлық университет мамандары ауыл кәсіпкерлеріне кеңес берді

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде ел өңірлері көктемгі тіршілік қамына кіріскен. Төтенше жағдайға қарап отырған ауыл еңбеккерлері жоқ. Негізгі талаптарды қатаң сақтай отырып, қалайда егістің қамымен дала төсінде жүр.

Аграрлық университет мамандары ауыл кәсіпкерлеріне кеңес берді

Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің білікті ұстаз-ғалымдары ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне кеңес беріп, қолдау көрсету мақсатында аптасына екі рет тікелей онлайн конференция өткізіп келеді.

Онда ауыл кәсіпкерлері мен аграрлық сала қызметкерлері тікелей байланысқа қосылып, өздеріне қажетті ақпараттар мен пайдалы кеңес алуда.

«Өсімдік шаруашылығындағы заманауи технологиялар: жаңа тәсілдер мен шешімдер» тақырыбына арналған кезекті онлайн кеңес барысында ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері, ҒЗИ директорлары, кафедра меңгерушілері С.Б. Кененбаев, Т.Е. Айтбаев, С.Қ. Қалдыбаев, Т.Р. Рыспеков, т.б. сарапшы мамандар ауыл кәсіпкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

Тікелей эфирде Қазақстанның барлық өңірлерінен жолданған сұрақтарға мамандар жауап берді. Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін минералдық тыңайтқыштарды енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде технологияларды пайдалану, егістіктерге мониторинг жүргізу, ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық элиталық тұқымдарын сатып алу, егіс топырақтарының құрамын анықтау, егістіктің бастапқы жағдайын қалпына келтіру, тозған жайылымдарды қалпына келтіру және т. б. Сұрақтарға шаруалар тұщымды жауап алды.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер аймақтардағы тәжірибелерімен бөлісті.

Бүгінде университтегі «Ситуациялық орталық» жұмысы жүйелі жолға қойылған. Оқу орны сайтындағы «АгроДаму» парақшасына фермерлер өздерін мазалаған сұрақтарын жолдауына болады. Университет ғалымдары оларға міндетті түрде жауап береді. Тікелей эфирдегі онлайн кеңестерге университтің facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы арқылы қосылуға болады.

 

АЛМАТЫ