Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Сапасыз мұнай өнімін жалған құжатпен тасыған кәсіпкер сотталды

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында кәсіпорын басшысы сапасыз мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдағаны үшін сотталды.

Сапасыз мұнай өнімін жалған құжатпен тасыған кәсіпкер сотталды

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Батыс Қазақстан облыстық экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында мұнай өнімін тиісті құжатсыз тасымалдаған көлікті ұстап алды. Жанармай «НафтунОйл» ЖШС-нен Қазталов ауданының бірнеше балабақшасы мен мектебіне жылыту маусымына пайдаланылатын ДТ-3-К4 маркалы Еуро стандартына сәйкес дизель отыны ретінде жолданған екен.

Оқиға былай болған: «НафтунОйл» кәсіпорнының директоры 2019 жылы тамыз айында Қазталов ауданындағы оқыту мекемелерімен 59 млн теңге сомасына жалпы көлемі 247 тонна дизель отынын жеткізу үшін бірнеше келісім-шарт жасаған. Алайда, дизель отынының орнына мұнайды екінші рет бөліп алу процесінде алынатын фракциялар (бензин, керосин) қоспасы жалған құжатпен жеткізіліп отырған.

Қазіргі таңда Қазталов ауданының №2 соты зиянкес кәсіпкерді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197-бабының 2-бөлімі бойынша соттады.

Сот ЖШС директоры Е.Серікбаевты 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 50500 теңге айыппұл төлеуге, одан мемлекет пайдасына 1097872 теңге процессуалдық шығындарды өндіріп алуға және Жәбірленушілердің жәрдемақы қорына 5 айлық есептік көрсеткіш – 12625 теңгені мәжбүрлеп аудартуға үкім етті.

«2020 жылғы 10 сәуірде Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен тапсырмаларды орындау мақсатында министрліктің Қаржы мониторингі комитеті сапасыз жанар-жағармайды заңсыз жеткізетін компаниялар мен жеке тұлғаларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде» делінген Қаржы мониторингі комитетінің Баспасөз қызметі.

 

Батыс Қазақстан