Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Түркістан: Тұрғындардың еркін жүріп-тұруына шектеулер қойылды

467 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының орталығында коронавирусты жұқтырудың алғашқы оқиғасы тіркелген болатын. Жетісайға барып келген Түркістан қаласының тұрғынынан вирустың белгілері табылған. Індет жұқтырған азаматпен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы толықтай бақылауға алынып, пәтер карантинге жабылды.

Түркістан: Тұрғындардың еркін жүріп-тұруына шектеулер қойылды

Сондай-ақ Түркістан қаласында ситуациялық орталық ашылып, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына шектеулер қойылды. Бұл туралы жедел штаб жиыны кезінде қала әкімі Рашид Аюпов мәлімдеді.  «Бұл қала карантинге жабылады деген сөз емес. Шектеулер ғана. Дүйсенбі ситуациялық орталық жұмысын бастап, оған полиция, төтенше жағдай, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, дәрігерлер және әкімдіктің әр сала мамандары тартылады. Бейнекамера орнатылып, диспетчерлік байланыс нөмір қарастырылады», деді Рашид Абатұлы. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ендігі жерде қоғамдық көліктің қозғалысына да шектеу қойылады. Тұрғындарға «Алтын бұлақ» көтерме сауда базарынан дүкендерге жөнелтілген азық-түлік жеткізіледі. Одан бөлек, тапсырыс арқылы қызмет көрсетуге 22 көлік дайын. Алдымен, күріш, макарон, картоп, сәбіз, орамжапырақ, пияз, тұз, күнбағыс майына тапсырыс қабылданса, сұраныс бойынша тізім ұлғаятын болады. Жеткізу қызметіне дәріхана, дәмханалар мен мейрамханалар да қосылады.

Қала әкімдігінің 6 мобильді тобы мен полиция қызметкерлері жұртшылықты қажетсіз сыртқа шықпау бойынша түсіндіруді бастап кетті. Сондай-ақ, блок бекеттердегі бақылау жұмысы қатаң қадағалауға алынған.

 

Түркістан облысы