Аймақтар • 18 Сәуір, 2020

ҚызПУ: Ғылыми зерттеуді қашықтан ұйымдастырудың жолдары қандай?

496 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғылыми зерттеуді қашықтан ұйымдастырудың жолдары қандай? Бұл орайда туындаған нендей мәселелер бар? Әлемдік тәжірибе не дейді? Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде осы және өзге де сауалдарға жауап іздеген халықаралық семинар өтті, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметінің басшысы Жандар Асан.

ҚызПУ: Ғылыми зерттеуді қашықтан ұйымдастырудың жолдары қандай?

Қазақстанның жас педагог-ғалымдары Қауымдастығы ұйымдастырған онлайн форматтағы басқосуға Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған Жас ғалымдар Кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының өкілдері, «Болашақ»бағдарламасының түлектері, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының білім алушылары мен қызметкерлері қатысты, деді Баспасөз қызметінің жетекшісі.

Жас ғалымдардың білім мен ғылымдағы интеграциялық үдерістерді талқылау жиынындаҚыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова сөз сөйлеп, басқосу ғылым мен білімнің көкжиегін кеңейте түсуге өзіндік ықпалын тигізетінін атап өтті.

Елбасымыз педагогикалық білім беру саласы алдында Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті жас ұрпағын тәрбиелеу үшін ерекше белсенді, ойы ұшқыр, танымы кең және азаматтық ұстанымы жоғары педагогтар дайындау міндетін қойды. Осы маңызды мақсатты негізге ала отырып, Қазақстан жас педагог-ғалымдары Қауымдастығын құрутуралы бастаманы қолға алған болатынбыз. Қауымдастық еліміздегі мұғалім мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарымен бірлесіп білім беру мен ғылым саласындағы түрлі бастамаларды мүмкіндігінше іске асыруға атсалысып келеді. Қазақстанды әлемдік аренадағы ірі мемлекетке айналдыру жас ғалымдардың еншісіне жүктелген міндет. Санасы жоғары, заманауи технологияларды меңгерген жастардың ғылымға берер мүмкіндіктері мол екеніне сенімдімін, деді университет басшысы.

Сонымен қатар ол Қауымдастықтың негізгі міндетіне тоқталып өтті.

– Ұйымның басты мақсаты – жас ғалымдардың диалог алаңын ұйымдастыру, ғылым мен білімді ұштастыра отырып, жастардың ғылыми идеяларының өндіріске енуіне ықпал жасау. Себебі олардың ғылым жолындағы ашқан жаңалықтары еліміздің дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Ғылыми әлеуетті арттыру  қазақстандық жоғары оқу орындарының басты мүддесінің бірі. Бұл тұрғыда Қыздар университеті сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатыр. Соның бір айғағы бүгінгі жиын деп айта аламын. Семинар жұмысына сәттілік тілеймін, деп атап өтті Гаухар Алдамбергенова.

Екі сағатқа созылған жиын барысында«Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков «Кризиске қарсы шаралар білім мен ғылым сапасының даму құралы», Қазақстан жас ғалымдар Кеңесінің төрағасы, Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин «Карантин жағдайындағы қашықтық жаңа ғылыми коллаборациялар мүмкіндігі», «Болашақ»Халықаралық бағдарламасының стипендиаты, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тағылымгері Бибол Жақыпбаев «Дистанционная взаимосвязь научно-образовательного и исследовательского процессов в условиях самоизоляции» және Түркияның Анкара университетінің постдокторанты Эльмира Уайдуллақызы «Түркияның білім беру жүйесіндегі қашықтан оқытудың маңызы мен рөлі»тақырыптарында ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Семинар барысында қашықтан оқыту технологиясын қолданудағы қазақстандық тәжірибе ғана емес, сондай-ақ Ресей және Түркияның білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар да айтылды. Бұл ғылым жолындағы жастардың кең тұрғыда ойланып, жан-жақты зерттеу жүргізуге және талдау жасауға дайын екендігін көрсетті. Бұл жақсы нәтиже деп санаймыз, – дейді семинар қатысушылары.

Жиын аясында Білім және ғылым министрлігіне қарасты Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Алмагүл Құлтуманова бірнеше ұсыныс білдірді. Олардың қатарында қашықтан оқытуға байланысты оқу-әдістемелік нұсқаулықты қолға алу, бітірушілердің дипломдық және диссертациялық жұмыстарының тақырыптарын жұмыс берушілермен бірлесе отырып бекіту, карантин жағдайына байланысты дипломдық және магистрлік жұмыстарды TEDx форматында қорғау сынды мәселелер бар.

Семинар барысында қатысушылар спикерлерге тақырыпқа орай сұрақтар қойып, өзіндік пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Жиын соңында арнайы қарар қабылданды.