Аймақтар • 19 Сәуір, 2020

Қызылорда: Қаражат үнемді және уақтылы игерілуі тиіс

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы электр тарату мен жылу беру орталықтарын аралады.

Қызылорда: Қаражат үнемді және уақтылы игерілуі тиіс

«Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ компаниясында облыс басшысына аймақтағы электр желілерінің 70 проценті ескіргені баяндалып, станцияларды жөндеу жұмыстары жайлы айтылды. Биыл жүзеге асырылатын қайта қалпына келтіру жұмыстарына облыстық бюджеттен 166 млн теңге қаралған. Жоспар бойынша аймақта 52,69 шақырым электр желісі мен қосалқы 14 станция жаңалануы тиіс.

– 2020-2021 жылғы жылу беру маусымына дейін ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазір облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 98 МВт құрап отыр. Оның 62,3 МВт (63,6%) сыртқы энергия көздерінен алынса, 35,7 МВт (36,4%) қуатты «Қызылорда жылуэлектрорталығы» МКК мен «СКЗ-U» ЖШС өндіреді, - деді «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ компаниясының басқарма төрағасы М. Кәрімбаев.

Гүлшара Наушақызы 1964 жылы пайдалануға берілген «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінде де болды. Қызылорда қаласын жылу және электр қуатымен қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорын жылу беру маусымын аяқтап, келесі жылу беру маусымына дайындықты бастап кеткен.

Аймақ басшысына 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты түрде өткені және жаз айларында жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Сондай-ақ, кәсіпорынның халықаралық қаржы институттарынан алған несие көлемі жөнінде ақпарат берілді. 

Кәсіпорын 2014 жылдың 18 желтоқсанында "Қызылорда қаласының жылумен жабдықтау жүйесін салу және реконструкциялау" жобасын іске асыру мақсатында Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен жалпы құны 37,3 млн АҚШ доллары болатын кредиттік шарт жасасты. Жеңілдік кезеңі 3 жыл деп белгіленді. Несиені қайтару кезеңі басталып кетті. 2027 жылға дейін қарызды толық өтеуіміз керек,- деді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ның директоры Р.Нұрмағанбетов.

      Кәсіпорынның №1 газотурбиналық қондырғысын күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Ол үшін облыстық бюджеттен 599 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

        Нысандарды аралау қорытындысында, аймақ басшысы жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары кестеден кешікпей орындалып, бөлінген қаражат уақтылы әрі үнемді игерілуі қажеттігін тапсырды.