Аймақтар • 20 Сәуір, 2020

Оралда жексенбі күні 16 науқас тіркелді

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

19 сәуір күні түнгі сағат 23.10.-да Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 62-ге жеткендігі мәлім болды. Соңғы тәулікте коронавирустық инфекция табылған 16 азамат та Ресей Федерациясынан келген.

Оралда жексенбі күні 16 науқас тіркелді

«19 сәуірде Батыс Қазақстан облысында «COVID-19» инфекциясын жұқтырған 16 жағдай тіркелді. 16 азаматтың 6-ы – Батыс Қазақстан облысының, 8-і – Түркістан облысының тұрғындары. Барлығы да Ресей Федерациясында вахталық әдіс бойынша жұмыс істейтін азаматтар. Сондай-ақ, 2 азамат – Ресейдің Саратов қаласынан келген Жамбыл облысының тұрғындары» деп хабарлады облыстық жедел штаб.

16 науқастың 14-і – Ресей Федерациясының Саратов облысымен шекарадағы «Тасқала» бекетінен, ал 2 адам – Ресей Федерациясының Самара облысымен шекарадағы «Сырым» бекеті арқылы шекарадан жаяу өткен. Шекарадағы тексеру кезінде ешбір сырқат белгісі байқалмағанымен, олар алгоритмге сәйкес карантиндік стационарға жатқызылған болатын. Сол жерде жасалған диагностикалық зерттеу қорытындысы 16 адамның да науқасқа шалдыққанын көрсетті.

«Науқастардың барлығы да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыс жүргізілді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасудай дейді облыстық жедел штаб.

 

Батыс Қазақстан