Аймақтар • 20 Сәуір, 2020

Қызылорда: Сол жағалау жобасы жалғасады

1658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдарияның сол жағалауындағы нысандармен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Қызылорда: Сол жағалау жобасы жалғасады

2017-2019 жылдар аралығында сол жағалауда мемлекеттік бюджет және жеке инвесторлардың есебінен көпқабатты 48 тұрғын үй, Жастар ресурстық орталығы, Қазақ орталық атқару комитетінің музейі, «Болашақ» университетінің оқу корпусы, 700 орындық жеке мектеп және 320 орындық балабақша бой көтерген.

«Болашақ» университетінің 12 қабатты ғимаратында «Болашақ-Стартап» инновациялық идеяларды іске асыру орталығы, коворкинг орталығы, ғылыми-зерттеу институты, агробиотехнологиялардың ғылыми зертханасы, әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы, телестудия, дизайн және хореография студиялары, жастар театры жұмыс істейді.

Жастар ресурстық орталығында IT-park, фитнес зал, кітапхана, коворкинг бөлмесі және антикафе бар. Мұнда студенттер мен оқушылар ақпараттық технологиялардың қыр-сырына үңіліп, білімдерін арттыра алады. 3D студия және роботтандырылған техниканы меңгеруге де мүмкіндік қарастырылған.

Аралау барысында облыс әкіміне сол жағалауда салынатын әлеуметтік-мәдени және білім беру нысандар туралы мәлімет берілді. Жобаға сәйкес алдағы уақытта мұнда 300 орындық көпбейінді аурухана, 300 орындық физика-математика мектебі, драма театр, 900 орындық орта мектеп, неке сарайы және бизнес орталық бой көтереді.

Қазір  көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тағы көпқабатты 12 үйдің құрылысы басталады деп күтілуде.

Аймақ басшысы Шіркейлі каналы арқылы өтіп, сол жағалау мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін байланыстыратын көпір құрылысымен танысты.

Төрт жолақты көпірдің ұзындығы - 102,8, ені - 21 метр. Құрылыс жұмыстары республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Қазір республикадан қаралған қаражат толық игерілген. 

– Облыста қаржыландыруды қажет ететін жобалар көп. Басталған жобалар, атап айтқанда осы көпір құрылысы дер кезінде аяқталуы керек. Сонымен қатар біз тұрғындардың, әсіресе аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын ойлауымыз қажет. Сондықтан қаржыны бөлер алдында, бүгінгі жағдайға икемделген, ең қажет деген жобаға басымдық беріледі, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы нысандарды аралау соңында сол жағалауды дамыту жобасы жалғасатынын айтып,  әсіресе тұрғын үй құрылысының сапасы мен мерзіміне көңіл бөлуді тапсырды.