Аймақтар • 20 Сәуір, 2020

Кентауда ұстаздар аллеясы салынуда

732 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанға іргелес Кентау қаласында салынатын аллеяда орындықтардың барлығы сызғыш, өшіргіш, бор секілді мектеп құралдарының кескінімен жасалады. Ал, көше жарықшамдары қаламсап қалпымен орналасады.

Кентауда ұстаздар аллеясы салынуда

Қазіргі кезде аллеяда құрылыс жұмыстары басталған, жол төселіп, ағаштар реттелуде. Жоба авторы сызу пәнінің мұғалімі Нұрлыхан Ахпамбетов алдымен қала әкімі Дәурен Махажановтың қабылдауында болып, шаһарға ұстаздар аллеясының қажеттігін айтқан. Осы мақсатта жер беруін сұрап, жобамен таныстырыпты.

«Эскиздерін сәулетшілермен бірге сыздық. Авторлық құқық бойынша арнайы тіркелдім. Аллеяда кітапқа ескерткіш қойылады. Кітаптың ортасына орналасқан субұрқақтан су атқылағанда бейнебір парақтары ашылып жатқан сәтті көзге елестете аласыз. Қауырсын қаламсаптың тұғыры да осы аллеяда орнатылады. Сондай-ақ халық серуендегенде балаларын ойнататын алаңшалар жасалады. Одан бөлек, әр орындықтың жанына шахмат тақтайшасын орнату жоспарымызда бар», дейді Нұрлыхан Еламанұлы.

Аллеяны мұғалімдер күнінің қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.