Қоғам • 20 Сәуір, 2020

Жемқорлардың жазасын қатаңдатуды ұсынды

208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парамен шатылғандардың жауапкершілігін күшейтіп, жазасын өтеу мерзімін ұзартуды ұсынды.

Жемқорлардың жазасын қатаңдатуды ұсынды

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес агенттік жаңа бастамаларды қолға алып отырғанын мәлімдеді. Соның бірі – жемқорлардың жауапкершілігін қатаңдату мәселесі. Бұл ретте ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысымен сотталған адамдардың жазасын өтеу мерзімін ұлғайту ұсынылып отыр.

Мұндай шешімге келерде БАҚ беттерінде жарияланған материалдарға мониторинг жасалған екен. Нәтижесінде сотталған жемқорлардың шартты түрде бостандыққа шығуы қоғамның ызасын тудыратыны байқалған. Көпшілік бюджет қаражатын миллиондап жымқырған және лауазымын асыра пайдаланған тұлғалардың жазаны жеңілдетуге болмайды, олар мерзімін толық өтеуі тиіс деген пікірде.

Бұған қоса агенттік өкілі арнайы сауалдама жүргізгендерін, оған 58 мың адам қатысқанын атап өтті. Респонденттердің 63%-ы жемқорлардың әділ жазаланбайтынын және олар үшін жазаны жұмсартудың құқықтық амал-шарғылары бар екенін алға тартқан.

Сондықтан агенттік сыбайлас жемқорлықтың жазасын барынша күшейтуді қарастырып жатыр. Ұсыныстардың ішінде жемқорларға салынатын айыппұлдарды алып тастау мәселесі де қозғалған. Бұл олардың жазасын жеңілдетуге, судьялардың бұра тартуына сеп болады деген көзқарас бар.