Қазақстан • 20 Сәуір, 2020

Карантиндегі Қазақстан: Онлайн форум, хоум-кеңсе тәжірибесі сынақтан өтіп жатыр

509 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Пандемияның әсеріндегі катаклизм мен карантин жағдайында Қазақстанның көптеген ірі компаниялары мен мемлекеттік корпорацияларын қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс режиміне ауыстырылды. Басқаша айтқанда жалдамалы кеңсені  «хоум-кеңсеге» ауыстырудың артықтылықтары мен кемшіліктерін әрбір адам жеке тәжірибесі арқылы сынақтан өткеруге мүмкіндік туды.  

Карантиндегі Қазақстан: Онлайн форум, хоум-кеңсе тәжірибесі сынақтан өтіп жатыр

Карантинге оқшауланған 1 ай мамандықтардың бәрі бірдей қашықтан жұмыс істеуге икемделе бермейтінін, ал біразы жұмыс кеңесін   «хоум-кеңсеге» алмастырса да жұмыс жалғаса беретінін көрсетті. Ептілер дағдарыстың тырнағынан да армандауға да батылың бармайтын мүмкіндіктерді жұлып алып, кәсібіне айналдыра бастады. Бұрын табалдырықта тұрған онлайн жүйесі бір  айдың ішінде төрімізге озып, күнделікті қажеттіліктердің біріне айналып келе жатыр. Бір айдан бері  бизнес пайда табудың жаңа мүмкіндіктерін алдымызға жайып салып, жаңа экономикалық дәуірдің пайда болғанына куә болдық.

Себебі вирус бәрін өзгертті!

Тұтынушыға нарықты өзгертетін жаңа талаптар қойылды. Мемлекеттік қызметтің бір тармағы болып келген қызмет түрлері қажеттіліктерді қанағаттандыра алмаса бизнестің еншісіне көшеді. Мектеп интернетке көшті, ойын-сауық шаралары аренадан ойын жүйелеріне ауысты. Театрлар мен концерттер әлеуметтік желілерде тікелей көрсетіле бастады. Пандемия қашықтықтан жұмыс істеудің маңыздылығын арттырғанын айтып жатыр. «Жеке секторда хоум-кеңсенің тиімділігін сезіп қалғандар енді бұрынғы өміріне  ешқашан оралмайды. Себебі кеңсе үшін берілетін жал ақысы, коммунальдық төлемдер. Қазір қашықтан жұмыс істейтін мекемелер «хоум кеңседегі» қызметкерлеріне интернет трафикасы үшін өтемақы төлеуді қолға ала бастады. Пандемия әлемді бір тарының қауызына сыйдырып жіберді. Вебинар арқылы өтетін жиындардың тиімділігін бизнес те, мемлекеттік қызмет те сезіп қалды. Алғашқы аптада мемлекеттің цифрлық жүйесі сыр беріп қалды. Бұған дайындығымыздың деңгейі себеп болды. Себебі экономиканы цифландыру  кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Алдағы уақытта цифрализация барынша көңіл бөлінуі, жеделдетілуі тиіс», дейді сарапшылар.

Сарапшылар біз факторға дайын болмағанымызды айтады. Тіпті артықшылықтарын білсек те, психологиялық жағынан да дайын болмаппыз.

Фантастика емес, бұрын қабылдағымыз келмеген шындықтың жаңа моделімен бетпе-бет тұрмыз.

Көпшілігіміз еріксіз қабылдаудың алғашқы сатыларынан өтіп, қалыпқа келе бастап, жан-жағымыздағы елдердің тәжірибесін саралай бастадық. Бұрын шетелдік сапар, қымбат қонақ үй, фуршеттер арқылы шешіліп келген мәселелер үйдегі кабинетте, компьютрдің көмегімен шешіліп жатыр. Цифрализациясы дамыған елдер үшін қалыпты жағдай екен. Мысалы, Оңтүстік Корея, Жапония, ҚХР-да мемлекетік қызметкердер шетелдік іс-сапарларға өте сирек шығады екен. Шыға қалса, шақыртушы елдердің қаржысымен ғана барады.

Дамыған елдердің тәжірибесіндегі  хоум-кеңсе, вебинар форум дегендердің бізге жеткеніне айдан асып барады. Әзірге, қашықтан жұмыс тек карантин кезіндегі уақытша құбылыс деп санайтындар көп болғанмен, үйден жұмысқа деген сұраныс тек өсетінін айтады. Бұл қалаларда кеңсені жалға алу бағасының төмендейтініне алып келеді екен.  2018 жылдың басында IWG жүргізген зерттеу  білікті мамандардың 70%  қашықтықтан жұмыс істейтінін көрсетіпті.

2019 жылы Ресейде Head Hunter зерттеуінің нәтижелері кеңсе қызметкерлерінің 85% келешекте қашықтан жұмыс істегісі келетінін көрсеткен.  Ал АҚШ-та үйден тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлердің саны соңғы 10 жыл ішінде 115% -ға өскен. Бұл сол елдегі жұмыс істейтін адамдардың 2,8% екен. Бұрын тек кинодан немесе кітаптан танып білген құбылыстар бізге де жетті. Ойын-сауық желіден офлайнға ауысқанын, әлемдік жұлдыздардың концерттері интернет-алаңдарда өтетінін көріп жүрміз. Инстаграм арқылы кімнің қалай өмір сүретінін біліп алдық. Интернет-арналар танымал бола бастады.

Сарапшылар сатушыларсыз автоматтандырылған дүкендер, қоймадан тауарлар мен өнімдерді жеткізетін роботтар, хирургтың «үйден» басқаратын тетіктердің көмегімен операциялар жасау, мұхиттың арғы бетіндегі инвесторлардың еліміздің батыс өңірлеріндегі мұнай бұрғылау барысын үйіндегі жұмыс кабинетінде кофесін ішіп отырып басқаруы Голливуд фильмдеріндегі қиял емес, бірақ ертеңгі күнгі шындық екенін күні кешеге дейін айтып келген болатын. Бірақ осылардың бәрі күні кешеге дейін бізге қатысы жоқтай көрініп келгені рас. Караниндегі жағдай, қашықтықтан жұмыс істеуде жинақталып  қалған тәжірибе карантиннен кейін  «үй кеңселеріне» ауысуға себеп бола?» деген сұраққа жауап іздей бастады.

Халықаралық тәжірибеде  бұл  тәжірибе карантинге дейін де болғанын білеміз. Соңғы жылдары бұл тәжірибе бізге де жетті. Бірақ ресми статистикада олардың нақты саны туралы деректер мәліметтер базасына енбеген. Сол себепті оның тиімді тұстары және кемшіліктері туралы күні бүгінге дейін кең ауқымда сараланбай, тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген тіркеспен шектелген. Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбекті өлшеудің статистикалық көрсеткіштері» бюллетенінің мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы республикада жұмыспен қамтылған адамдардың саны 8,7 миллион адам, оның  ішінде  2,1 млн (24%)  өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екен. Бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санатына фрилансердердің енгеніне екі-үш-ақ жыл болды. Қазір кеңседегі уақыттың тығыздығы мен жалақының аздығына көнбей, борттан шығып, еркін жүзуге көшкендер мен жұмыс кеңсесін хоум –кеңсеге ауыстырғандардың   ара-жігі бірігіп кетті.  

«HeadHunter Kazakhstan компаниясының жұмыс іздеу және рекрутинг қызметі маркетинг және PR бөлімі өткен аптада журналистермен вебинар жиында өткен жылы  жылы жұмыс орындарының тек  1,1% -ы қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бергенін айтты.  Ал 2020 жылдың  алғашқы үш айында бұл көрсеткіштер сәйкесінше  3,2% деңгейіне өскен.

Қазақстандағы ең ірі электронды еңбек биржалары дайындаған мәліметтерде үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мамандықтар біздің елде де аз емес екенін айтады. Мысалы, интернеттегі сату менеджерлері, SMM мамандары, маркетологтар, копирайтерлер, дизайнерлер, бағдарламашылар, аудармашылар, интернет-мұғалімдердің басым көпшілігі үйде отырып жұмыс істеуге басымдық береді екен. Жиын барысында түйгеніміз  тәжірибелі, ақпаратты технология саласында білікті мамандардың басым көпшілігі онлайн жұмыс істегенді жөн көреді. Компаниядар да қашықтан  жұмыс істейтін есеп-қисап мамандары, аудит немесе бағдарламашыларға басымдық бере бастаған. «Бұл тиімді тәсіл. Себебі айлық жалақы  төлеудің керегі жоқ. Тек істеген жұмысына ғана ақы төленеді» дейді HeadHunter Kazakhstan компаниясының өкілдері.

«Dasco Consulting Group»  компаниясы стратегиялық департаментінің директоры Тахир Аслялиевтың пайымынша  карантиндік және әлеуметтік оқшаулану жағдайында шалғайдағы қызметкерлердің үлесі өскенмен, шектеулі шаралар алынып тасталғаннан кейін олардың қатары өсетіндігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ал оптимистік болжамдарға сенсек,  оқшаулану жағдайында қашықтан жұмыс істеу тәжірибесі жұмыспен қамтудың икемді формасы деген атпен тәжірибеге енетінінін,  олардың үлесі 8-9% деңгейіне өсетін көрінеді.

Себебі «HeadHunter Kazakhstan»  сарапшылары карантиннен кейінгі кезеңде ресми жұмыс орындарының еңбек шарттарында түбегейлі өзгерістер болады деп үміттенетінін айтып отыр.  Тек қана кез-келген өзгерістерге бейімделе алатын, жаңа технологияларды білетін мамандарға деген сұраныстың артуы әбден мүмкін екен. Қазіргі жағдай  көптеген мүмкіндіктерді әртараптандырып тастапты. Қазір тек жеке сектор емес, мемлекеттік қызметшілердің 70%  қашықтан  жұмыс істеуге көшкен. Сарапшылар карантинде өткен бір ай қашықтан жұмыс істеуге ауысудың  артықшылықтарын сезіп қалғанын айта бастады. Себебі қызметкерді үй кеңсесінде ұстау арзан, коммунальдық төлем, жал ақы немесе интернет тарифтері үшін компания шығын шығармайды.  Бұл жүйе  қызметкердің өзіне де тиімді. Уақытын да, қаржысын да үнемдейді.  «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ  Еңбекті жоспарлау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков біздің елде  қашықтан жұмысқа ауысатын қызметкерлер бұрын да болғанын айтты. Оның түсіндіруінше, адамдардың әлеуметтік жағдайы дұрысталса, цифрализацияның мүмкіндіктері барлық сегментте қолданылса, бұл өте тиімді болар еді. «Бірақ Қазақстанда оның әзірге мүмкін емес екенін көріп отырмыз. Ауылда қарапайым ноутбугі жоқ отбасылар көп. Мұғалімімен онлайн сабақты талқылау үшін балалар ұялы телефондарын арқалап, үйдің шатырына шығып кететінін көріп жүрміз. Біздегі білім жүйесі қашықтан жұмыс жүйесіне көшуге қазір дайын емес екенін көрсетті» дейді Дмитрий Шумеков.

Алайда, спикердің айтуынша, бұрын жиналыстарсыз, іс-сапарларынсыз көз алдыңа елестете алмайтын мемлекеттік  қызмет  қашықтан жұмыс істеуге бейімделіп жатыр. «Карантин  цифрландыру  саласын жетілдіруді тездетуі мүмкін. Карантиннің мерзімі ұзарса, мемлекеттік қызметтердің барлық түрі онлайн  жүйесіне көшсе, бізге  ХҚКО мекемесінің қажеті болмай қалады.  Карантин қалалық,  облыстың, аудандық  деңгейдегі әкімдіктердің штаты шектен тыс үрленіп кеткенін, олардың күні бойы кеңседе отырып, бітіретін жұмыстарын қашықтан орындауға болатынын көрсетті» дейді Дмитрий Шумеков.

Қазақстан мемлекеттік қызметкерлер санынан әлемде көшбасшы елдер деңгейіне жақындап қалғаны туралы мәліметтер бұрын азырақ болса да айтылып қалатын. Тек біздің елде ғана емес, бұрынғы КСРО-ның қол астында болған елдердегі мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктер саны ЕО мүше елдермен салыстырғанда 9 есе көп екен. Дмитрий Шумековтың пайымдауынша,  цифрализацияның  мүмкіндіктері  басы артық қызмет түрлерін де шектеп тастайтыны ақиқат. «Жақын болашақта министрліктер ғана емес, квазисектортағы қызмет түрінің 50 пайызын электронды форматта көрсетуге көшеді. Кеңседе отырып қызмет көрсететін мемлекеттік қызметкерлер санын  көбейте беруге  қажеттілік болмайды» дейді Дмитрий Шумеков

Ал «Dasco»  консалтингтік тобының стратегиялық тәжірибе директоры Тахир Аслялиевтің айтуынша, барлық жұмыс берушілер мұндай ауысуға дайын емес. Біріншіден, жұмыскерді қашықтан басқару қиынға соғады, бұл қосымша күш-жігерді қажет етеді және менеджменттің тиімділігі кез-келген компания үшін маңызды. Бірақ бұл құбылыс та даму жолына енді түскен елдерде ғана байқалады. «Дамыған елдерде қызметінің біліктілігіне күмән келтіру мүмкін емес, АҚШ, Жапонияда қызметкерлерді іріктеу кезінде блокчен технологиясының көмегіне жүгінеді. Арнайы технология үміткердің біліктілігін ғана емес, ұжымға бейімделуі мен күйзеліске төзімділігін де анықтап береді. Біздің елге бұл тараптар жетпей жатыр»   Тахир Аслялиев. «HeadHunter» компаниясы шектеу шаралары енгізілгеннен кейін барлық қызметкерлерін қашықтан басқару режиміне ауыстырды. Ол үшін кейбір ішкі өндірістік процестерді қайта құру қажет болды.

HeadHunter-дің Орталық Азиядағы маркетинг және PR департаментінің директоры Анна Шевченконың айтуынша, бірінші кезекте жұмыстың тиімділігін, қазіргі дәстүрлер мен ұжымның корпоративті рухын сақтауға басымдық берілгенін айтады. «Қызметкерлеріміз командадан алшақтамауы үшін аптасына бір рет менеджерлермен онлайн-кездесулер өткізіліп, күнделікті тапсырмалар талқыланатын бөлімдерде күнделікті бизнес-таңертеңгіліктер өткізіліп тұрады. Дағдарысты басқару комитеті құрылды. Компания әр қашықтағы қызметкерге интернет-қызметтер пакетінің құнын төледі. Ішкі сауалнаманың алғашқы нәтижелері көрсеткендей, hh.kz-те жұмыс істейтін адамдардың 42%  жұмыстың жаңа форматын ұнатады, 58%  кеңсеге оралғысы келетінін айтты» дейді Анна Шевченко.

Демек, карантинге оқшауланған Қазақстанда онлайн-хоум кеңсе тәжірибесі сынақтан өтіп жатыр: Нәтижесінің қандай екенін карантиннен кейінгі алғашқы ай анықтайды.

АЛМАТЫ