Спорт • 20 Сәуір, 2020

Энтони Джошуа кімдермен жұдырықтасқысы келеді?

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аса ауыр салмақ дәрежесінде бірнеше белді нұсқа бойынша әлем чемпионы атанып отырған әйгілі кәсіпқой боксшы Энтони Джошуа алдағы уақытта кімдермен күш сынасқысы келетінін жария етті.

Энтони Джошуа кімдермен жұдырықтасқысы келеді?

30 жастағы алты боксшының есімдерін атаған екен. Олар – Тайсон Фьюри, Деонтей Уайлдер, Джаррелл Миллер, Александр Усик, Луис Ортис және Адам Ковнацкий. Бүгінгі таңда осы жігіттердің барлығы да ауыр және аса ауыр салмақтағы үздіктер санатына еркін енген саңлақтар. Айтулы былғары қолғап шеберлерінің көрсеткіштері мынадай:  

31 жастағы Ұлыбритания өкілі Тайсон Фьюри 31 кездесу өткізіп, 30 рет жеңіске жетті. 21 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бір бәсеке тең есеппен аяқталды. 

34 жастағы АҚШ спортшысы Деонтей Уайлдер 44 кездесу өткізіп, 42 рет жеңіске жетті. 41 қарсыласын нокаутпен ұтты. Бір рет ұтылып, тағы бір бір бәсекеде тең есеп тіркелді.

31 жастағы АҚШ боксшысы Джаррелл Миллер 24 кездесу өткізіп, 23 рет жеңіске жетті. 20 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бір бәсеке тең есеппен аяқталды.  

33 жастағы Украинаның мақтанышы Александр Усик 17 кездесу өткізіп, барлығын өз пайдасына шешті. 13 қарсыласын нокаутпен ұтты.

41 жастағы Куба қабыланы Луис Ортис 35 кездесу өткізіп, 31 рет жеңіске жетті. 26 рет айқын басымдық танытты. Екі рет ұтылып, тағы екі жекпе-жектің нәтижесі есепке алынған жоқ.   

31 жастағы Польшаның өкілі Адам Ковнацкий 21 кездесу өткізіп, 20 рет мерейі үстем болды. 15 қарсыласын нокаутқа жіберді.

Ал Энтони Джошуаның өзі болса, 30 жаста. Англияның Уотфорд қаласында туып-өскен ол кезінде әуесқойлар арасында Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 2013 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүрген Джошуа 24 жекпе-жек өткізіп, соның тек біреуінде ғана ұтылды. 21 қарсыласын есінен тандырды. Атақты боксшы бұл күндері WBA нұсқасы бойынша суперчемпионы, IBF пен WBO нқсқасының чемпионы.