Білім • 20 Сәуір, 2020

Онлайн-дәріс жаңа әліпбидің ерекшеліктерін түсіндірді

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» тақырыбында онлайн-дәріс өтті.

Онлайн-дәріс жаңа әліпбидің ерекшеліктерін түсіндірді

Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен онлайн-дәрісті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

Әлеуметтік желі арқылы әрқайсысы 30 минуттан екі дәріс тыңдалды. Алғашқы дәрісті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Орфографиялық жұмыс тобы: мақсаты, жұмыс принципі, ұйымдастыру шаралары, нәтижелер» тақырыбында оқыды. Ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі негізгі міндет екенін айтып, ҚР Үкіметі жанындағы «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру» жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мақсаты мен міндеттерін, атқарған іс-шараларын, нәтижелерін жан-жақты баяндап берді.

Сондай-ақ Ербол Тілешев Орфографиялық жұмыс тобының уақыт талабына сай ғылыми, әдістемелік насихат жұмыстарына белсене атсалысқандығын, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша орасан еңбек атқарғандығын айтты.

Екінші дәрісті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек «Латын графикалық әліпбидің фонетикалық негіздемесі» тақырыбында оқыды.

Әлімхан Жүнісбек әліпби құрамындағы әрбір әріптің заңдылығы болатыны, ы, і, ұ, ү дыбыстарының акустика-артикуляциялық дәйектемесі, төрт дыбыстың өзара тығыз байланысы, жүйе құрағыш сипаты, әріп үсті дәйекшелердің тілдегі қызметі жайлы тіл мамандарына пайдалы ақпарат берді.

Бұл дәрістерге зейін қойып тыңдағандар өздеріне қажетті пайдалы мағлұмат алды. Дәріске Zoom сервисі бойынша 78 тіл маманы қатысты. Фейсбук желісіндегі ONLINEda bol парақшасы арқылы 34 адам тыңдады.