Аймақтар • 20 Сәуір, 2020

Қызылорда: Карантин режімі жиі бұзылып тұр

466 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде енгізілген төтенше жағдай талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген рейдтер барысында  төтенше жағдай талаптарын бұзудың 678 дерегі анықталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда: Карантин режімі жиі бұзылып тұр

Соңғы тәулік ішінде 500-ге жуық мекеме мен ойын-сауық орны тексеріліп, құқық бұзушылықтың  71 фактісі белгілі болған. 

Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік соты 414 әкімшілік іс қарап, 213 адамға айыппұл салынса, 149 тұрғын әкімшілік қамауға алынып, 51 ескерту берілді.

Екі мәрте әкімшілік жазаға тартылғандардың билік өкілдеріне бағынбай, дөрекілік танытқаны анықталған.

Мәселен, 13 сәуір күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ғимаратында соттың қаралуын күтіп отырған азаматтардың бірі қызметтік міндетін атқарып тұрған полиция қызметкерінің ескертуін елемей, тіл тигізіп, балағаттаған. Дәл осындай оқиға Жалағаш ауданында да орын алған.

Қазір бұл деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 378-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.