Қазақстан • 21 Сәуір, 2020

Әуе компаниялардың жылдық кірісі 300 миллиард теңгеге дейін азаюы мүмкін

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елдегі төтенше жағдайға байланысты қазіргі кезде Қазақстандағы барлық ішкі және 100 пайызға жуық халықаралық рейстер тоқтаған.

Әуе компаниялардың жылдық кірісі 300 миллиард теңгеге дейін азаюы мүмкін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов Үкімет отырысында коронавирустық пандемияға байланысты азаматтық авиация саласының шығындарына қатысты деректерді атап өтті. Азаматтық авиция саласының болжамына сәйкес, жыл аяғына дейін саладағы операциялық кірістердің шығыны  шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін.

Елдегі ішкі және  халықаралық рейстердің тоқтатылуына қарамастан, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жолаушылар тасымалындағы  өсу қарқыны сақталып, жолаушылар саны 1,7 миллионды құраған. Бұл өткен жылдың осы  кезеңімен салыстырғанда 5,2% артық.

Ведомство басшысы осы отырыста әуежайлардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысына тоқталды. Биылғы жылы Түркістанда жаңа халықаралық әуежай мен Шымкентте жаңа жолаушылар терминалын ашу жоспарланып отыр. Үржар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастап, Өскемен және Үшарал әуежайларындағы тағы екі ҰҚЖ-ны қайта құру басталатын болады.

Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында алдағы 5 жылда жергілікті әуе қозғалысына арналған 13 аэродром салу жоспарлануда. Қазіргі кезде жергілікті әуе желілерінде 3 аэродром (Үшарал, Үржар, Зайсан) қолданыста. Ал 13 аймақтық аэродромның құрылысы 2022 жылы басталады деп жоспарлануда.