Қазақстан • 21 Сәуір, 2020

«ҚазМұнайГаз» бензол мен параксилолды экспортқа шығару құқығына ие болды

282 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірілетін мұнай-химия өнімдері бензол мен параксилол REACH халықаралық сертификациясынан өтті. Бұл оларды Еуропалық одақ елдеріне экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясының жұртшылықпен байланыс департаменті хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» бензол мен параксилолды экспортқа шығару құқығына ие болды

REACH сертификаты тек халықаралық сапа сертификаттарын иеленген өнімдерге ғана емес, сонымен қатар Еуроодақ регламентінің талаптарына сай келетін өнімдерге берілетіндігін атап өткен жөн.

Өнімді сертификаттау тұрғындардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін, бәсекелестік пен инновацияларды қолдануды арттыра отырып, химиялық заттардың еркін айналымын қамтамасыз етуге бағытталған. Еуроодақ аумағындағы химия өнеркәсібіндегі барлық кәсіпорындар өндіретін немесе экспортқа шығаратын химиялық заттар туралы ақпаратты тапсырып отыруға міндетті.

REACH сертификатын рәсімдеу бірнеше кезеңмен жүргізілді. Оның барысында тіркеу нөмірін алу үшін барлық қажетті құжаттама дайындалды, импорттаушы – ұйымды, яғни «АМӨЗ» ЖШС Химиялық заттар жөніндегі еуропалық агенттігінде (ECHA) тіркеу, сондай-ақ деректерді бірлесіп беру жүйесіне (Joint Submission) қосу жүргізілді.

Еске сала кетейік, жаңғырту кезінде АМӨЗ-де салынған ароматикалық көмірсутектерді өндіру кешені жылына жоба бойынша 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндіре алады.