30 минуттық шарада әртістер әртүрлі тақырыптағы әдемі әндерді шырқап, қызықты сәттің қабағын балконнан баққан тыңдарман қауымды тәнті етті. Үйде бұйығып отырған көп көңілі бір серпіліп қалды.
Соңғы уақытта жерлестерінің жан-дүниесін баурап, рухани азық сыйлау үшін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері түрлі шаралар ұйымдастыруда. Көбіне қарт адамдар тұратын аулалар таңдалып алынуда.
–Бұл өте жақсы бастама. Үйде қамалып отыру қиын. Барлығымыз бірге бұл індеті жеңіп шығамыз деген ойдамыз,–дейді қалалық мәдинет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова.
Өнерпаздардың өнерлеріне разы болған тұрғындар ақ алғыстарын жаудыруда. Олардың арасында бірге қосыла ән шырқағандар да, концертті видеоға түсіргендері де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай форматтағы концерттік шараға деген сұраныс көбейіп келеді. Алдағы уақытта Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұратын үйлердің ауласында да дәл осындай бағдарлама ұйымдастырылмақшы.