
Бүгін Астанада маңындағы «Қазанат» атшабарында көкпардан өтіп жатқан Азия чемпионаты одан әрі жалғасты.
Осы күні апта басынан бергі елорданың түнерген аспаны ашылып, халық көкпар тартқан жігіттердің өнерін тамашалауға көп жиналды.
Қазіргі таңда осы ұлттық ойынымызды халық арасында кеңінен насихаттау, саламатты өмір салтын қалыптастыру және ойынның техникасы мен шеберлігін игеруге жастарымыздың қызығушылығын ояту аса маңызды болып отыр. Осы орайда елімізде халықаралық, республикалық жарыстарды ұйымдастырып келе жатқан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының жұмысы мен қызметін ерекше атап өткеніміз жөн. Ұлттық спорт түрлерінен мұндай халықаралық жарыстар өткізудің басты мақсаты – қазақтың бай рухани мұрасын жаңғырту және насихаттау. Кеше Азия чемпионатының екінші күні де қызықты және тартысты өтті. Сары құрлық бәсекесінің фавориттері – Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары көпшілік күткендей, кезекті ойындарында жеңіске жетті. Қазақстан құрамасы Ресей командасын 16:1 есебімен, ал Алатаудың ар жағынан келген айырқалпақты ағайындар Түркияны 16:3 есебімен ұтты. Осы күні Тәжікстан құрамасы да алғашқы ұпайларын санап алды. Олар Моңғолия көкпаршыларын 8:1 есебімен жеңсе, алғашқы ұпайларына ие болған Қытай командасы да Өзбекстаннан 6:4 есебімен басым түсті.
Ертең ойындар одан әрі жалғасады. Ал сенбі күні чемпионаттың жартылай финалы өтсе, жексенбі күні командалар өзара Азия чемпионын анықтайды.
Дастан Кенжалин.



Суретті түсірген Ерлан Омаров.