Аймақтар • 21 Сәуір, 2020

Ақтауда 49 жастағы тұрғынның жүрегіне күрделі ота жасалды

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиохирургия орталығының дәрігерлері ерекше ота жасағаны туралы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауда 49 жастағы тұрғынның жүрегіне күрделі ота жасалды

Ізбасар Әбиевке кенеттен жедел жәрдем бригадасын шақыртуға тура келген. Ауа жетіспей демі қысылған, екі аяғы және іші ісіп кеткен ол, шұғыл түрде облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізіледі.

Дәрігерлер 49 жастағы Ақтау қаласының тұрғынында жүре пайда болған жүрек ақауы бар екендігін анықтады. Қос жармалы қақпақшасының кемістігінің төртінші деңгейінен өкпе қысымының көтерілуінен жүрек жеткіліксіздігі пайда болған, бұдан науқас өліп кетуі мүмкін еді.

Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиологиялық орталығы жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, біліктілік санаты жоғары дәрігер Ернұр Ордабаевтың айтуынша, науқаста алдымен демікпе, одан соң бүйрек және бауыр жеткіліксіздігі пайда болған. Толық медициналық тексеруден өткен соң бес сағатқа созылған ота жасалды. Науқас жан сақтау бөлімінен жақында оңалтуға бөлімшесіне көшірілді.

-Кезінде оған ота жасау қажеттігі жөнінде бірнеше рет айтылған. Алайда өзі дер кезінде қаралмай жүре берген. Наурыз айының соңында ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Шыны керек оған қойылған диагноз өте ауыр. Ота жасау кезінде жүректің қақпақшасын бөлшектеп қайта жинадық. Біз науқасты жоғалтып алуға сәл қалдық, себебі оның жағдайы өте ауыр болды. Оның толықтай сауығып кетуі мүмкін, ол үшін барлық дәрігерлік қойылатын талаптарға бағынуына тура келеді, деп атап өтті Ернұр Аханұлы.

Алдағы уақытта науқас міндетті түрде дәрігерлердің бақылауында болмақ. Ал жағдайы қалыпты деңгейге түсуі үшін уақыт керек. Ізбасар Әбиев отадан соң неврология және оңалту бөлімшесіне аударылды.

-Негізгінен жүрегім 2016 жылдан бері ауырып бастады. Күні бүгінге дейін мән бермей жүре бердім, кейде шаншу болатын, уақыт өте өздігінен  жазылып кетер деп үміттендім. Жақында бірден денсаулығым нашарлай түсті, аяқ-қолым қалшылдап тынысым тарылды, шұғыл жедел жәрдем шақыртуға тура келді. Ауруханаға жатқызды, дәрігерлер келіп ота жасау қажеттігін айтты, бірден келісім бердім. Барлығына алғыс айтамын, ота ойдағыдай өтті, дейді Ізбасар Әбиев.

Қазір карантин, сол себепті науқасқа туысқандары жіберілмейді. Ал Ізбасар болса отбасымен тек телефон арқылы байланысып отыр. Осы жұмада үйіне жіберіледі.