Аруақты атадан туған ардақты ер Теңізбай батыр Бабасұлы туралы
Халқымыздың сан ғасырлық тарихи даму жолында талай тар жол, тайғақ кешу қиын кезеңнен өткені белгілі. Солардың ішінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атаумен ел аузында сақталып қалған ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншыларына қарсы ерлік күрестің алатын орны ерекше екендігі анық. Қазақтардың осы кездегі қиын жағдайы туралы Шоқан Уәлиханов: «ХVІІІ ғасырдың алғашқы онжылдығы қырғыз (қазақ) халқының өміріндегі сұмдық уақыт болды. Олардың ұлыстарын жоңғарлар, Еділ қалмақтары әр жақтан талқандады, малын айдап, өздерін тұтқын етіп алып кетті», деп жазған еді. Өмір мен өлім белдескен кезде қазақ халқы өзінің бостандығын көк темірге құрсанған жоңғар жасағынан ержүрек ұлдарының ерен ерлігінің арқасында ғана қорғап қалды. Ат жалын тартып мінген бозбалалар мен рулы елге билік айтқан қарттар бір кісідей сарбаз қатарына еніп, ауылын жаудан қорғады.
Аруақты атадан туған ардақты ер Теңізбай батыр Бабасұлы туралы
Халқымыздың сан ғасырлық тарихи даму жолында талай тар жол, тайғақ кешу қиын кезеңнен өткені белгілі. Солардың ішінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атаумен ел аузында сақталып қалған ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншыларына қарсы ерлік күрестің алатын орны ерекше екендігі анық. Қазақтардың осы кездегі қиын жағдайы туралы Шоқан Уәлиханов: «ХVІІІ ғасырдың алғашқы онжылдығы қырғыз (қазақ) халқының өміріндегі сұмдық уақыт болды. Олардың ұлыстарын жоңғарлар, Еділ қалмақтары әр жақтан талқандады, малын айдап, өздерін тұтқын етіп алып кетті», деп жазған еді. Өмір мен өлім белдескен кезде қазақ халқы өзінің бостандығын көк темірге құрсанған жоңғар жасағынан ержүрек ұлдарының ерен ерлігінің арқасында ғана қорғап қалды. Ат жалын тартып мінген бозбалалар мен рулы елге билік айтқан қарттар бір кісідей сарбаз қатарына еніп, ауылын жаудан қорғады. Олар жасанған жаумен қаймықпай айқасты, ауылдарын құтқарып, ұрпағының бүгінгі бақытты өмірге жетуі жолында шейіт болды. Жауға тойтарыс беруді ұйымдастыру үшін әр аймақта тұратын рулардан жиналған жасақты бір тудың астына біріктіру қажеттігі туды. Жайлауынан айырылып, үдере көшкен рулардың тың қонысқа көшуі қазақ қоғамына да өзгеріс әкелді. Осыған орай ел арасында ортақ келісімді қалыптастыру қажеттігі де туындады. Мұнда халыққа танымал батырлар мен билерге жүктелген міндет зор болды. «Сөйтіп, халықтың қырып-жойылуына жол бермеу үшін, сұлтандар мен рубасыларынан үміт үзген халық өзін өзі құтқаруға кірісті. Сол ауыр жылдарда қазақ жасақтарын Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Малайсары, Наурызбай батырлар мен өзге де есімдері қазаққа аса танылмаған көптеген батырлар басқарды», дейді Ш.Уәлиханов. Кеңестік саясат кезінде есімі елге танымал бола қоймаса да, ерлік істері үш ғасырдан бері туған өлкесінің тұрғындарының жадында мәңгі сақталған жоғарыдағыдай ерлердің бірі, кіндік қаны Торғай өлкесінде тамғанымен, бақилық мекені көне астана – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи әулиенің кесенесінен бұйырған Теңізбай (Мерген) батыр Бабасұлы. Ол кісіні замандастары қол мергендік қасиетіне байланысты «Мерген батыр» деп атап кеткен, тарихи деректерде де көбіне осы жанама атымен аталады.
Мергеннің әкесі Бабас би Торғай-Тобыл өзендерінің арасын жайлаған арғын-қыпшақ пен іргелес Кіші жүз руларына қатар сыйлы елдің талай дауына әділ төрелік жасаған қадірлі қарияның бірі болған. Қазір Қостанай облысының Жангелдин ауданы аумағында оның есімімен аталатын «Бабастың боз қыры» деген жер бар. Кезінде Торғай облысын басқарған Жақан Қосабаев марқұм туған өлке тарихына арналған «Атамекен ақиқаты» деген еңбегінде: «Мерген батыр – Торғай өңіріндегі тоқал арғынның Әйдерке атасынан шыққан атақты Бабас бидің бәйбішесінен туған тұңғышы. Оның нағашы жұрты – Ұлы жүздің албан тайпасы», деп жазған. Ал Қостанай облысының тарихын сараптауға арналған, белгілі тарихшылар М.Қозыбаев пен З.Алдамжардың жетекшілігімен 2006 жылы шыққан «Қостанай» энциклопедиясында Мерген батыр туралы «Мерген (Тенизбай) Бабасулы (1691-1754) батыр, би. Известный глава рода в XVIII в. В месте с Жанибек Шакшакулы возглавил войско против джунгар. За проявленный героизм назван мергеном (снайпер). В Анракайской битве получил ранение. Вместе с Жанибек Шакшакулы принял участие в примирении, просил пойти на компромисс Койгельды батыра, когда он захватил караван, и взял в плен русского посла Карла Миллера. Потомки Мерген би живут в Жангельдинском районе. Похоронен в Туркестане мавзолее Ходжа Ахмета Яссави», деп жазылған.
Мергеннің жасақты жауға қаймықпай қарсы тұрған батырлығымен қатар, талай даудың түйінін шешкен әділ билігімен де аты шыққан. Сондықтан, оны «батыр» деумен қатар «би» деп те атайды. Әрине, Мергеннің қара қылды қақ жарған әділ төрелігі туралы ұрпаққа мирас болған әңгімелер болмаса, жазба деректің қалмағандығы түсінікті. Қариялардың айтуынша, бірде Қаратау бөктерін жайлаған аталас екі байдың жылқысы өрісте қосылып, иелері оны бөлісе алмай таласады. Араздықтың соңы барымтаға ұласып, екі ауылдың да берекесі кетеді. Екі байдың біреуінің көзінің ағы мен қарасына балаған жалғыз ұлы болған. Екіншісінде, мирасқор болмаған. Малынан құрық, төбесінен сырық кетпей дағдарған олар жолаушы Мерген биге: «Ағайын арасының дауын тоқтата алмай қиналдық. Әділ билігің туралы естіп едік. Сондықтан, мына даудың төрелігін айт, ағайынды бітістіріп кет», деп қолқа салады. Сонда Мерген екі байдың жылқысын бір жерге қосып жинатыпты. Байдың кекілін үкілеген құнан мінген жалғыз ұлына өрісте иіріліп тұрған жылқыны ортасынан қақ айырып шауып өтуді бұйырады. Баладан үркіп, екіге бөлінген малды екі байға бөліп береді. «Мен бөлген жоқпын, қыл құйрықты Қамбар ата тұқымы жылқыны ортадан атпен шауып өткен баладан үркіп, тәңірінің өзі бөлді. Біреуіңе көп тиер, екіншіңе сәл аз тиер, ол несібеңе Алланың бұйыртқаны. Алланың бұйыртқанына пенде разы болмақ. Мал дауы осымен тәмам. Қыздың жасы балиғатқа жетсе күйеуге тигенді қалайды, егер ұлың болса қиналғанда сүйенішке жарайды. Бұл бала екеуіңнің де қандасың. Бірақ жалғыз. Жалғыздық жаратушыдан басқаға жараспаған. Орталарыңнан бірігіп қалың малын шығарыңдар. Отауын көтеріңдер. Телқозыдай екеуіңді тең көріп, әкесіндей сыйлап, тәрбиеңді алып өссін. Адамның басы – Алланың добы. Заманың ертең не болмағы тәңірге ғана аян. Сондықтан созбай, шаңырағын көтер. Тұңғышы ұл болса, ұлың жоқ қой, сен бауырыңа бас, жатың емес, жақының, өрісі бір қозы көгенін үзбес. Бұл бала тілеулестерің болуға жарар», деп жас ұланға батасын беріпті. Осындай әділ биліктеріне байланысты Мерген батырды халық батырлығымен қатар би деп те атаған.
Өлкетанушы Мақсұтбек Сүлейменов 2001 жылы «Астана айнасы» газетінде жарияланған «Мерген би» атты әңгімесінде: «Мерген бабамыз дауға түссе дауды, жауға шапса жауды жеңіп шығатын әрі би, әрі батыр болған соң оны арғын-қыпшақ қатар қадір тұтқан. Мерген би осындай атақ-абыройы асқақтап тұрған соң кімге сыйлы болмасын, Ұлы жүздегі Қойгелді батырдың әпкесімен түтін түтетеді», деп жазды. Аталарымыздың айтуынша да Мергеннің бәйбішесі Ұлы жүздің дулат руынан шыққан Сартұлы Қойгелді батырдың әпкесі. Шежіре дерегінше, бұл анамыздың есімі – Асыл. Бидаш Қонарбайұлы, Міркемел Сейітқазыұлы сияқты Торғай өлкесінің шежіресіне жетік аталарымыз да Мерген бидің Асыл анамызбен танысуын аңыз етіп айтып отыратын еді. Мерген би бірде нағашы жұрты албандарға бара жатып, бір ауылдың шетінде құдықтан қауғамен су тартып тұрған бойжеткенді көреді. Қызды сынамақ болған Мерген би жақындап келіп: «Қарындасым, атым сусап келеді, науаға су құйып жібермейсіз бе», деген тілек айтыпты. Бойжеткен болса қолына ұстаған қауғасын жігіттің қолына ұстата береді. Қауғаны шыңырау құдықтан тарта бастаған Мерген шелектің ауырлығын бірден сезеді. Қыз алдында намысты қолдан бермеуге тырысқан ол қауғаны тартуға бар күшін салады. Бейтаныс жігіттің сынынан сүрінбей өткенін көрген қыз, оған: «Ат аяғы жететін жерде менің тартқан қауғамды құдықтан шығаратын жігіт жоқ еді. Шамасы алыстан келген жолаушы болдыңыз ғой», депті. Екеуі осы жолы сөз жарастырып, Мерген албан нағашыларынан қайтар жолда Сарт байдың батасын алып, Асыл анамызды Торғай өзенін жайлаған өз жұрты – арғын еліне алып келіпті. Осы Асыл анамыздың інісі Қойгелді Сартұлы Ұлы жүздің жоңғарға қарсы күресін басқарған батыр, ол кісі де бақилық мекенін жездесі Мерген бимен бірге Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен тапқан. Ол туралы тараздық жазушы Б.Әбділдаұлы кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде «Төле би Ұлы жүздің төбе биі болса, Қойгел