03 Сәуір, 2010

ӘЛҚИССА, НҰРҒИСА!

5165 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Эссе Әлқисса. Дүние көшті. “Құстар, құстар” әнінің әуезімен КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев Жер-Ана құшағына енді. Жұрт көз жасын тыя алмады, үлкен де, кіші де қайғырды, көпке дейін жұбанбады. Ұлы бабасының “ұйқысын күзетпек” болып, Нұрағаң Жамбыл тәтемнің мазары қасынан мәңгілік қонысын тапты. Ғажайып ескерткіш қойылды. Оң қолында домбыра, өңі дәл тірі күніндегідей, дирижерлік жасап тұрған сәттегі бал-бұл жанған нұрлы жүзін көз алдыңа әкеледі. Тасқа жан біткен бе дерсің?! Ал тырналар тізбектеліп ұшып барады, туған жерін қимай барады. Беу-беу, дүние! Содан бері де оншақты жыл өте шы­ғыпты. Кешегі тамсанған жұрттың тілегі сол қа­лыпта. Сағындырған әндері, таңғалдырған күйлері орын­дала қалса, қалың қауым ду қол шапалақтап, Нұр­ағаңның асыл бейнесін көз алдарына әкелері сөзсіз. Осы күндері Нұрғиса Тілендиевтің 85 жылдық торқалы тойын халқы атап өтіп жатыр. Дәл бүгін Алматыдағы Республика сарайында аса көрнекті композитордың ән кеші өтпекші. Нұрғиса қандай адам еді? Заман­дастар пікіріне назар аударалық. Әбдіжәміл Нүрпейісов: Нұрғиса – ғажап талантты жан. Ша­бысты, жүйрік атты сейістер бел­деуде, жабу астында тұрғанда таниды дейді. Ал, Нұрғисаның талантты екені, тұла бойы толған ән, әуен, саз екенін білу үшін онымен бір рет дидарласып, кездессе де жетіп жатыр. Әсіресе, композитор пиджагын жұлып тастап, ақ көйлектің екі жеңін топшысынан асырып, білегінің сағасына дейін түріп жіберіп, пианиноға отырған кезде, о тоба... көрер көзге өзгеріп, аруақтанып, түлеп сала береді. Сол кезде осы бір ақ жарқын, аржайы, ашық жігіттің қарапайым дыбысқа қалай жан бітіріп жібергеніне таңданасың... Балғабек Қыдырбекұлы: ...Нұрғисаның құрбы-құрдастары Нұрғиса құлағымен дирижерлік етеді деп қалжыңдайды. Енді қалай? Әдетте барлық дирижер құлағымен дирижер­лік етеді, құлағымен жұмыс істейді. Дирижердің қай күні құлағы істемей қалса, сол күні ол сахнадан кетеді... ...Қазақтың ұлы Нұрғиса осындай адам, ол қазақ тарихындағы құбылыс... Тұманбай Молдағалиев: ...Ұйықтаған көңілді де, жасанған жақсы өмірді де оятып сәндендіретін, қуат беріп әлдендіретін бір құдірет бар. Оның аты – ән. Жыласаң жұбататын, күрсінсең күлдіретін, қамықсаң аялай­тын құдіреттің аты да ән. ...Нұрғиса Тілендиев музыка аспап­тары­ның бәрінде еркін ойнайды, әсіре­се, ол домбыра тартқанда ғайыптан бір сиқыр ұшып келіп сені арбап алғандай өзіңді-өзің ұмытасың. Оның саусақтары қозғалады, қозғалмайды – билейді, билемейді – ән салады. Өз өнерін өзі қызықтап отырған Нұрекең адамнан гөрі сиқыршыға, қиялдап тұрған құді­ретке айналып кетеді. Ол музыка ойна­ғанда тыңдаушысына да қанат бітеді... Болат Сарыбаев: ...“Қыз-Жібек” фильмінің дүниеге келуі республиканың музыка өмірінде елеулі құбылыс болды. Нұрғиса Тілендиев фильмге компо­зи­тор ғана емес, талантты дирижер, әрі өз шығармаларының орындаушысы ретінде де қатысты. Оның қолындағы домбыра сиқырлы үндер, сан қилы сылқым саздар қоймасындай. Фильмде тұңғыш рет қазақтың ежел­гі музыкалық аспаптары батыл қол­данылды. ...Мұның өзі-ақ Нұрғиса творчество­сының бөлекше құдіретін танытса керек. Ермек Серкебаев: Нұрғисаның өнері, өмірі бір-екі әңгімемен шектелмейді, ол жан-жақты диапазоны кең адам... Нұрғиса шығар­ма­шылығының мол қазынасын бүгінгі жастар үйренуі, пайдалануы керек. Нұр­ғиса үні әлі ұзақ жылдарға жалғасады. Оның музыкалық шеберлігіне, дири­жер­лігіне, сазгерлігіне алып-қосар альтернативам жоқ. Нұрғали Нүсіпжанов: Әрбір әншінің өз ерекшелігі бар. Орындау шеберліктері де әртүрлі. Соған орай олар ән таңдайды. Қай әншіге болса да Нұрғиса творчествосынан өз ерекшелігіне тән әндер мол табылады. Өйткені, Тілендиев творчествосы бір сарындылықтан аулақ... Ол өзінің ән­де­рін орындайтын әншілердің әрқай­сы­сымен болса да творчестволық байла­нысын үзіп көрген емес. Бірақ уақыт өткен сайын атақты ағамыздың қолымен құрған “Отырар сазы” фольклорлық ансамблінің аты көмескілене түскендей еді. Осылай сол кездегі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев мырзаға депутаттық сауал жолдауға тура келді. Ұлттық музыка әлемінің шеңберінен шығып, мұрасы бүкіл түркі дүниесінің ор­тақ қазынасына айналып отырған біре­гей тұлға бар. Ол дүниеге домбыра ұстап келді. Жылаудың орнына әндетті, күмбір-күмбір күй тартты. Бірақ кетерінде күллі қазақты жылатты. “Өлең шіркін көк ала үйрек болып ұшып кетті”. Бірақ оның құстары қалды, жүрегі қалды, “Әлқиссасы” қалды. Қайран Нұрғиса! Біреудің жүрегінде ән болған, біреудің жүрегінде күй болған “Отырар сазының” лағыл үні естілмей барады, ұлы композитордың, Халық Қа­һарманының есімі көмескілене түскендей. Неге, министр мырза! Нұрғиса Тілендиев ХХ ғасырдың ғаламаты емес пе еді?! Күні кеше көз қуанышы, жүрек жұ­ба­нышы болған дара тұлға, кесек мінезді Н.Тілендиевтің әлде сұраушысы, әлде жоқтаушысы жоқ па? Қалың елі – қазағы қайда?! Рас, Қазақстанда сан түрлі конкурс­тар өтіп жатыр. Таланттар да жетер­лік. Әлем орындаушылары қазақ әнін де шарықтата шырқауда. “Жас қанат­тың” қабырғасы қатайып келеді. Яғни, ауызды қу шөппен сүртуден аулақпын. Бірақ Нұрғиса ағамыздай асыл тұл­ға­лардың мұрасын насихаттау, жас ұрпақ­қа таныту ұмыт қалып барады. Сізден, қадірлі Ереке біріншіден, Н.Ті­лендиев атындағы кәсіби әншілер мен кәсіби күйшілердің дәстүрлі республи­калық байқауын ұйымдастыруды сұраймын. Екіншіден, “Өнер” баспасында жос­парланған 8 томдық Нұрғиса Тілен­диевтің симфониялық шығармаларының екі томы ғана жарыққа шықты. Қалғаны қайда? Үшіншіден, Халық Қа­һар­маны, КСРО халық әр­ті­сі, ұлы компо­зитор Н.Ті­лен­диевтің музей үйін ашу­ды қолға алып шешуді сұ­раймын. Өйтпеген жағдай­да күндердің күнінде Нұр­ғиса ағамыздың қолы тиген асыл мұралардан айы­рылып қалуымыз ғажап емес. Обалы не керек, ми­нистр мырза екі жылда бір рет дирижерлердің Н.Ті­лендиев атындағы респуб­ликалық конкурсы өтуіне мұрындық болды. Бірнеше мәрте шығармашылық кештері ұйымдастырылды. Бірақ, қазақ музыка әле­міне өлмес мұра қалдырған адамның Алатауының, Алма­тысының төрінде дәстүрлі түрде өтетін ән мен күй конкурсы жетпей тұрғандай көрінеді. Музей ашу мәселесі де әлі шешіл­ген жоқ. Үкімет ойланар, бір шешімін табар деп үміттенемін. ...Түс көріппін. Жамбыл атам мен Нұрғиса ағам ма­зарына бұл жолы соқпағам. Тіке Бұғы мүйіз – Бес­мойнаққа өтіп кеткенмін. – Неге бұрылмадың, нағашы, – дейді Нұрағам. – Асығыс болдым. Ке­лемін. – Аптықпай жүр. Әлде мен саған нағашы ма едім?... – Ылғи сұрайсыз, ылғи ұмытып қаласыз. Бастысы менің жан ағам емессіз бе? – Айналайын... Оянып кеттім. Есіме сонау сексенінші жыл­дар­дағы бір кездесу түсті. Онда “Қазақстан пионері” (бү­гінгі “Ұлан”) газетінің бас редакторы едім. Телефон шылдыр қақты. Көтердім. – Мен Нұрғиса Тілен­диевпін. Үйге келіп кет. Орнымнан ұшып тұр­дым. Нұрағаны сыртынан малданып, мақтанып жүре­тінім шындық еді. Жалғыз ағам, физика-математика ғылымдары­ның кандидаты, Қазақ политехникалық инс­титутының кафедра мең­герушісі Уәли Қали­жа­новтың шаңырағында бірнеше мәрте қонақта болған. Сонда қолына су құй­ғанмын, батасын да ал­ған­мын. Елу жылдық тойында арнайы ша­қырылған қонақтар ортасында отыр­ғанмын. Бұл бір ғажайып ертегі сәт еді. Жүрегім аузыма тығылды. Айтқан мекен-жайға тез жеттім. Есікті жеңгей ашты. Дариға жеңгем келісті, көрікті жан екен. – Қайным, үлкен бөлмеге өт, – деді. Толқып тұрдым. Имене кірдім. Сәлем бердім. Үлкен столда үш-ақ адам отыр. Төрдің дәл ортасында – Шерхан Мұртаза, оның бержағында Сейдахмет Бердіқұлов, ал сол жағында Нұрғиса Тілендиевтің өзі. Бірден ет келді. Не ішіп, не қойғанымды білмеймін. – Сен Ұзынағаштікі екенсің ғой, бала. – Иә. – Інімсің, Сейдахмет айтты, сен менің нағашымсың... Нұраға бірнеше күй шертті, желпі­ніп, арқаланып отырды. Әр домбы­расының аты бар екен. Соларды кезек-кезек ұстап тартты. Композитор ағам Шилікемерде туғанын, әкесі Тілендінің дәулескер күйші болғанын, Дәурен сал, Бейсебай Қаратаев, Шүкітай Әбдікәрі­мовтың, Иса Тергеусізов сыңайлы өнерпаздардың әсерінен қолына дом­ба­ры ұстағанын айтып еді. Өкінішке орай, бұл адамдардың мұрасынан күні бүгінгі дейін бейхабармын. Мүмкін, өнер зерт­теушілер Нұрағаң шығармашылығының бастауында тұрған бұл адамдар жөнінде мақала жазар. Ал жазылып, оны көрмей қалсам, өз обалым өзіме де. Түс әлеті еді. Екі ағам “жоғары жақ­тан” іздеп қалар деп, шәй ішісімен жұ­мыстарына кетті. Балалар газетінің ре­дакторын жоғары жоқ іздей бермейді деп, қос ағам мені Қособаға тастап жүре берді. – Мен бала кезімде Жамбыл атам­ның тізесінде отырып, сақалымен ойнап, домбырасына таласқанмын, – деп еді сонда Нұрағаң. Нұрғиса ағам, бірді айта отырып, басқа бір әңгімеге ауыса салады екен. Содан Көкшетауға барған бір демалыс сапарында, домбырасыз ауыл көргенін айтпасы бар ма? Мен жата-жабыстым. “Домбырасыз ауыл” деген әңгіме жазбақшымын. ...Әңгіме тез жазылды. Мәшеңкеге бастырып, бір аптадан соң Нұрағаңның үйіне келдім. Кең балақ, алақ-жұлақ пижама киіпті. Әлденеге күйікті. Сөй­леуге де сұлықсыз, керенау кейіпте. Ер­те­леу келгенімді жақтырмады ма, біл­меймін. – Әңгіме жазып әкелдім, әуелі Сізге оқытайын, алдыңыздан өтейін... – Немене, алдымнан өтетін айыпты ма едің ...Айтпақшы, сен менің наға­шымсың ба, әлде мен сенің нағашың ба едім... – Бәрібір ұмытып қаласыз. Керемет бір әңгіме естіп келдім. – Не әңгіме? – Утром – қазы, в обед - қазы, вечером – “Отырар сазы”... Ағам кілт өзгерді. Қабағы жазылып, бетіне қан жүгіріп, күрең тартқан жүзі нұрланып сала берді. – Народ мудрый, бала, – деді ағам. – “Отырар сазы” ұлттың сұранысына жауап беріп тұр. Димаш ағам айтты “Тихон Хренников, он – явление” деп және “Тілендиев үшін қайда, кімге бару керек болса, одан тайынбаймын! Оның құрған этнографиялық “Отырар сазы” оркестрі қазақ музыкасын халықпен жалғастыратын алтын көпір,” – деп КСРО Халық әртісі атағын алуыма жол ашқан адам. Оның аржағында Димаш аға, Дінмұхамед Қонаев тұр. Біліп жүр. Жеңгей шәй әкелді. Қою. Терлеп- тепшіп ішіп отырмыз. – Енді оқы әңгімеңді. Сол “Домбырасыз ауыл” әңгімесін­де мынандай жай суреттелетін. Жаңағы бір әңгімелерден кейін көңілі пәс болып қалды. Келесі үзілісте жігіт­тер жұптарын жазбастан тағы да карта столына отырды. – Ау, бауырларым, карта ойыны қай­да қашар дейсің. Одан да ән айтып, көңіл көтерелік. Әрі келіндер жағын да ескерелік. – Жарайды, Нұрекең айтқан соң болды да. Ән тыңдасақ, ән тыңдалық,- деп Ерсімбек көрші бөлмеге кетті. Сәлден кейін келіншектер де жи­на­лып, диванға жайғасты. Ерсімбек жапон магнитофонын тоқ желісіне қосып, түймесін басты. Шетелдің музыкасы құлақ жара айғайлай жөнелді. Нұрғиса не дерін білмеді. Бір кассета айналып біткенше жарты сағат өтті. Арасында қираландап билегендері де бар. – Ерсімбек, мұныңды қойсаң. Одан да өзіміз ән айталық. Бәрі аңтарылып Нұрғисаға қарады. Ол жайлап басып пианиноның қақпағын көтерді. Клавиш­терді басып-басып жіберді, кәне, қандай ән айтамыз? Мен дайын­мын. – Нұрекеңнің әнін айталық, – деді келіндердің бірі. – Дұрыс, дұрыс. Бәрі шуылдасып осыған келісті. – Сәулем, сәулем, сәулемсің. Басымдағы дәуренсің... – деп Нұрдәулет бастай жөнелді. Оны барлығы: Жақсы болсаң сәулемсің, Жаман болсаң әуремсің, – деп қостай берді. Нұрғиса қып-қызыл болып кетті. “Менің әнім емес қой” деп жұрт көзінше Нұрдәулетті ұялтқысы келмеді. Артынан ескерту жасамаққа бекінді. – Ал біз сіздің өлеңмен ауылдың алты аузын айттық. Енді өз өнеріңізді ортаға салыңыз. Естіп қалайық. Нұрғиса пианинода біраз әннің басын қайырды. Сонан соң Ерсімбекке: – Домбыраңды әкелші. Келіндерге күй тартып берейін, –деді. Үнсіздік. Ерсімбек жұбайына қарады. – Бір домбыра жатушы еді. Қазір оның қайда екенін де білмеймін. Айбек ініңіздің гитарасын әкелсем кайтеді? Енді Нұрғиса назары Нұрланға ауды. – Бізде де біреуі бар еді. Тентек балаңыз сындырып қойған. – Бір болса Мұқаштың үйінде бар, – деді Кәкімбек. – Ән-күйден сабақ береді. Шофер жігіт түн қатып мұғалім үйіне кетті. Біразда аузын қу шөппен сүртіп қайта оралды. Ұстаз үйінде де домбыра болмай шықты. Нұрғисаның сұсты жүзін көріп ұялды ма, Ерсімбек шоферіне “домбыра таппай оралма” деп бұйрық берді. Міне, шай да ішіліп бітті. Арамтерге түсіп Есбол тағы да құр қол оралды. – Домбырасы бар бір үй табылмады, – деді ол. – Мына көрші совхоздың Ералы бөлімшесінде тұратын сиыршы жігітте домбыра бар деп есіттім. Ары-бері қырық шакырым деген немене машинаға. Соған тартып кетсем бе екен? – Мен шофер жігітпен бірге сергіп қайтамын. Сендер алаңдамай, карта­ларыңды ойнап, демала беріңдер. Біз таңертең бір-ақ ораламыз. “Бұныңыз не” деп Ерсімбек айта алмады. “Қалсаңызшы” деп мамандар қоштай алмады. “Волга” мақпал түнге сіңіп ұзай берді. Сүттей жарық аспан астында жүр­ген қандай жақсы. Жарты сағат­тың ішінде Ералы бөлімшесіне де жетті. Шағын ауыл сыртындағы Жылқыбек үйі көрінді. Айдаладағы ай астындағы үй Нұрғисаға сондай ыстық сезілді. Шам жарқ ете түсті. Сыртқа мұрты тебіндей бастаған жас жігіт шықты. Мәшине жарығынан көзін көлегейлей берді. – Төрлетіңіздер, – деді. Өзі бастап үйге кірді. Қиуы келмеген еден сықыр-сықыр етеді. Жас келіншегі жөн сұра­мастан жез самаурынды сыртқа ала жү­гірді. Нұрғиса қабырғада ілулі түрған домбыраны көрді. Көрді де жады­рап сала берді. Үйдің тарлығы да естен шықты. – Қарақтарым, мен Нұрғиса Тілендиев деген ағаларыңмын. Дүй ауылдан бір домбыра табылмай, өздеріңді іздеп келдім. Мен енді сендерге таң атқанша домбыра тартамын. – Аға, – деді Жылқыбек. – Мен сізді сыртыңыздан өте жақсы білемін. Көгілдір экраннан берілген творчес­тво­лық кешіңізді де көргенмін. Сізбен кездесу арман ғой. Асықпай жатып қонақ болыңыз. Нұрғиса домбыраны алып, құлақ күйін келтірді. Өзі де сөйлегелі тұр. Домбыра қолдан шабылған. Сағағы мен шанағының ортасы бітеу ағаш емес, жұқа тері. Нұрғиса мұндай домбыраны бірінші рет көруі. Қобыз іспеттес. “Аққу” күйін тартып берсін. Көптен бері бұлай ойнап көрмеген шығар. Бірінен соң бірін төгіп жатыр, төгіп жатыр. – Домбыраны кім жасады, айналайын? – “Қызыл ту” жағындағы балташы Балтабек деген шебер. – Балташы Балтабек деймісің? Ол кісіні білетін едім... – Аға, сізге тұлпар мінгізсем де, сұңқар байласам да жарасар еді. Бірақ оның реті келмей тұр. Үйімдегі бар байлығым домбыраны алыңыз. Халық кәдесіне жараса болғаны. – Рахмет, айналдым. Бір ауылда бір домбыра болуы керек қой... – Өң мен түстей. Жылқыбек жүйт­кіп бара жатқан мәшиненің шаңы басылғанша соңынан қарап тұрды. Күй ше­бері Нұрғиса іздеп келіп, домбыра тартты дегенге кім сенеді. Мейлі сенсін, мейлі сенбесін. “Волга” Ерсімбек үйіне қарай жүйт­кіп келеді. Шофер жігіттің ұйықта­мағаны сезілер емес. Көзі күлім-күлім етеді. Дәл осы сәт Нұрғиса домбыра туралы, Жамбыл атасы туралы толғау жазу керектігін ұқты. Енді бұл ауылда қала алмайды. Домбыраның сиқырлы үндері жүрегінің әр жерінен менмұн­далап атой салады. Ерсімбек есік алдында жүр екен. Бірақ Нұрғиса сұлық амандасты. Қалаға тезірек жеткізуін өтінді. Кешегі мамандар тағы да жиналды. Шай ішілді. Бәрі сыртқа шықты. – Нұреке! Келгеніңізге рахмет. Жүрегімізге от жағып барасыз. Жер шұқып қалғанымызды өзіңіз де көріп отырсыз. Мына жүйріктің тізгінін ұста­ңыз. Таза көңілімізбен ұсынамыз. – Ерсімбек, пейіліңе, сыйыңа рақмет. Дала адамысың. Еңбегіңе құрмет. Түсінсең, ұксаң болғаны. Мына жорғаны өнерімен өзгеден биік болып қалып бара жатқан бақташы Жыл­қыбекке байладым. Апарып бергейсің... ...Нұрғиса домбыра саздарына елітіп отыр. Бір сәт көзін жұмып Ерсімбек ауылының келбетін еске түсіріп көрді. Бірақ қанша тырысса да домбырасыз ауыл суретін көз алдына әкеле алмады...” – Әй бала, сотталып кетесің, нақты кейіпкерді қайтесің, көр­кем шығарма жаса. Деректі болса, ана идеологтарың басыңа ит-теріңді қаптап, к...нен бір-ақ төбеді. Молодец. Смело. Образно. Кенет әңгіме ауаны өзгеріп сала берді. – Сен “Куә бол” әнінің қалай жазылғанын білемі­сің? – Жоқ, аға. ...Керемет күз еді. Ме­деу атамның жаз жай­лауын­дағы қайыңдар мен емендер жапырағы сыб­дыр-сыбдыр жымырайды. Қоңыр түн. Сансыз аспан­дағы тұңғиық жұлдыздар, ай сығалап қарайды. Сол ағаштардың орта­сында біз. Жеңгең Дариға және мен. Үлбіреген ақ көйлегі ай нұрына шағы­лы­сып, ана қайыңнан мына қайыңға жүгіріп, құдды бір перінің қызындай жан дүниемді тербетіп жіберді. Ай сұлу ма, әлде Дариға сұлу ма? Жұлдыз сұлу ма, әлде Дариға сұлу ма? Өзім де білмей қалдым. Оған Алатауым куә, мен куә, енді естіген сен куә. “Куә бол” осылай туған. – Нургис, баланың көзінше не айтып кеттің, – деп Дариға жеңешем мұз­датқыш ішінен шағын гра­фин алып, ортамызға қой­ды. Ішіне лимон қабық­тары салыныпты. Ап-ащы арақ, тәп-тәтті көрінді. Мен композитор ағам айтқан сөзге имандай сенгем. Әлі де сенемін. Ресми деректен де хабарым бар. Т.Ахтановтың пьесасына орай режиссер Пұсырмановтың өтінішіне сәйкес жазылған ән. Пьеса кейіпкерлері Ләззат пен Нияздың орнына компози­тор ағам өз жүрегінің, өз махаббатының лүпілін салған деп ойлаймын. – Тұманбаймен қалай едің? – деді Нұрғиса ағам кенет. – Көкем ғой... Тек кин­га дейтін карта ойна­тып, ақшамды сыпырып алатыны болмаса... Тұмағаңмен тонның ішкі бауындай жақын екенімді көрсеткім келген. – Тұманбай ешқашан Нұрғиса, Нұрғиса ешқашан Тұманбай бола ал­май­ды. Ал екеуі үндес, егіз десең де бо­ла­ды. Бір-бірімізді түйсікпен түсінеміз. Өлмес әндер сонда ғана туады. “Құстар, құстар” – бұл философия, ол – образ мышления, ол – поиск познания. Ол Пушкин айтпақшы - наш памятник...” ...Адам күнде көңілді жүре бермейді. Ол да табиғат секілді. Бірде шуағы, бірде дауылы, бірде жауыны. Бірақ Алланың күнінің бәрі жақсы. Ком­позитор да өмірді көрініс арқылы қабыл­дап, ойға ой қосады. Жүрекпен қабылдайды, жүрекпен сезінеді. Сондай көңіл толқыны орнаған сәттердің бірі еді. Нұрғиса үйірінен айырылып қалған қанаты жаралы, тырнаны көреді. Оны қарғалар басынып, қанаттарымен қағып түсіруге әлек. Жан беру де оңай емес. Тырна ағаш бұтағынан тырнағын жазар емес. Ал аспанда құстар тізбектеліп ұшып барады. Тырау-тырау тырналар да солай үшбұрыш болып көз ұшында кетті. Осы көрініс Н.Тілендиевтің көңіл көзіне ерекше әсер етті. Жан дүниесі өзгеріп сала берді. Өксік пе, мұң ба, әлде бір орны толмас сағыныш сазы ма, санасына әуезді әуен қонақтап жатты. Сол сезім аласапыранымен үйге келді де пианиноға отырды. Күйсандыққа тіл біткендей жүрек қозғарлық әуез бөлме­ні кернеп кетті. Нотаға да тез түсірді. Ақын Т.Молдағалиевқа телефон соқты. Жаңа ғана өзі куә болған құстар тағдыры туралы егіле айтты. Әуенді телефон арқылы ақын інісіне тыңдатты. – Түсіндім. Өзім хабарласамын. Тұманбай ақынның да сезімтал көңілі композитор бауырының селт еткен сезімінің ұшқынын бірден ұқты. Ұшып кеткен құстармен өтіп бара жатқан өмірді салыстыра, теңдестіре түйсінді. Айтпай түсінді. Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр, құс қайтып. Зымырайды менің бала кезімдей Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей. Ән тексі ақын жүрегінен құйылып жатты. Сазды әуеннен айырылып қалмайын дегендей өзі де ыңылдап, сол бір әнді айта берді, айта берді. Ән тексін Нұрағаң телефонмен жазып алды. Енді ән мен сөз қабысып, бір-бірінен балталасаң да бөле алмай­тын қорытпаға айналды. Ол ән пади­шасына лайық гимн болып орын ала­тын туындыға айналатынын екеуі де сезіп еді. – Нұрғиса ағам маған ешқашан ән тексінің мазмұны осылай болуы керек деп айтқан емес. Көбінесе Нұрекең жаңа әнді күйсандықта бірнеше мәрте орындайтын. Сонан соң мен ақ қағазға отыратынмын. Көп әндеріміз осылай дүниеге келді. Тек “Құстар, құстар” әні ғана телефонда ойналған сарынмен жазылды. Композитор мен ақынның бір-бірін түйсінуі осы болар, – деген еді сырлас сәттердің бірінде Тұмаш ағай. Ән – текст – әнші үшеуі үйлесімін тапқанда үшеуінің де бағы жанады. Сондықтан да Н.Тілендиев кәсіби ақындармен жұмыс істеді. М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ә.Дүйсенбиев, О.Әубә­кіров, Н.Әлімқұлов сияқты атақты ақындар ән тексін жазды. Нұрғисаның өзі де өлең шығара беретін. Бірақ кәсіби ақындар ғана поэзияның жанын түсінетінін жақсы білетін. Сондықтан да ұйқас қуған өлеңді емес, сұлу сырмен өрнектелген сөзді қалайтын. Өзі шығарған әндердің әншісін де өзі іздейтін. Сондықтан да Н.Тілендиевтің ғажайып әндерінің ба­ғын Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ә.Үм­бетбаев, Р.Мұсабекова, Ж.Омарова, Б.Жылысбаев, С.Әбусейітов, Б.Әші­мова, Н.Нүсіпжанов, М.Қазтұрғанова сынды әншілер ашты. Сондай бағы жанған әндердің бірі “Жүрегім менің” еді. Нұрғиса – Тұманбай – Майгүл! – Нұрғиса жаман ән шығара ал­майды, мен жаман текст жаза алмай­мын, Майгүл жаман ән айта алмайды, – деп еді бірде Тұмағаң. “Жүрегім менің” толғағы жеткен, ойландыратын да, толғандыратын да туынды. Адам жанына бойлау, адамның рухани әлеміне үңілу сияқты асқақ ойларға жетелейтін ән, профессор Ш.Елеу­кенов атап өткендей, “Үш талант өмір жырын – жүрек сырын сөйтіп, өнердің мейрамына айналдыр­ды. Бұл мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихындағы тамаша оқиға болды”. Ақиқаты осы. Н.Тілендиевтің шоғырлы жұлдыз сияқты күйлері туралы да мың бір тол­ғау жазуға болады. “Ата толғауы”, “Аңсау”, “Көш керуен”, “Махамбет”, “Сүйінбай сазы”, “Бестөре”, “Аққу”, т.б. күйлері қазақ өнеріндегі эпикалық рухты шығармалардың қатарына қосылды. “Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла” деген ұлы Абай ақынның осы бір сөздері Нұрғиса Тілендиевке де қатысы бар сыңайлы. Мен Нұрғисаның “Әл­қиссасынан” осындай үйлестік аңғара­мын. Өйткені, “Әлқисса” сөз басы, ол Н.Тілендиев күйлерінің күй басы. Ол композитор жүрегінің аманаты, сыры, мұраты. Ол кіріспесі, кіші сағасы, негізгі тақырыбы, қайырмасы, үлкен сағасы, содан негізгі тақырыпқа қайта оралып қайырмаға түсетін ерекше күй. “Әлқисса” арқылы Н.Тілендиевтің бүкіл шығармасын ойша қайталап, жүрек елегінен өткізіп отырасың. Шертпе күй мен төкпе күй үйлесім тауып, өзіне шақырып отырады. Күйдің ерекшелігі де, құдіреті де осында жатыр. Әлқисса – Нұрғиса! ...Жамбыл ауданынан әрі өтіп, бері өткенде Жамбыл бабам мен Нұрғиса ағамның басына соқпай кетпейтін болдым. Құран бағыштап, қол жайып Астанама ораламын. Көзден де, көңілден де кетпейтін көріністерді еске алып, осындай ғажайып талант иесін таны­ғаным үшін өзімді бақытты санаймын. ...Халық Қаһарманы атағын алып, өз тағдырының жұлдызды сәттерін бастап өткеріп тұрған Нұрғиса ағамның шуақты күндерінің бірі еді. Аға ауруханада жатты. Сәлем бере бардым. Қасында ұзақ отырдым. – Халқына қалтқысыз қызмет еткендер әр елде де бар. Бірақ қай елдің патшасы ауруханада жатқан ақсақалын қадірлеп келіп, көңілін аулап жатыр. Ондай кісілікті, ондай ізетті естігенім де, көргенім де жоқ. Бұл айналайын Нұрсұлтан, сенің көшелі ісіңнің бірі, көрегенділігің. Тәңір жарылқасын! Қазір ел киесі, қазақ киесі өзіңде. Бағы да саған қонған. Сондықтан ел ақсақалдарының бірі ретінде екі тілегім бар. Бірі – Сенің қасиетті қолыңнан “Халық Қаһарманы” атағын алатын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ұл-қыздар көбейсін! Екіншісі – айналайын Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы, уыз ішкен еліңмен у іше білетініңе сенемін..., – деп хат жазып еді сонда Нұрғиса ағам. Бұл кездесу ғана емес, қоштасуымыз да болып шықты. Бір кезде Нұрағаң: – Әй, осы екеуміз бір-бірімізге кім едік? – демесі бар ма? Жымия күлді. Жүзі нұрланып тұрды және ол сөзді жақсы көріп айтты, еркелетіп айтты. Өзімсініп, інісініп, бауырсынып айтты. Кенет үлкен салалы саусақтарын қолымның үстіне қойды. Ұзақ отырды. Алақаны жып-жылы. Оның табын әлі күнге сезгендеймін. Суретке түстік. Өкінішті! Ертесіне Нұрғиса Тілендиев туған жерін қимай, туған жеріне сыймай, үлкен жүрегі құс болып мәңгілік мекеніне ұшты да кетті. Әлқисса-Нұрғиса! ...Астанада үлкен мерекелік концерт жүріп жатты. Сахнаға “Отырар сазы” фольклорлық-этнографиялық оркестрі шықты. Оркестрдің көркемдік жетек­шісі, әрі бас дирижері Дінзуһра Нұрғисақызы Тілендиева. Сүйріктей, сымбатты қызымыздың сиқырлы таяқшасы оркестрге жан беріп, ғажайып күй толғау орындалып жатты. Сахнада Нұрғиса ағаның өзі тұрғандай сезін­дік. Сиқырлы әуеннің сазына еліктік. Ду қол шапалақтан Конгресс-холл іші жаңғы­рық­ты. Әлқисса-Нұрғиса!.. Уәлихан ҚАЛИЖАН,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.