Аймақтар • 22 Сәуір, 2020

Атырау: 150 мыңнан астам маска тегін таратылады

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімдігі 150 мыңнан астам масканы тегін таратуды көздеп отыр.

Атырау:  150 мыңнан астам маска тегін таратылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл үшін демеушілер мен белсенді кәсіпкерлер тартылған. Соның ішінде  «Мұнайсервис» ЖШС-нің басшылығы 156 мың маскага жететін 12 000 метр мата сатып алып берген. Бұл матадан бірнеше кәсіпорын («Sari Suppliers», «Safety Systems», «Mastertex», «Саңыраулар қоғамы ӨК», «ЭРТРИ» ЖШС) мен ерікті жастар тобы маскаларды тегін тігуде. Бүгінге дейін  12 мың маска тігіліп, әлеуметтік әлсіз топ мүшелеріне, алдыңғы шепте қызмет көрсетіп жүрген азаматтарға тегін таратыла бастады.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, облыс әкімдігі бұған дейін ірі компанияларды тартып, өңірдің медициналық қызметкерлеріне қажетті құрал-жабдықтар алған. Ендігі кезекте әлеуметтік әлжуаз топтар мен алдыңғы шепте жүргендерді тегін маскамен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын табады.   

Әкімдіктің тегін маска тігіп тарату шарасына атсалысқандардың  бірі – 32 жұмысшысы бар  «Master Tex Atyrau» ЖШС-нің директоры Болатбек Төлеубектің айтуынша, кәсіпорын күн сайын 800 қорғаныш маскасымен бірге, облыстағы медицина қызметкерлеріне арналған комбинезон да тігіп жатыр.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті қазіргі қиын кезеңде коронавирус инфекциясымен күреске көмектесуге шақырған болатын. Біздің кәсіпорында 20 тігінші тәулігіне 800-ге дейін қорғаныш маскасын тігеді. Бүгінге дейін 12 мың данадан астам маска дайындалды. Олар мұқтаж жандарға тегін таратылуда. Сонымен қатар, ауруханалардағы дәрігерлерге де бір реттік қорғаныш комбинезонын да тігеміз,-дейді Болатбек Төлеубек.

Маскалар еріктілер ұйымы мен әлеуметтік қамсыздандыру басқармалары мен бөлімдері арқылы таратылуда. Сондай-ақ,  облыста жеке кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен жекелеген азаматтардың тігіп, сатып жатқан маскаларына мониторинг жүргізілуде. Қазір облыста шамамен күніне 25 мың маска тігіліп, сатылуда.

 

Жолдасбек Көшербайұлы