Аталған заң жобасы Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Бұл құжатты депутаттардың назарына Әділет министрі Марат Бекетаев ұсынды. Оның айтуынша, заң жобасында партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квотаны қарастыру ұсынылады. Осы мақсатта Сайлау туралы Конституциялық заңда әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылады.
– Жалпы, бүгінгі таңда әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдауда. Партиялық гендерлік квоталар Еуропа елдерінде қолданылады және осындай ережелер Германия, Норвегия, Франция және Бельгияда кеңінен таралып, сайлау туралы заң деңгейінде бекітілген. Осыған орай халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Осы бөліктегі заңнамалық түзетулер, қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды шешу үшін қабілетті жастарды да саясатқа белсенді тартуға мүмкіндік береді, – деді М.Бекетаев.