«Саяси партиялар туралы» Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Мәжіліс депутаттарының алдында баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаев заң жобасы саяси партияларды құру тәртібін жеңілдететінін, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізетінін атап өтті.
– Заң жобасымен саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету ұсынылады. Бұған қоса Заң жобасымен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде отыз пайыз мөлшерінде квота енгізу туралы түзету бар. Бұл жаңа қаралған сайлау туралы Конституциялық заң жобасының ережелерін іске асыруға бағытталған. Ұсынылып отырған құжат әртүрлі алаңдарда мақсатты топтармен қаралды. Атап айтқанда, заң жобалары Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жекелеген мүшелерімен, жастармен және саяси партиялардың өкілдерімен кеңінен талқыланды. Жалпы, осы заңнамалық бастамалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене қатысуға, сондай-ақ көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға оң ықпал етеді, – деді М.Бекетаев.