Аймақтар • 22 Сәуір, 2020

Атырау: 422 шақырым жолды жаңғыртуға 34 млрд теңге бөлінді

677 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Атырау облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 422 шақырым жолды қайта жаңғыртуға  34 млрд теңге бөлініп отыр.

Атырау:  422 шақырым жолды жаңғыртуға 34 млрд теңге бөлінді

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша,  қайта жаңғыртылатын жобалар қатарына «Қандыағаш-Мақат» және «Атырау-Астрахань» бағытындағы жол құрылысы кіреді. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған «Қандыағаш-Мақат» тасжолының 145 шақырымында қозғалысты жыл соңында ашу жоспарлануда.

Ал ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау-Астрахан» (Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі) жол учаскесінде ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Бүгінге дейін жобаның 217 шақырым учаскесіне қатысты мердігерлік ұйымдармен келісім шарттарға қол қойылып, дайындық жұмыстары жасалуда. Халықаралық автомагистральдің қалған 60 шақырымын жөндеу  республикалық бюджеттен бөлінетін қаржымен жүзеге асырылады. Оны жыл соңында пайдалануға беру көзделіп отыр. Екі бағыттағы жол құрылысы жұмыстарына 600 адам, 382 арнайы техника тартылған. Сондай-ақ, жол құрылысына қажетті  300 кәсіби маманды дайындау жоспарлануда.

– Өткен жылы жергілікті 37 елді мекенде 230 шақырым жол жөнделді. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 9 млрд, ал, жергілікті бюджеттен 30,2 млрд,  барлығы 39,2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жолдардың жағдайы 57 пайызға жетті. Ал, 2018 жылы бұл көрсеткіш 54% болатын.

Ал «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұзындығы 87 шақырымды құрайтын «Индер-Қарабау» жолын қайта жаңғырту, сондай-ақ,  «Ганюшкино-Приморье-Утеры» жолының 26 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жалпы 2020 жылға жол құрылыс жұмыстарына 41,1 млрд. теңге бөлінген. Оның республикалық бюджет - 26,4 млрд теңгесі –республикалық бюджеттен, ал, 14,7 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылды.  Оған 180 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар қала және ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарға 4500 адамды тарту көзделуде, -деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көлік инфрақұрылымы бағытындағы аталған жобаларды жүзеге асыру үшін бекітілген меморандум бар. Соған сәйкес, жылдың соңында жергілікті маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 61%-ға жеткізу жоспарланып отыр

 

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ