Мерейтой құшағындағы Ақтауда «Жұлдызды он күн» басталды. Қайырымдылық пен мейірімділікті, салауаттылықты, ән-жырды, поэзия кешін, түрлі жәрмеңкелер мен акцияларды, жиындарды, көрмелер мен ғылыми-танымдық шараларды тізбектеген он күн қайырымдылық шарасымен басталды.
Мерейтой құшағындағы Ақтауда «Жұлдызды он күн» басталды. Қайырымдылық пен мейірімділікті, салауаттылықты, ән-жырды, поэзия кешін, түрлі жәрмеңкелер мен акцияларды, жиындарды, көрмелер мен ғылыми-танымдық шараларды тізбектеген он күн қайырымдылық шарасымен басталды.
Бұл күні қаладағы жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі балалар қолынан шыққан дүниелер көрмесі ұйымдастырылды. Әрқайсысы тағдырдың әртүрлі тауқыметіне тап келгенмен, өзінше ойлау, дүниені тану, өнер әлемімен сырласу мүмкіндігі бар олар өз қабілетін сырлы бояуға, әшекейлі бұйымдарға, қолдан өсірілген алуан гүлдерге жұмсапты.
Шараны ұйымдастырушы Ақтау қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры К.Айтбатырованың айтуынша, орталықтың 8 бөлімшесінде жалғызілікті 640 қарт, ақыл-есі кем, қимыл-тірек органдары жұмыс істемейтіндерге арналған 2 бөлімшеде 162 бала есепте тұрады екен. Жасанған көрмедегі бұйымдар – осы жандардың қолынан шыққан туындылары. Облыс пен қаланың мерейтойына арнап, әрі сауда-саттықтан түскен қаржы орталыққа, өнер иелеріне материалдық көмек болсын деген мақсатта ұйымдастырылған көрмені тамашалаушылар аз болған жоқ.
– Үйде отырған мүмкіндігі шектеулі жандардың ортадан оқшауланып қалмай, өнермен жақын болуы қуантады. Олардың әрбір еңбегі – ерлік, ал ерлік бағалануы тиіс. Сондықтан, олардың көрме-жәрмеңкесін тек қала мерейтойы қарсаңында ғана емес, алдағы уақытта тұрақты өткізіп, туындыларды тұтынушылардың сатып алуына мүмкіндік жасаймыз, дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтизаров.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.