Бүгін, 22 сәуірде Алматыда 693 адамда коронавирустық инфекция табылса, оның ішінде 383 адам мегаполистегі медицина саласының өкілдері, ал оның ішінде 286 адам Орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерелрі болып табылады.
Қаланың жаңадан тағайындалған Бас санитар дәрігері медицина қызметкерлерінің жаппай вирус жұқтыруына байланысты эпидемиологиялық тексерулердің жалғасып жатқанын айта келе, Орталық қалалық клиникалық ауруханаға қатысты: «Бұл жерде аурухананың инфекциялық ауруларды емдеуге рұқсаты болмаса да, ем жүргізгені анықталды. Ең бірінші жұқтырған адамды да таптық. Инфекция алдымен диагностикалық бөлімнен тараған деп тұспалдап отырмыз. Ең бірінші ауырған адамдар осы жақтан шыққан. Осы жерге КТ, УЗД жасауға келген адамнан оның қасында жүрген медбикеге жұққан. Ол пациенттің отбасындағы 13 адам түгел тексерілді. Бірақ олардың вирус жұқтырғаны зертханалық тұрғыда расталмады», – деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитардың сөзіне қарағанда, бұл ауруханада коронавирус жұқтырған науқастар оқшауланған. Мемлекеттік мекемелерге хабарламастан қабылдау бөлімінде пневмонияға шалдыққан 5 төсек орыннан артық изолятор ашылған.
«Осы қызметке арнаулы рұқсаты болмаса да аталмыш аурухана инфекциялық науқастарды емдеген. Қабылдау бөлімінде науқастарды оқшаулаған. Бейнекамерадағы кадрларға сенсек, қызметкерлер аурухананың ішінде қорғаныс құралдарынсыз емін-еркін аралап жүрген. Бұның барлығы жаппай жұқтыруға әкеледі. Қазір бөлімдердің барлығы оқшауланды. Енді осыдан кейін жұқтыру көрсеткіші азаяды деп ойламыз», – деді Жандарбек Бекшин.
АЛМАТЫ