Коронавирус пандемиясына байланысты көптеген ел қақпаларын тарс жауып, әрі-бері қатынаудың біршама қиындап қалғаны рас. Осындай қысылтаяң сәтте сыртта жүрген кейбір студенттеріміз Отанына орала алмай қалды. Әрине әр қазақстандықтың қай жерде болса да еліне қайтып оралуына құқы бар. Кімге келуге болатынын, кімге келуге болмайтынын олар өздері шешсе керек. Бұл орайда Қазақстан Үкіметі әртүрлі мақсатпен шет мемлекеттерге шыққан азаматтарын елге жеткізіп алу ісіне жоғары мән беріп отыр. Оның ішінде әсіресе шетел оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің жағдайын бір сәт те назардан тыс қалдырған емес. Яғни Қазақстан өз азаматтарының елге оралуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.
Міне, осы аптада Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер елге қайтты. Нақтырақ айтсақ, 21 сәуір күні таңертең Мәскеудегі Қазақстан Республикасының елшілігі ғимаратының алдынан бес автобус жолға шықты. Автобустарда коронавирус пандемиясына байланысты Ресейден шығып үлгермеген 250-ден астам қазақстандық студент бар.
Көлікке мінерде студенттердің барлығының дене қызуы өлшенді. Ресей Федерациясы Жол қозғалысы қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясы және Қазақстан елшілігі қызметкерлерінің бастауымен барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, автобустар қазақ-ресей шекарасына қарай бет алды. Шекарадан өткеннен кейін Ор және Әлімбет өткізу бекеттерінде жастарды Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері күтіп алады. Туған елге қадам басқан жастардың барлығынан коронавирусқа байланысты тест алынатын болады.