Қазревком, яғни сол кездегі аударма бойынша «Қазақ аймағын билейтін кіндік мекеме» Орынборда орналасқан, ал болашақ Қазақстанның Ақмола және Семей облыстары ол кезде Омбы төңкеріс комитетіне (ревкомына) қараған ғой. Сондықтан Омбыдағы Мағжан бастатқан қазақ зиялылары сол қалада татарша шығып жатқан «Азад Сібір» газетінің баспаханасында «Русия коммунистер партиясының Омбы уалаят комитеті жанындағы мұсылман секциясы һәм Омбының төңкеріс комитетінің» органы «Кедей сөзі» газетінің бірінші санын 1920 жылғы 22 ақпан, жұма күні жарыққа шығарды.
Қазақ газетінің бірден қалыптасып кетуі оңай болмаған. Алғашқы саны екі бет болып шыққан газетке: Редактор Мұқан Әйтпенов деп қол қойылған. Бірінші беттегі «Қазіргі хал» деген бас мақалада, тақырыбынан көрініп тұрғандай, сол кездегі Ресей мемлекетіндегі әлеуметтік саяси жағдайларға шолу берілген. Мысалы, «Соңғы 2-3 жыл ішінде дүние жүзіндегі, Русия патшалығындағы халық қолына хурият еркіншілік тигеннен кейін, дүние жүзіне, ойда болмаса келтіре алмайтын еркіншілікті орнатып тұр, – деп бастаған автор, – Бұл не деген еркіншілік?» деп сұрақ қойып, өзі жауап береді. 1917 жылы 25 октябрьде Мәскеудегі саяси басшылар қызыл қанға боялып билікті жұмысшы, еңбекшілерге алып беріп, большевик программасын жүргізіп еді. Халық ондайын жарылқасынға көктен түскендей болған соң, анық түсіне алмады. Біраз заман ішінде айырылып қалды. Айырылып қалғандығының мәнісі – арамыздағы бұрынғы байлар, төрелер, казак-орыс офицерлері ішінен тынып, өздері бұрынғыдай аттап-бұттап жүре алмаған соң, құпия қол – әскер сайлап, чехтарды жалдап алып, біздің қанша сабаз басшыларымызды жау жері майданда, онан соң острогтарда атып, тамақсыз аштан қатырып, суық үйлерге қамап, ауру-хисапатқа шалдықтырып өлтірді...».
Автордың сөз саптасы, жалпы сауаты мен білім деңгейі төмен екені «М.Айтпенов» деп қол қойған басқа жазғандарынан да байқалады. Осы газеттің 1921 жылғы төртінші санында «Мұқан Әйтпеновтің қырсығы» деген көлемді сын мақалада редактордың бұрынғы жағымсыз іс-әрекеттері әшкереленіп, қызметін сынайтын көптеген мысалдар келтірілген. Біздің білетініміз: Мұқан Әйтпенов «Үш жүз» аталып, өзін социалиспіз деп жариялаған Көлбай Тогысов (Төгісов, кейде Төлеңгітов.-авт.) тобынан болатын. 1918 жылы көктемде Омбыда Мағжан Жұмабаевты түрмеге қаматқандардың бірі. Енді, міне большевиктер билікке келгенде «Кедей сөзі» газетінің алғашқы редакторы екендігі көрінді.
Алайда, газеттің екінші санынан бастап, редактордың аты-жөні аталмай, «Шығарушылар алқасы» деп шыға бастады.
«Кедей сөзінің» екінші саны 1920 жылғы 8 наурыз күні шықты. Бірінші беттегі «Теңдік» деген бас мақаланы Мағжан Жұмабаев жазған. Оның авторлығы сөздік қоры, қайталанбас жазу стилі, қол қойып бастырған басқа материалдармен салыстыру үстінде анықталды. Мысалы, мақала былай басталады: «Өмір бойы, қорлықта, зорлықта, тепкіде жүрген қазақ, 1917 жылғы өзгерісті үлкен бір той секілді қарсы алды. Бірақ, ол той көпке созылмады. Орыстың өңшең байларының, помещик, фабриканттарының үкіметі жақсылықпен туған өзгерісті жамандыққа айналдырды. Бұрын кемдікте жүрген халықтар теңдік сұраса, «ертең құрылтай жиылысында аласың» деп, алдандырып, ол Құрылтай жиналғанша, өзі де жоқ болды...»
Мазмұны жағынан бұдан бұрынғы бірінші санда шыққан «Қазіргі халдағы» жазылғандарды қайталайды, бірақ, ықшам, түсінікті, саяси сауатты сөйлемдердің мүлде басқа қолдан шыққаны көрінеді.
«...25 октябрьде Россияда өкімдік орыстың кедейлерінің, жұмысшы табының қолына тиді. Бірақ қолынан билік кеткен соң, ақшасы, фабрика, зауыттары түгел – кететінін біліп, елдің жуандары, оқалы, шенді жандаралдары, жылы орнынан айырылған жылтыр түйме төрелер тек жатпай, 1918 жылы Сібірде қайта төңкеріс болды. Билік орыстың төрелеріне, жандарал, байларына қайта көшті.
Өткен дәуренін іздеп, шет жұрттарды құл қылып аяғының астына басқанын сағынып, «мақсұдым ұлығ [бөлінбейтін] бүтін Русияны туғызу» деп патшасынған Колчак шықты. Қазақтың кең даласында баяғыдай маңдайы жылтыраған урядник, найзасы қылтыңдаған карательный отряд көрінді. Ежелден сотқар туған – орыстың сары бауыр қамшысы тағы да момын сорлы қазақтың арқасына шыпылдай бастады».
Ал енді қазақ! Кім жақсы, кім жаман? Өз көзіңмен көріп отырсың. Сондықтан, біз... залымдардың сөздерін сөйлемейміз. Теңдікке жеткізетін ақжүрек, адал ниеттілердің сөздерін сөйлейміз. Осы күні совет өкіметі өзіне тілектес, көмектес болған кішкене жұрттарға теңдік, автономия беріп отыр. Мысалы, қазан татарлары, башқұрт, ноғай,Түркістандағы сарт, түрікпен ағайындарымыз... Енді теңдік табанақы, маңдай терімен күн көретін, күс табан, сүйел қолды кедейлердікі. Бұрын теңдік қылт-жылт етіп жорғалаған кәззәптікі болса, енді теңдік зияны жоқ момындікі! Бұрын теңдік жуан аталынікі болса, енді теңдік жіңішке аталынікі.
Мағжанның көсемсөз үлгісінен алынған осы және бұдан кейінгі мысалдар оның совет өкіметі түріндегі жаңа биліктің сипатын қалай түсініп, қалай насихаттағанын, жан-тәнімен қорғағанын көрсетсе керек.
Жалпы, ақынның сыншылары да, оны мақтаушылар да шындыққа жете алмаған. Мағжан есіміне қоса айтылып жүрген: «Ескі хандық дәуірді аңсаушы, байшыл, прогресс атаулыға қарсы, орысқа қарсы, Колчакты мақтап өлең шығарған, діншіл, жылауық ақын... деген сияқты жамау-теңеулердің түп-түгел жалған, сыпайылап айтқанда ешбір негізі жоқ жала екенін көресіз. Ең алғаш рет Мағжанға жала жапқан Сабыр Шәріпов, одан кейін қазақтың аты мәлім ақын-жазушы замандастары.
Мағжан Жұмабаевтың қоғамдық-саяси көзқарасын түсініп, лайықты баға беруде оның мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген мақалалары нақты дерек, боямасыз шындық екеніне көз жеткізу қиын емес. Және де, ескерте кету керек, Мағжан сияқты өмірдің ащы-тұщысын көрген, сергек ойлы қаламгердің жазғандарын заман ырқына қарай бейімделгіш, солқылдақтың, пайда ойлаған есепқойдың ой-пікірі деп әсте ойлауға болмайды.
Совет билігінің қазақ даласына орнай қалуы оңай болмағаны белгілі. Мағжан әр мақаласында өз қандастарының көңіл түкпіріне үңіле отырып, шындық неде? деген сұраққа жауап береді. Тұрмыста қиындық болмай қоймайды. «Бар айыпты, бар жаланы Советке жабатындар – баяғыны көксейтіндер һәм кеудесінде соқыр сезім де жоқ, саңылаусыз соқырлар. Шынында қазақ тұрмысында болып жатқан һәм болғалы тұрған өзгерісте де, әсіресе, әйел мәселесінде Совет үкіметінің «айыбы» қанша екен. Соны тексеріп, бағалық», деп бастаған ақын «Жәжеке» деп қол қойған «Ұғылмай жүрген мәселе. Әйел мәселесі» деген мақаласында «Қазақ автономиясы» деген не екенін қалың қазаққа санамалап отырып, талдап береді. Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын құру жөнінде арнайы Декрет 1920 жылғы 26 тамызда дүниеге келді. Қазревком 1920 жылғы 4-12 қазанда Қазақстан советтерінің құрылтай съезін өткізді де, өкілеттігін тоқтатты. Съезд Қазақ Республикасы еңбекшілері құқықтарының декларациясын қабылдады. Декларацияда Ресей Федеративтік Республикасының құрамында Қазақ Автономиялық Республикасының құрылғаны конституциялық тұрғыда жария етілді. Республика азаматтарының негізгі құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік билік органдары, сайлау жүйесі мен оның принциптері, жер саясаты, соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің жүйесі белгіленді.
Бұдан былай, «Кедей сөзінің» жаңа кезеңі басталады. Газет енді Автономиялы Қазақ Республикасының Сибревком жанындағы өкілдігі атынан шыға бастайды.
1920 жылғы 27 қазанда Қазақ Орталық Атқару комитеті төрағасының орынбасары Жанайдар Сәдуақасов Қазақ АССР астанасы Орынбордан Омбыға, сондағы Сібір ревкомы жанындағы қазақ өкілдігіне жеделхат жолдады. Жеделхаттың мәтінін толық келтірсек, сол бір аумалы-төкпелі кезеңнің жағдайынан біраз хабар алуға болады. (Жеделхат орысша жазылған, қазақшалап беріп отырмыз.– авт.).
«Таяу арада Мәскеуде Ақмола және Семей облыстарын Қазақ республикасына берудің мерзімі мен бұл жұмысты ұйымдастыру тәртібіне байланысты келіссөз жүргізілмек. Сондықтан халықты Қазақ республикасының құрылғаны туралы кеңінен құлақтандыру қажет. Ол үшін газеттер, листовкалар шығару және басқа да амалдар пайдаланылсын. Қазақ Орталық Атқару комитетінің жеделхаттарын, өздеріңіздің ресми үндеулеріңізді көшіріп басыңыздар. Қазақ автономиясының мақсаттары мен міндеттері жайында бірнеше листовка шығарыңыздар. Губерниялардағы, уездердегі, ауылдар мен деревнялардағы күштерді неғұрлым кеңінен пайдаланыңыздар...».
Осы жеделхатты алған Сибревком жанындағы Қазақстан өкілдігі (дәлірек айтқанда өкілдікке қатысы бар қазақ зиялылары.-авт.) Ресей компартиясы орталық комитетінің Сібір ұйымдастыру бюросынан қазақ тілінде газет шығаруға рұқсат сұрайды. Партия органы қазақтардың бұл тілегіне байланысты мынадай қаулы алған:
«Қазақ ССР өкілдігінің қазақ тілінде бюллетень шығаруға рұқсат сұрағанына байланысты: қазіргідей қағаз тапшы болып отырған жағдайда жеке газет шығару мүмкін емес деп есептелсін. Өкілдік мұсылман секциясымен бірлесіп, қазақ газетінің таралымын екі мың данаға дейін көбейтуіне рұқсат берілсін».
Бұл арада «мұсылман секциясының газеттері» деген ұғым Омбыда, Сибревком мен партия комитетінің мұсылман тобы атынан шығып тұрған татарша «Азад Сібір» және қазақша «Кедей сөзі» екенін түсінген жөн.
«Теңдік» деген тақырып қойып Мағжан жазған бас мақалада: «...Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді. Құл емес, ұл боламыз» деген тәтті үміт, асыл арманға толы жолдар газет шығарушылардың болашақтан не күткенін анық көрсетсе керек.
1921 жылғы 21 ақпан күні «ҚССР-дің Сибревком жанындағы өкілдігі мүшелерінің және газет һәм әдебиет істеріне белсене қатысушылардың мәжілісі болды. Онда «Жұртшылықты Қазақ республикасы туралы кеңінен құлақтандыру үшін өкілдік жанынан әдеби алқа құру, газетті пайдалану, листовкалар шығару. Қазақ Орталық Атқару комитеттерінің жеделхаттарын және өкілдіктің ресми хабарларын көшіріп басу, бұл мақсатқа губерниялардағы, уездердегі, ауылдар мен деревнялардағы күштерді кеңінен пайдалану туралы» шешім қабылданды. Әдеби алқа құрамында Бородихин – редактор, Мағжан Жұмабаев, Айбасов, Әйтиев, Серкебаев, Кемеңгеров, Фазылов, Асылбек Сейітов, Кәкенов, Телжанов, Тоқпанов болды. Осы арада қазақ газетінің «редакторы Бородихин» болуының себебін, ол кезде баспасөз құралдарының қашан да партия бақылауында екенімен түсіндіреміз.
Омбыдағы Қазақ өкілдігінің атынан, яғни жаңа құрылған Қазақстан Республикасының атынан «Бостандық туы» газетінің тұңғыш саны 1921 жылғы 7 наурыз күні жеке үндеу-хат түрінде, 4 мың дана болып басылып шықты. Осы газетте Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Мендешевтің «Қазақ жолдастарға!» деген үндеуі жарияланды. Қосымша ретінде «Қазақ әйелдеріне!» деген үндеу бір мың дана болып басылып, әйелдер бөлімінің меңгерушісі Голубеваның атымен, араб әлібімен жеке парақ түрінде таратылды.
Осылайша «Бостандық туы» екі түрлі болып жарық көрген. (Ал нағыз Бірінші саны туралы деректер төменірек беріліп отыр).
Газетті Омбы губаткомынан алып, қазақ өкілдігіне беру мәселесі де бірсыпыра әуре-сарсаңмен шешіледі. Құрылтайшысы өзгергендіктен редакция алқасы бұрынғы «Кедей сөзі» атауынан бас тартып, газетті «Бостандық туы» деп шығаратын болады. Сонымен 1921 жылғы 5 наурыз күні Омбының көркемөнер мектебінің шеберханасында газеттің жаңа бас тақырыбы цинкке ойылып жазылды.
«Бостандық туының» бірінші санының бірінші беті былай жасалған: Шыға бастады 1921 ж. март 19-нда. «Басқармадан. Осы уақытқа дейін шығып келген «Кедей сөзі» газетасы тоқтап, оның орнына Сибревком қасындағы Қазақ Жұмхұриятының уәкілдігі атынан бұдан былай «Бостандық туы» газетасы шығатын болды. Газета мақсұты, тұтынған жолы халықты осы күнгі саяси ретпен тәрбиелеп һәм Совет үкіметінің жалпы жұмысымен таныстыру. Одан басқа өте ескеретін жұмысының бірі – Қазақтың Кеңестік Жұмқұриятының қазақ халқы туралы істеп жатқан жұмыстарымен, заңдарымен таныстырмақ.
Қазақ арасындағы хат білетін азаматтардан халықтың мұң-мұқтажы турасы, шаруасы турасы, ел арасындағы әрбір маһкәмәләрдан шығып жүрген қызмет иелерінің, істеп жүрген тәртіпсіздігі туралы басқармаға білдіріп тұруын өтінеміз. «Бостандық туы» бұрынғы «Кедей сөзі» газетасының барып тұрған жерлеріне жіберіліп тұрады».
Газетке сөз жазушыларға адрес мынау: Омск. Сибревком. Представительство КССР. 3-й этаж, 4-комната, для редакции «Бостандық туы».
19 наурыздағы санында Ақмола және Семей облыстарын Сибревкомның қарамағынан алып, Қазақстанға қосу үшін Үкімет комиссиясы келе жатқаны хабарланды. Ақмола губерниялық ревкомына төраға болып тағайындалған Әбдірахман Әйтиев баспасөз арқылы жас Қазақ республикасын нығайту жөніндегі шараларды жария етті.
Айта кету керек, бұл «Коммунистерсіз совет өкіметі үшін» деген ұранмен басталған атақты «Сібір көтерілісі» Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Атбасар уездерінде совет-партия ұйымдарын талқандап, коммунистерді қырғынға ұшыратқан кез болатын. Осынау қантөгістің Қазақ республикасын құруға бөгет болып, қазақ емес ұлттардың бас көтеруі екенін түсіндіріп, қандастарын сақтандырған Мағжан газеттің осы бірінші санына «Қазақ еңбекшілеріне» деген тақырыппен бас мақала да бастырды:
«...Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет Үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы!»
Осы газеттегі мына хабарды да дерек ретінде келтіруге болады. Онда «Қазақстан Республикасының халық ағарту комиссары һәм Госиздат қасындағы жазушылар ұйымының мүшесі Ахмет Байтұрсынұғлы өткен ғинуардың 13-де Орынбордағы зиялы қазақ азаматтарын жиналысқа шақырып, 2-буын мектептері үшін оқу-құралдарын даярлау үшін кеңес ашқандығы» хабарланған. Мәжіліске Елдос Омарұлы, Хайриддин Болғанбайұлы, Смағұл Садуақасұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Садуақас Сейфоллаұлы, Ғалихан Бөкейханұлы, Сабыр Айтқожаұлы һәм басқалар қатысқан.
Мәжіліс бастығы Ахмет Байтұрсынұлы, хатшы Биахмет Сәрсенұлы. Мәжіліс баяндаманы тыңдағаннан кейін қарар шығарды:
- Жоғарыда айтылған азаматтардың оқу құралдарын орысшадан қазақшаға аударту жұмысын кірістіруге;
- Осы жұмыс үшін Мағжан Жұмабаевты, Маннап Тұрғанбайұлын, Хошмұхаммет Кемеңгерұлын, Жұмағали Тілеуліұлын, Сейтбаттал Мұстафаұлын тағы да осылардай ризалығын білдірген азаматтарды қызметке шақыруға...» Одан әрі қазақ мектептері үшін оқулықтар әзірлеудің шаралары баяндалған.
«Бостандық туының» 1921 жылғы 3 сәуірдегі екінші санындағы «Екіден – бір» деген мақаласын Мағжан былай аяқтайды:
«...Сондықтан, біздің алдымызда екі ғана жол бар. Азаттық, не құлдық. Не совет бостандығы. Не Николай Колчактың құлдық қамыты. Міне, қазаққа осыны ұғатын мезгіл жетті. Әрелікті мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көрсеткендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов секілді қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді: қатарға кір, ел бол деп, құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин жолы».
Осы кезде жаңа құрылған губернияның «Бостандық туы» газеті редакциясын Петропавлға көшіру, осындағы баспахананы қалпына келтіру, қағаз іздеу, Тұрлыбаевты, Көкеновті, Арыслановты, Юсуповты, Итбаевты, Әбдірахмановты, Бұлғақбаевты, Олейниковты – жазу машинкасымен, Жұмабаевты баспа жабдықтарымен жіберу мәселесі қозғалады.
Мағжан Петропавлға 1921 жылғы 5 мамыр мен 1 маусым аралығында келген. Содан бастап, 1922 жылғы мамырдың басына дейін газетте, одан кейін төрт ай «Аш-арықтарға көмек көрсету» ұйымында қызмет етті...
* * *
...Әлқисса, жазықсыз жапа шегіп, жарық дүниеден үмітін үзген Мағжан ақынның бізге тапсырып кеткен аманаты мынау еді:
Жазғанымды жайып сап, Екі жар ғып санашы!
Сол аманатты орындау біздің үлесімізге тиген екен. Мағжан Жұмабаевтың бұдан 100 жыл бұрын жазғандарын ақтарып, алдымызға «...жайып сап, екі жар ғып санап» отырмыз.
Мағжан Жұмабаев байлардың ақыны, феодалдық өмірді көкседі, контрреволюционер, тіпті орыс атаулыға қарсы (сепаратист) деуге дейін барған біз емес, біздің алдымыздағы ұрпақ. Бізді ондай ұшқарылықтан құдай сақтаған. Қоғам дамуының заңдылықтарын түсінбеген, жалаң ұраншыл, оңы мен солын айыра білмеген, сол қараңғылықтан барып, жалақорлыққа душар болған. Олар Мағжанды түсінгісі келмеді. Тіпті Мағжанның мына жазғандарын оқыса да, оқымаған болып, көрсе де көрмеген болып, шындықтың бетіне тура қарай алмай, соқыр сенімге беріліп, өле-өлгенше Мағжанның әруағымен айқасып өтті.
Мағжан өлгеннен кейін 72 жылдан соң айтылып тұрған шындық осы.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты