Адамның алға қойған мақсат-мұраты кей сәтте өзгеше өріс тауып, өзгеріп жатады екен. Оңынан өзгерсе құба-құп. Назгүл Төлепбергенқызы 2004 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетін үздік аяқтады. Алдынан сара жол ашылып тұрғанын байқаған ол, жолының оңғарылатынына да іштей сенімі мол еді. Бір кезде армандай алыс жағалаудың бүгінгі күні жақындай түскенін сезетін. Олай болмағанда ше? Оқытушылар да талантты шәкіртінің алысқа баратынына бек сенімді. Ат-түйедей қалап кафедрада жұмыс істеуге шақырды. Жұлдызы жарқырап тұрған Назгүл Төлепбергенқызы тәрізді білімі тас жаратын талантты шәкірттер сирек қой. Кафедрада жұмыс істеп жүрген кезінде экономика мен қаржы саласының жілік майын шағып, әдістемелік нұсқаулықтар жазды. Оқу-құралдарының авторы атанды. Өйткені кез келгенді бақшасына түсірмейтін қиын ғылымның қыр-сырын қапысыз меңгеруді тұлымы желбіреген шақтан бері армандайтын. Қаншама уақытын осы ғылымды меңгеруге жұмсады. Кембридж қаласында да білім тәжірибесін байытты. 2009 жылы магистр атанды. Ғұламалар жазып кеткен қалыңдығы кереқарыс оқулықтарды, ғылыми зерттеулерді, түрлі болжамдар мен әдістемелерді басына жастап жатты десе де болады. Енді өз білгенін, тал бойына жинаған тамаша байлықтың бірі білім – кейінгі кемел жастың сүйегіне сіңірсе, мақсаты орындалардай.
Мынау жарық дүниеде талғамның тынысын тамыршыдай тап басу мүмкін емес екен. Жылдар бойы бар күш-жігерін, қажыр-қайратын аямай жұмсап, бір биігіне табан тіреген алғашқы мамандығын балалармен жұмыс істеуге алмастырған. Назгүл Төлепбергенқызына – бұл бір қызылды-жасылды қызығымен көңіл арбайтын, әр күні шаттыққа толы, әрқайсысы әлі ашылмаған аралдай нұрлы әлем екен. Ет жүрегі іңкәр сезімге толы жас ғалым сәби сезім шүпілдеген ертегідей ғажайып өлкенің өз тынысын, өз лебін солай сезінген. Жаратқан ием-ау, мына дүниеде сәбидің күлкісінен, былдырлаған үнінен, уылжыған дидарынан, қызығына тойдырмас қимылынан артық не бар екен?! Тек осы әлемнің кінәратын көргенде қолынан келсе, қыртысын жазып жібермек болып ұмтылған. Ал ол үшін жаңа әлемнің тыныс-тіршілігін жадына тоқу міндет. 2010 жылы «Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы» курсын тәмамдады. Жанға жайлы самал леппен жайқалған жауқазынның бойына дерт қалай құмар, дауасы қайда, емі не болмақ? Көзжанар отының кемуі дейсіз бе, тіл мүкістігі дейсіз бе, осы жерге үймелепті. Сәбиге ағзаны арашалап сылып тастамақ болған. Сол мақсат жетектеп Орал мемлекеттік университетіне әкелді. «Тілінде мүкісі балалармен жұмыс жүргізудің лого-педагогикасы мен психологиясы» бағыты бойынша.
Қаржыгер Назгүл Төлепбергенқызы балалар әлеміне көңілі құлағаны соншалық, өзге дүниені ұмытты десе де болады. Осы бір сиқырлы сәт ішкі иірімдеріне еліктіріп, жетектеді де отырды. Нақтырақ айтқанда, балаларға деген махаббаттың алапат күші шығар. Соңғы сегіз жыл ғұмырын ауылдағы балалар бақшасында тәлім-тәрбие алып жатқан балдырғандарға арнады. Былайғыға айқын көрінбегенімен, бұл жерде мәселе тұнып тұр. Тілі кеш немесе кем шығатын келеңсіз көрініс жылдан-жылға өршіп келеді. Алаңдатарлық жай. Оның ар жағында әр баланың тағдыры қылаң береді. Балалар бақшасындағы жөпшеңді адамның төзімі жете бермейтін қияпат қарекетпен алыса жүріп, салдардың себебін іздеуге жан-тәнімен тырысты. Бұл шын мәнінде алапат жұмыс еді. Әуел баста, жас ғалымның болашағынан, мүмкіндігінен хабардар болған кейбір замандастары түсінбестік танытқан. Алдыңнан жарқын жол ашылып, ғылымға барар биік қолсозым жерде ғана тұрғанда, балалар бақшасының бейнетіне батып нең бар еді дегендей емеуірін танытқан. Ал бұл болса періште әлемнің пендешілігін көріп, иманы қасым болған. Қиындық көп болғанымен, күресуге қажыры жететін еді. Өйткені тұла бойда табиғат сыйлаған талант бар. Талантты адам кез келген жерде де құрсауды бұзып шықпас па. Әлгі замандастары Назгүл Төлепбергенқызының бойындағы қарапайымдылыққа қайран қалатын. Жас ғалым ешқашан қолы жеткен табысымен көзге ұрып мақтанған емес. Мақтау сөз бөгде адамның аузымен айтылады. Мұны да тал бойындағы тамаша қасиеттің бірі деп қойыңыз.
Еңбек қашанда еленбек. Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл табаны тастан таймаған тарланбоздай нәтижелі еңбегінің жемісі. Ал халықтың алғысы тіптен керемет. Жеткіншектері балабақшада тәрбиеленетін ата-аналар «үлкен жүректі ана» деп баға берген. Сол үлкен жүрек жарық дүние есігін ашқаннан ақаулы екенін біреу біліп, біреу білмес. Денсаулығындағы аздаған кінәратқа қарамастан әр баламен жеке жұмыс істеп, әрқайсысының денсаулығын ойлап, еңбегін ел ертеңіне сіңіріп, болашақтың бағбаны атанып отыр. Мектепке дейінгі мекемелер ассоциациясының мүшесі ретінде балалар бақшаларының мүдделерін қорғау басты міндеті іспетті.
Күн астында жүргенімен, күрсінуге себеп көп. Жетім бала ет жүрегін сыздатады. Олардың да гүлдей жайнап өсуге әбден хақысы бар. Назгүл Төлепбергенқызы бар мүмкіндігін осы бағытқа да жұмсайды.
– Өзімді бақытты адаммын деп санаймын, – дейді Назгүл Төлепбергенқызы, – бала тәрбиесі үшін басты керегі – жан жылуы, шыдам мен қажыр-қайрат және төзім. Бір баланың анасы болу бақыт болып есептелсе, көп баланың анасы болу сол бақыттың еселенген түрі.
Адал еңбегінің арқасында риясыз, әдемі күлкі шүпілдеген болашақ баспалдағында келер күннің керегесін кеңейтуге қисапсыз еңбек сіңіріп жатқан ананың, ұстаздың ұстанымы осы.
Егеменді еліміз мәңгілік мұраттары жолындағы болашаққа беттеп барады. Болашағы баянды болуы үшін ескермегенге елеусіз болып көрінер ұлан-ғайыр жұмыс атқарып жатқан біздің кейіпкеріміз іспетті тәлімгерлердің тіршілігі мақтаулы сөзге қашанда лайық. Солардың ортасында, алдыңғы легінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасының жеңімпазы Назгүл Жәкенованың жүргені жарасымды. Олай болатыны, Назгүл өзінің жан жүрегінің шапағатымен балалар әлемін нұрлы әлемге айналдыруда.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы